Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Ата-аналар балаларын мектепке дайындаудың қамына кірісіп жатыр. Биыл 339 880 бала мектеп табалдырығын аттайды. Ендеше осынша бала алғаш рет мектеп формасын киеді деген сөз. Мектепке баратын уақыт таяған сайын ата-ананы ойландыратыны да осы – форма таңдау.
Елімізде мектеп формасына қойылатын арнайы бекітілген талап бар. Соған сай мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келуі керек. Оның үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады. Түстерді үш түстен асырмай қолдануға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады. Ұлдар – пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска кие алады. Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы керек. Ал қыздар – пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде, түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска кие алады. Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруға тиіс.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектеп формасы туралы мәселелерді талқылауға балалардың ата-аналары және өзге де заңды өкілдері, мектептің өзін-өзі басқару мүшелері, қамқоршылар кеңесі мен ата-аналар комитеті қатысады. Мектеп формасының фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен кеңесі айқындайды.
Сондай-ақ мектеп формасын таңдауда мата құрамына назар аудару талабы бар. Мектеп формасының матасы ретінде антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолдану ұсынылған. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалының Полимерлер мен басқа химиялық заттардың токсикологиясы референс-зертханасының меңгерушісі Назгүл Құсайынованың айтуынша, мектеп өнімдері Кеден одағының «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің барлық талабына сәйкес келуі қажет. Мейлінше жасалған материалдың құрамы, өндіруші компанияның атауы және оның мекен-жайы көрсетілген міндетті таңбасы бар өнімді алған дұрыс. Өйткені сертификаттың болуы өнімнің қандай да бір бақылаудан өткенін көрсетеді.
– Өздеріңіз білетіндей, қазір әр мектептің формасында өз ерекшелігі болады. Бірақ оған қойылатын негізгі талап бірдей. Киімнің қауіпсіздігін сипаттайтын төрт негізгі талап – гигроскопия, ауа өткізгіштігі, зиянды химиялық заттардың бөлінбеуі және бояғыштың тұрақтылығы. Гигроскопия – киімнің ылғалды жақсы сіңіру қабілеті. 7 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға бұл көрсеткіш жоғары болуы керек. 14-18 жастағы үлкен балаларға 6 шартты бірлік болуы мүмкін. Табиғи мақта-маталар мен зығыр маталардың ылғалды сіңіру қасиеттері жоғары. Мата 80-90 пайыз табиғи талшықтардан болғаны жақсы. Бұл киімнің қатты мыжылуынан сақтайды, оған көрнекі көрініс пен пішін береді. Әрине, синтетикалық матадан жасалған киімдер әлдеқайда арзан. Бірақ ол қойылатын талаптарға сәйкес келмейді, бала өзін жайсыз сезінеді. Баланың арқасы тез терлейді, өйткені синтетика ылғалды сіңірмейді, содан кейін жел соқса болды бірден суық тиеді, – дейді Назгүл Құсайынова.
Тағы бір көрсеткіш – киімнің ауа өткізгіштігі. Мамандардың айтуынша, бала өзін жақсы сезінуі үшін киген киімдері мақта, зығыр маталардан болғаны дұрыс. Ал синтетикалық талшықтардың тығыздығы өте жоғары болғандықтан, ауаны нашар өткізеді, қатты электрленеді және теріні тітіркендіреді, содан аллергиялық реакциялар, терінің қышуы, көздің сулануы пайда болып, баланың ұйқысы нашарлайды. Қазіргі балалар аллергиялық реакцияларға әлдеқайда сезімтал екенін ескеру керек. Өйткені нашар экология, дұрыс тамақтанбау салдарынан олардың иммунитеті әлсіреп кеткен.
– Сатып алар кезде өнімнің иісіне және бояудың тұрақтылығына назар аудару керек. Егер өнімнен белгісіз бір иісті сезсеңіз, бұл одан химиялық заттардың бөлінуінің дәлелі. Иіс неғұрлым күшті болса, олардың материалдағы концентрациясы соғұрлым жоғары болады және баланың денесіне теріс әсер ету ықтималдығы артады. Матадағы бояғыш тұрақты болуы керек. Тұрақтылығын киімді дымқыл шүберекпен сүрту арқылы тексеруге болады. Егер матаға бояу жұғып қалса, оның жақсы боялмағанын, теріге сіңіп, аллергиялық реакция тудыруы мүмкін екенін көрсетеді. Сонымен қатар бала мектеп формасын кем дегенде 5 сағат киіп жүретінін есте ұстаған жөн. Сондықтан киімнің өлшемін де дұрыс таңдау керек. Форма баланың қозғалысын шектейтіндей, тым тар болмауы керек, – дейді Назгүл Құсайынова.
Бағаларды салыстырып көріп едік, егер мамандар айтқан талаптарды сақтай отырып баланы базардан киіндірсе, шамамен 55-65 мың, сауда үйлерінен киіндірсе 100-130 мың теңге кетеді екен. Бұл бір оқушының ғана шығыны. Көп отбасында мектепке бір ғана бала бармайтыны белгілі. Мамандар базардан алатын киімнің сапасы жақсы бола бермейтінін айтса да, талапқа сай келетін сапалы форманы алуға әркімнің жағдайы келмейді. Одан қала берді әр баланың жазу-сызу құралдары бар, оған да 30-35 теңге кетеді. Кейбіреулер үшін бұл бағалар қолжетімді болса да, айлығы орташа жалақы мөлшеріне жетпейтін отбасылардың қалтасына қиын соғады. Әрине, кез келген ата-ана баласына барлық талапқа сай келетін ең жақсы форманы алып бергісі келеді. Бірақ оны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан көбіне көрпеге қарай көсілуге тура келеді.