Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті елімізде заңсыз онлайн-казино ұйымдастырған «1WIN» ұйымына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған ұйым Қазақстан аумағында ғана емес, сондай-ақ ТМД және алыс шетелде қызмет атқарған. Мыңдаған қазақстандықты заңсыз ойын бизнесіне тартып қана қоймай, онлайн платформа букмекерлік қызметті тиісті лизенциясыз атқарған.
«Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушы күдікті ретінде танылып, қажетті тергеу және жедел іздестіру әрекеттері басталды. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі», деді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.