Абай облысы Жарма ауданы аумағымен өтетін жолға түскен адамның назарына жайқалған күнбағыс егістігі бірден түседі. Құдды осынау ұлан-ғайыр алқаптан алтын шапақ төгіліп, арбап тұрғандай әсер қалдырады. «Жақсыны көрмекке» деген ниетпен иелігіне алған жерді игілігіне ұқсатқан азаматтың кім екенін білуге тырыстық.
Анықтағанымыздай, бұл егістік алқабының иесі «Нұргелді» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің иесі Мұхтар Тойқылды есімді қандасымыз болып шықты. Қытайдың Алтай аймағынан 2005 жылы атажұртқа оралған ол алғашында 1-2 гектар жер телімін алып, картоп егіп, содан түскен өнімді саудалап, бұйырған ризығын көріп жүрген екен.
Сөйтіп, өткен жылы мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 1,5 мың гектар алқапты игеруге қол жеткізіп, оған жоңышқа, күнбағыс, қарбыз егуге бел шеше кіріседі. Егістік алқабына су көзі Шар су қоймасы арқылы келеді. Оны Мұхтардың мұрындық болуымен жұмысшы азаматтар түрлі тәсілмен жүйектерге жібереді.
Қолда барды ұқсатып, бұйырған жерді жайқалтқан диқанның айтуынша, күтіп-баптаудың жөнін білген адамға жер-ананың берер несібесі мол.
– Күнбағыс алқабынан 20-25 центнер өнім алармыз деп отырмын. Қарбыздан 30 тонна шамасында шығып қалатын сыңайлы. Екшей қарағанда 400-500 млн теңгенің өнімін алу жолында тынбай еңбектеніп жатырмыз. Әрине, жұмыс оңай емес. Бірақ жұмысшыларымның да жағдайын жасауға тырысып жатырмын. Жалақылары – 300 мың теңге көлемінде. Келешекте біртіндеп баспанамен де қамтып, ынталандырып отыру ниетім бар. Қазіргі уақытта тұрақты 15-20 адам жұмыс істеп жүр. Одан өзге аудан өмірінде болып жататын елдік мақсаттағы істерге үлес қосып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға да қолұшын беріп жүремін, – дейді диқан.
Мұхтар Тойқылдының «Нұркелді» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жоңышқа өсіру жобасын да жоспарлап отыр. Құны 6,2 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 2024 жылға дейін жоңышқа өндіру зауытын салуды жүзеге асырмақ. Жалпы, жерді игеру мақсатында 7 млрд көлемінде инвестиция тартып, үлкен іске тәуекел еткен азаматтың бетбұрысы өте ауқымды. 500 гектар аумаққа жоңышқа салған ол «Қалбатаудың жері тастақ, қарбыз шықпайды» дегендердің де сөзін теріске шығарып, таңғалдырып отыр.
Абай облысы