«Amanat» партиясының Абай облыстық филиалында облыс мәслихатының депутаты, облыстық мәслихаттағы «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының төрағасы Шағангүл Жанаеваның қатысуымен брифинг өтті.
БАҚ өкілдерімен кездесу барысында облыстық «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының атқарған жұмыстары, сайлауалды бағдарламаның орындалуы жайы баяндалды. Аймақта аталған партияның 10 филиалы (1 өңірлік, 9 аумақтық), 137 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді, олардың құрамында 23 708 партия мүшесі бар.
Бүгінгі таңда өңірлік Жол картасына партияның алдын ала міндеттемелерін іске асыруға бағытталған 157 іс-шара енгізілген. Шағангүл Алдамжарқызы фракцияның әрбір мүшесі Жол картаның орындалуын жіті бақылауына алғанын атап өтті.
«Басты мақсатымыз – «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру. Бағдарламаға түйткілді мәселелерді шешетін, халықтың жағдайын жақсартатын жүйелі іс-шаралар жоспары кірді. Абай облысы бойынша Сайлауалды бағдарламаның орындалуына жүргізілген талдауға сәйкес, 6 айда 157 іс-шараның ішінде – 4 (3%) орындалды, орындалу сатысында – 92 (58,5%), орындалу мерзімі әлі келмеген – 61 (39%) көрсетті. Атап айтқанда, Семей қаласының Қайнар ауылында 200 орынға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешені, Семей қаласында 150 орындық мүгедектерге арналған оңалту орталығы енгізілді. Сонымен қатар облыс орталығында фотовидеофиксация және бейнеаналитика жүйесі құрылып, 1 551 бейнекамера орнатылды. Көкпекті ауданындағы «Көкжайық ауылындағы су желілерінің құрылысы» нысаны енгізілді», дейді облыстық мәслихат депутаты Ш.Алдамжарқызы.
Бүгінде іске асып жатқан бірқатар партиялық жоба барын да атай кеткен жөн. «Amanat» партиясының «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра», «Еңбек адамы», «Халыққа көмек» және тағы да басқа жобалар рет-ретімен орындалып келеді. Мысалы, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары бойынша ЖОО түлектері жұмысқа орналастырылды, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігіне партиялық мониторинг жүргізіледі.
«Қазіргі уақытта партия депутаттары партияның Орталық аппараты мен өңірлік филиалдарының қызметкерлері, бастауыш партия ұйымдарының мүшелерімен бірлесе отырып, «Балаларды мектепке даярлайық!» акциясына белсене қатысып келеді. Бұл акция «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында осымен 13 мәрте өткізіліп отыр. Акцияның мақсаты – көпбалалы және аз қамтылған отбасылардағы балаларды жаңа оқу жылына дайындауға көмектесу. Іс-шара аясында ұрпақ болашағына бейжай қарай алмайтын азаматтар оқушыларға мектеп формасы, оқулықтар мен қажетті құралдар салынған рюкзактар тарту етті», дейді Шағангүл Алдамжарқызы.