Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының Мемлекеттік жастар саясаты мектебі аясында ұйымдастырылуымен Семей қаласында лудомания, нашақорлық және репродуктивті денсаулық салаларында кеңес беру бойынша жастар ресурстық орталықтары қызметкерлері мен жастар ұйымдарының мамандарына арналған үш күндік оқыту тренингтері өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биылғы жылы 1 наурыздан бастап күшіне енген заңға сәйкес Қазақстанда жастардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайтылғаны мәлім. Тағы бір айта кетерлігі, жастармен жұмыс істейтін мамандар лудомания, нашақорлық, репродуктивті денсаулық тақырыптарында жастарға кеңес беруге міндеттелгенін атап өту маңызды.
Еліміздің он аймағынан қатысқан жас мамандар семинар-тренинг барысында тәуелділік түрлері мен оның адам ағзасына және өміріне әсері туралы білді. Басты назар еліміздегі нашақорлық пен тәуелділіктің алдын алу механизмдерімен танысуға аударылды.