• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құрылыс 22 Тамыз, 2023

Күрежолға талап күшейіп тұр

154 рет
көрсетілді

Күрежолдың бойындағы күрмеу шешілсе, тіршіліктің тамыры да бүлкілдей түспек. Биыл өңірде автомобиль жолдары мен көше жол желісін салуға, кейбір телімдерді күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге 75,2 млрд теңге қарастырылған.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне қарағанда, бөлінген қыруар қаражатпен 311 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, облыстық және аудандық маңызы бар мың шақырымнан аса автокөлік жолдары мен көше-жол желісін салу, жөндеу көзделген. Оның ішінде 23 жоба облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын салу мен жөндеуге бағытталып отыр. Ұзын-ыр­ғасы 200 шақырымды құрайтын жол жөндеуден өткізілмек.

Жалтыр – Макинск авто­жолының бойында көпір салын­бақ. Щучинск – Степняк – Уәли­ханов бағытындағы күрежолдың бойы­на күрделі және орташа жөн­деу жасалмақ. Сондай-ақ Астана қаласының шығыс айналма жолы мен Сарыоба стансасы те­лімі, Бабатай – Волгодоновка – Бе­реке-Бұлақсай – Жалтыр – Ма­кин­ск бағытындағы жол бойында қолға алынған үлкенді-кішілі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қорғалжын – Арықты – Сабынды, Жақсы – Державинск – Есіл – Раздоль­ный – Жолымбет – Шортанды бағыт­тарындағы күрежолдың бойына да қажетті жөндеу жүргізіледі.

– Біз жолдың күтімі мен қазіргі жағдайына жіті көңіл аударамыз. Облыс тұрғындарынан түсіп жатқан арыз-шағымдар да міндетті түрде ескеріледі. Басқарма ағымдағы жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу алдында ел тілегін ескере отырып, жөндеуге тиісті жол телімдерінің тізбесі жасалады. Мәселен, Есіл ауданындағы Ершовка – Чистополье – Есіл жол­дары­ның бүгінгі таңдағы жағ­дайы туралы, оның жөндеу керек­тігі жайында тұрғындардың өтініштері көп түскен еді. Сондай-ақ Ақкөл – Азат – Новорыбинка – Ново­­черкаское – Егіндікөл – Жан­­теке – Көкшетау – Атбасар бағы­тын­­­дағы жолдардың кей тұсына күр­­­делі, кейбір жерлеріне ағым­да­ғы жөндеу жұмыстары жүргізі­лу­де, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қар­ма­сының басшысы Владимир Кулаков.

Басқарма басшысының айтуына қарағанда, жолдарды жөндеу барысында көктемгі қызыл су шайып кетпеу мәселесі де мұқият ескеріледі екен. Мәселен, Атбасар – Сочинское автожолының бойына үш су өткізу құрылғысын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алыныпты. Су тасқынының салдарын болдырмау үшін осындай жұмыстар жүргізілсе, жартылай шайылып кеткен жол жиектері бекітіліп, жол бойына ескерту белгілері орнатылып жатыр. 70 млн теңге қаражат су тасқынының салдарын жоюға бағытталған. Қазір құм, қиыршық таспен жол бойындағы шұңқырлар бекітіліп, жолдарды қаптау жүргізіліп жатыр. Мұндай жұмыстар облыстық маңызы бар жол бойында мұқият ескеріледі. Осы жылы облыстық маңызы бар жолды күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 1,5 млрд теңге қаражат қарастырылған.

2019 жылдан бері мердігер ұйымдар міндетіне алған ауқымды жұмыстар мейлінше сапалы істелу үшін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» кәсіпорны тексеру жұмыстарын жүргізуде. Жол мәселесін түбегейлі таратып айтқан кезде мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты тиіп отырғанын екпін түсіріп айта кету керек. Айталық, «Астана қаласына іргелес елді мекендерді әлеу­меттік-экономикалық да­мы­тудың кешенді жоспары» және «Шеткі аймақтарды дамыту» бағдарламалары аясында Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандары мен Қосшы қаласының көше-жол желісін салу мен жөндеуді жүзеге асыру бағытында 33 жоба қолға алынған. Бұл ауқымды іске 29 млрд теңге қаражат қарастырылып отыр. Өңірдің 27 елдімекенінде 210 шақырым жол салу жоспарланған. Республикалық және облыстық бюджеттен 2,6 млрд теңге ақша бөлінген. Бұл бағыттағы жобалардың басым бөлігі Степногорск, Ақкөл, Атбасар қалаларында іске асырылмақ. «Щучье – Бурабай курортты аймағын дамыту» бағдарламасы аясында 30 шақырымдық жол ретке келтірілмек. Текекөл көлінің айналасында автожол салынбақ. Бурабай кентінің жол желісі салынып, жаңғыртылмақ. Щучье –Николаевка жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Облыста «Ауыл – ел бесігі» бағ­дар­ламасы аясындағы шаруа­ға 2,6 млрд теңге қаржы қа­расты­рылған. Осы бағдарламаның шара­патымен ұзын-ырғасы 80 шақы­рым жол жөндеуден өт­кізіле­ді. Сәл ғана таратып айтатын бол­сақ, жөндеу жұмыстары­ның ба­сым бөлігі – Бурабай, Есіл, Шор­­танды аудандарының енші­сін­де. Облыстық бюджеттен «Аудан­дардың, Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалаларының көше-жол желісін салуға, жөндеуге» бағдарламасы шеңберінде 370 шақырым жолды жөндеуден өткізу үшін 172 жоба қолға алынған. Бұл мақсатқа 16,5 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Осындай жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі қала көшелері бір жаңғырып қалды.

Ендігі арада түйінді мәселе­лер туралы да бірауыз сөз айта кетуіміз керек. Қаншама қаражат бөлініп, зор күшпен салына­тын, жөнделетін жолдарды сақ­тау жайы әлі де сын көтермейді. Негізгі себеп, жолға түсе­тін жүктің қалыпты нормасы сақтала бермейді. Салмағы 30-40 тонна болатын жүк көліктері күні-түні жүретін болса, жолдың шыдамай­тыны белгілі. Бұл тығы­рық­тан шығатын жол – біздің ойымыз­ша жалпақ жұртқа ортақ автомо­биль жолдарын сақтау үшін ауыр сал­мақтағы көліктердің жүруіне тыйым салу.

– Егер тиісті бақылау жасалып, түбегейлі шешім қабылданбаса, жол, әрине, бұзылады. Өңірдегі жолдардың сапасын көліктік бақы­лау инспекциясы атқарады. Бірақ, өкі­нішке қарай, бұл ұжым да бү­кіл өңірд­і қамтуға тиісті бір ғана жыл­жы­малы бекет бар, – дейді В.Кулаков,

Кейінгі уақытта Көкше өңірінің республикалық және облыстық маңыздағы күрежолы біршама жақсарып қалды. Алдағы уақытта ел игілігі үшін атқарылып жатқан қыруар шаруа діттеген жеріне жететін болса, жолаушының айы оңынан туары сөзсіз.

 

Ақмола облысы