Биылғы 16 ақпанда Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте туризм саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралып, осы саланы жетілдірудің жолдары нақтыланған еді. Ілкімді істе ілгерілеу байқала бастады.
Туризм индустриясы комитетінің бүгінгі мәліметінше, 2023 жылдың алғашқы тоқсанында елімізге келген шетелдік туристердің саны 2,3 есе ұлғайды. Биылғы қаңтар-наурыз аралығында елімізге 227,7 мың шетелдік турист келген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 130 мың адамға немесе 2,3 есе көп. 2022 жылы 97 мың шетелдік қонақ келген. Сонымен қатыр биыл ішкі туризмнің де көрсеткіші 20%-ға артыпты. Яғни биыл 1 млн 348 мың адам ел ішінде саяхаттаған.
«Былтыр елімізге 1 млн-ға жуық шетелдік турист келді. Биыл бұл көрсеткіш 1,4 млн-ға дейін өседі деп жоспарланып отыр. Бұл шетелдік қонақтардың елімізге деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Мәселен, жаз басталғалы елімізге келген шетелдіктер саны 3 есе артты», дейді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.
Туризм – табыс көзі. Қазір әлем елдері арасында табысының тоқсан пайызынан астамын туризмнен түскен қаражат қалыптастыратын елдер жетерлік. Мәселен, экономикасы туризмге тәуелді елдердің қатарында Грекия, Португалия, Испания, Италия бар.
Туризм индустриясы комитетінің мәліметінше, бұл саланы дамытуға қатысты республиканың негізгі 10 турстансасында инфрақұрылымдарды жаңғырту, сервис сапасын арттыру, халықаралық аренада еліміздің туристік әлеуетін ілгерілету және т.б. шараларды іске асыру көзделген. Атап айтқанда, Балқаш, Қапшағай, Алакөл және Баянауыл курорттық аймақтарына апаратын автожолдар салу және демалыс аймақтарын мобильдік байланыспен 100% қамту, Бурабай курорттық аймағында қажетті инженерлік желілер жүргізу, су қоймаларында қосымша суда құтқару стансаларын салу, т.б. іс-шаралар жоспарланған. Сонымен қатар жаңа әуе бағыттарын ашу, туристік қызметтерді цифрландыру, қонақүй бизнесінде және саланың басқа секторларында стандарттарды арттыру жөнінде жұмыс жүргізілмек.
Аталған мекеменің көздеген межесі 2030 жылға дейін барлық шараны іске асырудың нәтижесінде ішкі туристердің санын 11 млн адамға дейін, шетелдік туристерді 4 млн адамға дейін, салада жұмыспен қамтуды 800 мың адамға дейін арттыру, сондай-ақ Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингісіне сәйкес туризмді дамыту бойынша Қазақстанды әлемнің үздік 50 елінің қатарына қосу болып отыр.