• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Тамыз, 2023

Пойызға билетті «Күту парағынан» аласыз

277 рет
көрсетілді

Елдегі айналдырған 19 млн халықты теміржол қызметімен дұрыс қамтамасыз ете алмай отырған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына жолаушылар тарапынан айтылатын сын, артылатын өкпе өте көп. Сыннан қорытынды шығарған болар, компанияның билет алудағы жаңа қызметі жолдағы қауымды қанағаттандырғандай-ау. Оның дәлелі «Күту парағы» сервисі арқылы пойызға билет алғандарың саны жарты жылда 70 мыңға таяп қалыпты.

Халқымыздың басым көпші­лі­гі жолға шықса, негізінен пойыз­да жүргенді қолай көреді. Өйт­кені ол, біріншіден, жолаушы тасы­малының басқа көліктеріне қара­ғанда әлдеқайда қауіпсіз, екін­ші­ден қызмет ақысы Қа­зақ­стан халқының 90 пайызын құ­рай­тын қаратабан қарапайым жұртқа қол­же­тімді. Десек те жылдың басқа маусымынан алабөтен жаз мезгілі туғанда отандық пойызға билет алу деген қиямет-қайым екенін ел күнде айтады. Бірер ай бұрын ал­масаң, арзан билет аз күнде бал­панақтай болып, баға өсіп кететіні тағы бар.

Енді ел мұқтажына мән қой­ған «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы жаңа бір қызмет түрін ұсыныпты. Бүгінгі жолаушы жұрттың қолайына жаққан алақай жаңалық сол – «Күту парағы» сервисі.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жазға қарай күрт артатын жолаушы нөпіріне алдын ала қам жасап, қосымша вагондар шығарып, онлайн-билет сатылымы мен электронды билет кассалары, тағысын тағы сервистік қызметтерді жыл сайын арттырып келеді. Десе де билет тапшылығын ешқашан жоя алған емес. Есесіне кейінгі уақытта іске қосылған «Күту па­ра­ғы» сервистік қызметінің та­ны­малдығы артып, оны пайдаланатындар қатары соңғы кезде күрт артыпты.

Bilet.railways.kz сайтындағы осы сервистік қызмет арқылы елімізде биыл алғашқы жар­ты­жылдықта 70 мыңға жуық адам билет алыпты. Межелі жерге билет болмаған жағдайда осы сайттағы «Күту парағы» қыз­меті арқылы жөнелтілуіне 7 күн мерзімі бар пойызға билетке кезекке тұруға болады. Ол үшін аталған сайтта әр адам өзінің жеке кабинетін ашып, «Күту парағы» тетігін басады. Сосын өзіне қажетті бағдарды және жеке деректерін толтырып, өтінім жібереді. Жеке деректерінің ішінде телефон нөмірі міндетті түрде көрсетілуі керек. Себебі орындар босаған жағдайда жүйе өзі сол телефон нөміріне хабарлама жібереді. Ол хабарламада өтінім нөмірі мен қорғаныш коды жазылады. Сол сандарды жеке кабинетке кіріп, «Күту па­ра­ғы тарихы» деген жерді басу арқылы билет орнын брондай отырып енгізеді. Одан әрі билет қайта еркін сауда айналымына түсіп, кері кетіп қалмас үшін 1-1,5 сағаттың ішінде билетті онлайн түрде жылдам сатып алу керек. Келген бос орын бойынша билетті аталған мерзім ішінде кассаға барып та алуға болады.

«Осы жаз еңбек демалысында бас­қа қалаға саяхаттау барысында билет із­деп таппай, бірден осы қызметке жүгін­дім. Осылайша, бару билетімді жолға шығуыма 3-4 күн қалғанда тапсам, қайту билетімді пойызға отыруға бір күн қалған­да алдым. Екеуінде де СМС хабарлама телефон нө­мі­ріме 12-24 сағаттың ішінде келді. Осылайша, бұл қызметтің тиімділігіне көз жеткізіп, оны қалай пайдалану керектігі туралы бейнежазба түсіріп, оны әлеу­мет­тік желіге салдым. Көп адам­дар осы бейнежазбадағы менің нұсқаулығым арқылы билет алға­нын айтып, алғыс білдіріп жатты. Бұл жерде ғаламтор тілін терең білу­дің де аса қажеті жоқ. Сервис оңай жолмен билет алуға мүмкіндік бере­тіндей ойластырылған», дейді жо­лаушының бірі Райхан Рахметова.

Ендеше жолға шығарда пойыз­ға билет таппасаңыз, босқа қа­мықпай, «Күту парағына» тезірек тір­келу жолын табыңыз.