Қазір отандық экономикада газ саласына талап күшейіп отыр. Газ өндіруді арттыру, жаңа газ өңдеу қуаттарын құру және газ құбырлары желісін дамыту –мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Өйткені газ өндірісі елдегі экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатты жақсартуда шешуші рөл атқарады.
Газ қоры бойынша Қазақстан әлемде 22-орынды иеленсе, ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейінгі 3-орында тұр. Энергетика министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, былтыр бізде 27,8 млрд текше метр тауарлық газ өндіріліп, соның 19,3 млрд ішкі нарыққа жіберілсе, 4,6 млрд экспортталған екен. 2020 жылмен салыстырғанда ішкі тұтыну 2 млрд текше метрге көбейген. Биыл 55 млрд текше метр ілеспе мұнай газын өндіру жоспарланған. Ал соның 28 млрд-ы ғана тауарлық газға айналмақ. Бұл ретте ішкі және сыртқы нарықты газбен қамтамасыз етуде бізде 79 газ өндіруші компания жұмыс істейді.
Негізінен елімізде газдың жүз жылға жетерлік қоры бар десе де, оны өңдеу және жер бетіне алып шығу үлкен шығынды қажет ететін көрінеді. РИА Rating мәліметіне сүйенсек, Қазақстан әлем елдері арасында газдың қолжетімділігі жөнінде алғашқы орында екені көрсетілген. Мұнда әр тұрғын өзінің орташа айлық жалақысына 10 мың текше метр газ сатып ала алады. Бізде жалақы жоғары емес, дегенмен рейтингтегі өзге елдермен салыстырғанда газ бағасы арзан. Екінші орында – Ресей. Мұнда әр тұрғын 7,6 мың текше метр газ сатып ала алады. Сондай-ақ алғашқы бестікке Беларусь, Люксембург және Ұлыбритания кіреді екен. Бұл елдердің азаматтары жалақыларына 3 мың текше метрден аса газ сатып алуға мүмкіндігі жетерлік. Табиғи газдың ең аз мөлшерін, яғни 421 текше метр – Молдованың еншісінде. Молдовадан өзге, аутсайдерлер арасында Румыния, Чехия, Болгария мен Грекия да бар. Бұл елдерде тұрғындар айына 800 текше метрден аз газ сатып алған. Алдағы уақытта сарапшылар газ бағасының міндетті түрде көтерілетінін, әйтпесе, газ компанияларының шығынға ұшырайтынын айтады.
«Мемлекет газды жер қойнауын пайдаланушылардан өзіндік құнынан төмен бағада сатып алады. Әр текше үшін QazaqGaz 10 теңге жоғалтып отыр. Болжам бойынша 2022 жылдың өзінде компания 180 млрд теңге жоғалтқан. Баға саясаты мен тарифті қайта қарамаса, алдағы 2-3 жылда QazaqGaz трлн теңге шығынға батады. Бұл ретте компания баға реттеуге араласпайды. Газ саласындағы баға мәселесін мемлекеттік органдар қадағалайды», дейді «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.
Қазір еліміздегі газдандыру деңгейі – 53,1 пайыз. Оның игілігін көріп отырған 1 700-ден аса елді мекендегі 11 млн тұрғын табиғи газбен қамтылып жатыр. 2030 жылға қарай 13 млн адамға жеткізу көзделіп отыр. Бүгінде бір жылдық тұтыну көлемі 18,6 млрд текше метр шамасында шықты.
Энергетика министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, газ тұтыну өсімі шамамен 35% немесе жыл сайын орта есеппен 7%-ды құрайды. Сондықтан сарапшылардың пікірінше, Ресейден бізге шамамен 7-10 млрд текше метр газ қажет. 2022 жылдың қарашасында Қазақстан, Ресей және Өзбекстан арасында газ саласындағы үшжақты ынтымақтастықты қалыптастыру бастамасын Ресей жариялаған еді.
Қазақстанның газ тасымалдау жүйесі ресейлік газды Өзбекстан бағытында транзиттеу үшін Үкімет пен «Газпром» жария акционерлік қоғамы арасында ресейлік газды Өзбекстанға тасымалдау мақсатында «Орталық Азия – Орталық» магистралдық газ құбырын дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойып, техникалық дайындық жұмыстары басталып та кетті.
Газ құбырын тартуда Маңғыстау №14 учаске, Батыс Қазақстан №1 учаске және Атырау облыстарындағы №2, №13 учаскелерінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары уақытымен жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін Өзбекстанға газ транзитін осы жылдың қазанында бастау жоспарланып отыр.
Өткен жылы елімізде газ саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген еді. Онда 2030 жылға дейінгі мерзімге арналған газ саласын кезең-кезеңімен реформалау мен кешенді дамытудың негізгі тәсілдерін айқындағаны бар. Соның ішінде «QazaqGaz» ҰК» АҚ негізгі газ тасымалдайтын компания болғандықтан, тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту, ішкі газ нарығын, газ транзиті мен экспортын, газ химиясы мен терең өңдеуді дамыту, инвестициялық және операциялық тиімділікті арттыру жөнінде кешенді жоспарды жүзеге асырып отыр.
Соның арасында еліміздің мұнайлы өңірін энергия қауіпсіздігімен қамтамасыз етуде «Жаңаөзен – Жетібай – Ақтау» магистралдық газ құбырының үш желісіне күрделі жөндеу жұмыстары басталды. 40 жылдан аса пайдаланудағы аталған газ тасымалдау жүйесі үш желіден тұрып, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы мен Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты сияқты облыстың ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының табиғи газға деген қажетін өтейтін «Окарем – Бейнеу» магистралдық газ құбырының жалғасы болмақшы. Жоспарланғандай мұнда 300-дей құбыр мен тазарту құрылғылары ауыстырылып, өндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы керек.
«QazaqGaz» ҰК» АҚ газ тасымалдау жүйесін дамытып қана қоймай, сонымен қатар тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту, газ транзиті мен экспортын дамыту, шикі газды дайындау және өңдеу мақсатында жобаларды енгізу бойынша да белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Бұл саладағы басым жобалардың бірі – Атырау облысындағы Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт салынбақшы. Жоба Мемлекет басшысының ерекше бақылауында және ішкі нарықта қолжетімді тауарлық газ көлемін ұлғайтуға және республиканы газдандыруда газ химиясын дамыту перспективасы үшін ресурстық база құруға бағытталған.
Сонымен газ саласын дамытудағы атқарылып жатқан істермен қатар таяп қалған жылыту маусымына дайындық белсенді жүргізіліп келеді екен. «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің Ақтөбе облысына жұмыс сапары кезінде Бозойдағы жерасты газ қоймасының нысанында болғаны бар. «Бозой» жерасты газ қоймасы еліміздегі ең ірі газ сақтау нысаны жылыту маусымы кезінде ел ішіндегі газ тұтынудағы ауытқуларды реттеп, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қаласының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде халыққа үздіксіз газ жеткізуге міндеттенген. Бұған қоса «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының КС-1 Бозой кірісіне, Бұқара – Орал газ құбырының КС-12 стансасына және Өзбекстанның КС-7 стансасына газ жеткізуді қамтамасыз етіп отыр.
Басқарма төрағасы Астана қаласының газбен жабдықтау нысандарын да тексеріп, «Юго-Восток» газбен жылыту стансасында болды.
«Бүгін елордадағы ЖЭО-ның жылыту маусымына дайындығымен таныстық. Қала әкімдігі энергетикалық жобалар бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатыр. QazaqGaz тарапынан Астананың газ инфрақұрылымы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайын, тұрғындар газбен қамтамасыз етіледі. Барлық облыстағы осындай нысандардың жұмысын пысықтаймыз. Бүгінде өңірлерде күзгі-қысқы жылыту кезеңіне дайындық 82%-ды құрайды, белгіленген кестеден озып келеміз», деген еді QazaqGaz басшысы.
Жоғарыда айтылған газ саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде газ нарығын реттеудің жаңа тәсілдері, газ саласына инвестиция тарту, тауарлық газ өндірісін ұлғайту үшін газ-ресурстық базаны кеңейту және отын-энергетика кешенін одан әрі дамыту, сондай-ақ тұтынушыларды үздіксіз және қауіпсіз газбен жабдықтауды қамтамасыз ету күтіліп отыр.