«Tasqyn» тәуелсіз анимациялық студиясы түсірген «Серіктес» фильмі тамыз айында Францияның Курсел-сюр-Мер қаласында өткен халықаралық «Animated Expressions Expo» фестивалінде қысқаметражды фильмдер аталымында бірінші орынды жеңіп алды.
«Серіктес» – жоғалған алқаны іздейтін екі детектив туралы фильм. Идея авторы және режиссері 28 жастағы Әкежан Данияр. Алғашқы эскиздерді режиссер ҚазҰУ Ұлттық өнер университетінде оқып жүрген кезінде салған. Идеяны «Tasqyn» анимациялық студиясына жұмысқа шақырылған соң жүзеге асыра алды. Қысқаметражды фильмді шығару үшін жарты жыл бойы 30 адамнан тұратын команда – суретшілер, аниматорлар, цифрлық суретшілер, дыбыс мамандары жұмыс істеді.
«Серіктес» фильмі арнайы фестиваль үшін түсірілгендіктен, оған дейін дайындалған мультфильмдер стиліне ұқсамайды. Ол достыққа, балалық шаққа және сағынышқа арналған. Мен мейірімді және жарқын туынды жасағым келді. Әр адамның балалық шағынан жылы естеліктері бар. Сол ыстық кезеңді фильмде сипаттауға тырыстым. «Серіктес» көрерменнің жан дүниесін қозғайды деп ойлаймын», дейді режиссер.
«Серіктестің» бұл жетістігі – «Tasqyn» студиясы үшін алғашқы жеңіс.
«Біздің студиямыздың міндеті – Қазақстандағы анимацияны жаңа деңгейге көтеру. Осы жанрдағы туындыларға халқымыздың бірегей мәдени мұрасы мен құндылықтарын енгізу. Біздің мультфильмдер балаларға да, ересектерге де қызықты болады деп есептейміз. Ал «Серіктес» талғампаз қазақ көрермендерімен қатар басқа да халықтардың арасында қызығушылық тудырды», дейді студия продюсері Еркежан Бекжігітова.
«Tasqyn» тәуелсіз анимациялық студиясы өз жұмысын 2022 жылы бастаған. Бір жылдың ішінде студия елдегі ең ірі анимациялық бірлестіктердің біріне айналды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған дарынды және шығармашыл 70 суретші студияның командасын құрған. Цифрлық суретшілердің жастары 17 мен 25 аралығында. Студияның youtube арнасынан көрермен жүрегін жаулап алған фильмдерін таба аласыз.