Кеше Премьер-министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың төрағалығымен туризм саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңес барысында отандық туризмнің проблемалық мәселелері талқыланды.
Елордалық турбизнес өкілдері визалық рәсімдерді жеделдету және цифрландыру, туроператорлар мен гидтердің қызметін реттеу жұмысын күшейту, туризм саласындағы инвестициялық жобаларды қолдау жөнінде ұсыныстар айтты.
Сонымен қатар чартерлік бағдарламаларды субсидиялау және халықаралық әуе компанияларын тарту тәртібін жеңілдету бойынша ұсыныстар айтылды.
Туризмнің экологиялық аспектілеріне, экожүйеге түсетін жүктемені реттеуге және туристік орындарда тазалықты сақтауға ерекше назар аударылды.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т. Дүйсенова Мәдениет және спорт министрлігіне осы мәселелерді биылғы жылғы 15 қыркүйекте Ақтау қаласында Премьер-министрдің қатысуымен өтетін Туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форум аясында талқылау үшін дайындауды тапсырды.
Айта кету керек, туризм саласының мәселелерін ортаға салатын осындай кездесулер алдағы уақытта жүйелі түрде өтеді.