• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Денсаулық 15 Тамыз, 2023

Ертіс-Баян өңірінде обыр өршіп тұр

232 рет
көрсетілді

Ақ желеңділерді қатерлі ісік ауруларының көбейе түскені алаңдатып отыр. Аяқ-қолы сау адамға обыр жабысса, айығуы екіталай. Дәрігерлер профилактикалық медициналық қаралу ауруды ерте сатысында анықтап, жеңуге болатынын айтады. Өкінішке қарай, әуелгі байлықтың маңызына уақытында ой жүгіртпей, кеш қалып жатқандар баршылық.

 

Ертіс-Баян өңір онкология сырқаты бойынша респуб­ликада үшінші орында тұр. Қоғам белсенділері мен медицина саласының өкіл­­­­дері мұны аймақтағы нашар эко­­логиялық жағдаймен байла­ныс­тырады. Өндірістегі алып кәсіпорындар, қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шыға­ра­тын еңбек ұйымдары мол шо­ғыр­лан­ған. Оның үстіне ке­зін­де аймақтың біраз бөлігі Семей полигоны аумағында болған­дықтан, қауіпті дерттің азаймай тұруына кезіндегі атом бомбасы сынақтарының зардабы да қырсығын тигізуде деп болжанады. Мұндай себеп-дәлелдерді көптеп келтіруге болады. Дей тұр­­­ғанмен, ақ желеңділер ке­­йін­гі жылдары онкологиялық ару­ларға қарсы күресте белгілі бір деңгейде жетістікке қол жет­кізіп отырғанын айтып өт­кен абзал. Жаңа медициналық жабдықтарды қолдану, ерте диаг­­ностиканы кеңейту есебінен онко­логиялық науқастардың бес­жылдық өмір сүру көрсеткіші 51 пайыздан 57 пайызға дейін өскен. Бұл – отандық медицина са­ласы үшін жаман көрсеткіш емес.

Дәрігерлер қауіпті ісік ауру­лары бойынша ахуалды бұ­дан да жақсартуға болатынын, тек бұл жерде азамат­тар­дың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру керек екенін айтады. Бүгінде Денсаулық сақтау кодексінің талаптарына сәйкес азаматтар өмір жасының әр кезеңінде әртүрлі дертті ерте анықтау мақсатында скринингке ша­қы­рылады. Бұл тексеру – ауру­ды алдын ала анықтап, оңтайлы емдеу әдісін таңдауға, уақтылы ем-дом қабылдауға көмек. Өңірде енгізілген «жасыл дәліз» қағидаты қатерлі ісікті дер уақытында айқындауға мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, осындай медициналық тексерулердің нәтижесінде жыл басынан өңірдегі 56 тұрғыннан онкологиялық дерт түрлері анықталған.

Облыстық онкологиялық диспансерде жылдың алғашқы жартысында 3,8 мың адам емделген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 800 емделушіге көп.

– Онкологиялық аурулардың құрылымы бойынша алып қарасақ, коллоректальды қатерлі ісікке шалдыққандар көш бастап тұр. Одан соң сүт безі обыры, өкпе, асқазан, жатыр мойнының қатерлі ісіктері де көбейіп келеді. Ал өкпе ісігіне шалдыққандар арасында өлім көп. Мұндай диаг­ноз қойылғандардың 17 пайызы дүние салған. Ал коллоректальды қатерлі ісікке шалдыққандар арасындағы өлім жағдайлары – 13,3 пайыз. Асқазан және сүт безі обыры мен ұйқы безінің қатерлігі ісігі бойынша да емделушілер арасында қайтыс болып кеткендер аз емес. Мұндай сұрықсыз статистика тұрғындардың диаг­ностика шараларына кеш келіп, ауруды өткізіп алуынан туындап отыр, – дейді Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева.

Жоғарыда атап өткендей, сүт безі, жатыр мойны және коллоректальды қатерлі ісіктерін ерте анықтау үшін медициналық скринингтер жүргізіледі. Биыл жеті айда сүт безі обыры бо­йынша 23 мыңнан аса әйел тексеруден өткен. Өкінішке қарай, 34 әйелден қатерлі дерт тіркелді. Скринингтің мұндай түрі 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер арасында жүргізіліп, тұрғындар төрт жылда бір рет міндетті түрде тексеріліп тұруы шарт. Ал жатыр мойыны қатерлі ісігі жөнінен 21 мыңдай әйелге диагностикалық тексеру жасалып, 11 адамда онкологиялық ауру анықталған. Ерлер мен әйелдер арасындағы коллорек­тальды ісікті анықтау бойынша тексерулермен 33 мыңнан аса азамат қамтылған. Бұл бойынша тағы 11 адамның ауыр дертке шалдыққаны тіркелді.

Жалпы, өңірде онкологиялық ауруларды ерте сатысында анық­тау тексерулердің 30 па­йызында мәлім болады екен. Республика бойынша ерте диагностикалау көрсеткіштерінің нәтижесі 30,3 пайыз болса, бізде ол 30,7 па­йызды құрап отыр. Дәрігерлер еңбегінің арқасында ағзасында дерт енді тарала бастаған азаматтар бақылауға алынып, сапалы ем-домның нәтижесінде ауруы­нан құтылып жатқандардың са­ны аз емес көрінеді.

Өңірлік онкологиялық дис­пен­сердегі ұйымдастыру-әдіс­темелік бөлімшесінің мең­герушісі Әсел Асқарова қазіргі күні емдеу ұйымында 13 025 адам арнайы медициналық тіркеуде тұрғанын жеткізді. Кейінгі 6 айда диспансерге жаңадан 1 254 адам тіркеуге алынған (өткен жылдың сәйкес кезеңінде 1 155 адам тұрған). «Коллоректальды және жатыр мойыны қатерлі ісіктеріне шал­дық­қандар жиі анықталып жатыр. Әйелдерде сүт безі обыры мен жатыр мо­йыны ісіктері, ал ер адамдарда асқазан және коллоректальды қатерлі ісіктері көп кездеседі. Жылдың алғашқы жартысында 1 273 адамда жаңадан қатерлі ісік анықталды. Тіркелген жайт­тардың басым бөлігі Пав­лодар қаласына қатысты, шаһар бо­йынша 708 адамның ауырғаны белгілі болды», дейді ол.

Атап өтерлігі, облыста былтырдан бері «жасыл дәліз» қағидаты жүзеге асып жатыр. Науқас адам мамандардан кеңес алып және амбулаториялық жағдайда қатерлі ісік болуы мүмкін деген күдікке ілінсе, ол түрлі тексерулерге кезектен тыс бағытталады. Барлық диаг­ностикалық анық­тау шаралар жиыны екі-үш апта көлемінде жүргізіледі екен. Бұл жаңашылдық қатерлі ісік диаг­нозын қою кезінде емделу­шілердің диагностикалық қыз­­меттерге қолжетімділігін арт­­тыруға мүмкіндік беріп отыр. Онкологиялық диспансерде «Ахуалдық орталық» жұмыс істейді. Орталық­тың күш-қимылы онколо­гиялық дерт­ті бастапқы медици­на­лық-сани­тарлық кө­мек дең­гейінде анықтап, нау­қастың маман­дан­ды­рылған меди­ци­налық мекемеге жеткізілуіне, одан әрі сапалы ем алуына бағыт­талған.

 

Павлодар облысы