Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтудің түрлі жобасы бар. Жемсауы бүлкілдеп, қазынаның қаржысын молынан қарпып қалуды ғана көздегендердің адымын аштырмайтын құжаттың ең бастысы – 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасы. Енді аталған тұжырымдама аясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» еріктілер жобасы іске қосылып отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің Атырау облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, жобаның мақсаты – белсенді азаматтарды, қоғамдық бірлестіктерді, жеке және квазимемлекеттік сектор субъектілерін, сондай-ақ басқа да ұйымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға ерікті ретінде тарту. Жоба аясында еріктілер бірнеше бағыт бойынша жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге көмек көрсете алады.
«Атырау облысында өзекті мәселелердің оң шешімін табуына ықпал ететін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы енгізілді. Алайда аталған қылмысқа қарсы ашықтықтың болмауынан, әкімшілік кедергілер мен заңнаманың жетілдірілмеуі салдарынан туындайтын проблемалар бар. Сол себептен, белсенді азаматтарды «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасына ерікті болуға шақырамын», дейді Н.Жахин.
Мәселен, жобаның бірінші бағыты – қоғамдық бақылау. Мұның басты тармағы мониторинг жүргізіп, қорытындысымен бөлісуге байланысты болып отыр. Мониторингті мемлекеттік сатып алу порталында бағаны көтеру мәніне, бюджет қаражатын жұмсау тиімділігіне, өңірдің проблемалық мәселелеріне, тиісті жұмыс сапасы жоқ объектілерге, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалануға, ұлттық жобаларды, өңірлерді дамыту жоспарларын іске асыруға, ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігінде заңнама талаптарының сақталуына, әлеуметтік маңызы бар мекемелердің жай-күйіне мониторинг жүргізуге болады.
Екінші бағыт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеу және ағарту. Еріктілерге сыбайлас жемқорлық проблемаларын зерттеу, кейіннен оны жою және алдын алу бойынша ұсыныстар әзірлеу ұсынылып отыр. Сондай-ақ студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, аталған қылмысқа қарсы шешімдерді әзірлеу, форумдар, конференциялар, семинарлар секілді іс-шараларды ұйымдастыру, фильмдер, сериалдар түсіру әдісімен контент жасауға қатысу, әлеуметтік роликтер әзірлеу бар.
Ал «Pro bono» волонтерлік бағытының ауқымы кең. Бұл бағытта адвокаттар мен нотариустардың, сот орындаушыларының, кәсіподақтар мен ардагерлер ұйымдары өкілдерінің азаматтар мен еңбек ұжымдарына тегін құқықтық көмек көрсетуі көзделген. Комплаенс-офицерлерді практикалық оқыту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және оған қарсы мониторингтерді сыртқы талдауға сарапшылар тартылады.
Төртінші бағыт – корпоративтік еріктілік. Осы орайда тұтынушыларға берілетін талондар мен түбіртектердің артқы бетіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы баннерлерді орналастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы push-хабарламаларды жіберу контентін ілгерілетуге басымдық беріледі.
«Бұл жоба аясында Атырау волонтерлері Исатай ауданының орталығы – Аққыстау ауылындағы кентішілік жолдарды қайта жаңарту кезінде бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалғанын анықтады. Волонтерлер аталған ауылдағы Достық және Абай көшесіндегі асфальтбетон жабындысының бұзылғаны, шұңқырлар туралы ақпаратты Антикорға жіберді. Атап айтқанда, Исатай ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары Исатай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен «Информстройсервис» ЖШС арасында кентішілік жолдарды реконструкциялауға 1,4 млрд теңге сомаға жасалған қолданыстағы шарт шеңберінде атқарған жұмысы туралы жалған актілерге қол қойған» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір бұл дерек расталып отыр. Еріктілердің қырағылығының нәтижесінде, бюджеттің 78 млн теңгеден астам қаржысын жымқыру қаупі туындағаны анықталған.
Атырау облысы