Тілсіз жаудан қауіп-қатер төнген кезде басын бәйгеге тігіп, ерлік көрсететін ұландардың ұлағатты ісі ықыласқа әбден лайық. Кәсіби шеберлік қана емес, кемел кісілік, пайымды парасатқа тәрбиелейтін ыстық ұя туралы бірауыз сөз арнасақ, жарасымды болмақ.
Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы – еліміздегі құтқарушыларды даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны. Тағылымды тарихы өткен ғасырдан бастау алады. 1973 жылы Алматы қаласынан Көкшетауға Қазақ КСР ІІМ өрт сөндіру бөлімінің әскерилендірілген өрт сөндіру қызметінің оқу отряды көшірілді. Араға аттай 25 жыл уақыт салып 1997 жылдың шілдесінен бастап дербес жоғары оқу орнына айналды. 2021 жылдың мамырында Президент Жарлығымен «Академия» мәртебесіне ие болды. Оқу орнына қазақтың хас батыры Мәлік Ғабдуллиннің есімі берілді. Айтпақшы, Мәкеңнің есімін беру туралы ұсынысты ел газеті «Егемен» айтып еді.
Академия қалыптасу және даму жылдарын бастан өткеріп, кадрларды даярлаудың тиімді жүйесін құрып, материалдық-техникалық базасын нығайтуға барын салып, педагогтер мен ғалымдар ұжымын қалыптастыруға, азаматтық қорғау жүйесі үшін кәсіби шеберлігі мол, тәлімі мен тәрбиесі толымды мамандар даярлау ісінде толайым табыстарға қол жеткізуде. Бүгінде оқу орнында 388 курсант білім алып жаты. Биыл маусым айында академия өзінің жиырма бесінші түлектерін шығарды. Осы жылы оқу орнын 137 курсант тәмамдады. Оқыту 4 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі: «Өрт қауіпсіздігі», «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару ісі», «Азаматтық қорғаныс күштерінің командалық тактикалық» 2023 жылдан бастап «Төтенше жағдайларда қорғау».
Курсанттар оқудан қол үзбей, бірінші курста академияның оқу өрт сөндіру бөліміне өрт сөндірушілер лауазымдарында, ал келесі курстардан бөлімше командирлері мен қарауылдар бастықтарының орынбасарлары лауазымдарында тәжірибеден өтеді. Сондай-ақ екінші курстан өткеннен кейін барлық курсантта Төтенше жағдайлар министрлігі аумақтық бөлімшелерінде танысу практикасынан өту көзделген. Ал жоғары курстарда өрт сөндіру бөлімдерінде қарауыл бастықтары лауазымдарында және төтенше жағдайлар бойынша инженері, аға инженері лауазымдарында кәсіптік практикалар ұйымдастырылады. Сондай-ақ академияның Көкшетау қаласының маңында орналасқан оқу-жаттығу полигонында тиісті техниканы қолданып, ситуациялық міндеттерді пысықтап, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдарын, апаттар медицинасының, жедел жәрдем орталығының мамандарын тартып, жедел-тактикалық оқу-жаттығулардан өту көзделеді. Полигонда курсанттар алты сала бойынша теориялық білімін іс жүзінде пысықтайды.
Толық оқу курсын сәтті аяқтаған күндізгі оқу факультетінің курсанттарына Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен одан әрі қызмет өткеру үшін азаматтық қорғау лейтенанты арнайы атағы беріледі, дербес бөлу хаттамасына сәйкес олар Төтенше жағдайлар комитетінің аумақтық органдарына, сондай-ақ ведомствоаралық комиссияларға сәйкес басқа да құқық қорғау құрылымдарына жіберіледі.
Академия алыс-жақын шет елдердің бейінді оқу орындарымен де тығыз достық қарым-қатынас орнатқан. 2003 жылдан бастап курсанттар мен офицерлер тұрақты негізде Ресей және Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жоғары оқу орындарына жіберіледі. Өртке қарсы, авариялық-құтқару органдары мен арнаулы қызметтері үшін кадрлар даярлау жөніндегі келісім шеңберінде жыл сайын Ресей ТЖМ және Беларусь Республикасының бейінді шетелдік жоғары оқу орындарына күндізгі оқу нысаны бойынша оқыту үшін курсанттар жіберіледі. 2003 жылдан бастап ҚР Азаматтық қорғау саласы үшін 297 білікті маман даярланды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы екі жақты үкіметаралық келісімдер шеңберінде қазіргі уақытта мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес академияда қырғыз азаматтары білім алады. Бүгінде оқу орнында 4 қырғыз курсанты оқиды. 2012 жылдан бастап академияда Қырғыз Республикасының 29 маманы даярланды. 2020 жылы магистратура бағдарламасы бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі біліммен айналысуға арналған білім беру лицензиясына қосымша алынды. 2022 жылы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша 10 магистрантты алғашқы қабылдау жүзеге асырылды. Магистратурада оқыту «Өрт қауіпсіздігі» бағдарламасы 2 бағытта жүргізіледі. Биыл магистратураны бейіндік оқыту бағыты бойынша 4 түлек бітіріп шықты.
Жалпы, 1997 жылдан бастап оқу орны табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін аса жауапты және қиын учаскелерде күндіз-түні қызмет ететін 5 960-нан аса жоғары білікті маман даярлады. Оның ішінде 133 түлек үздік диплом алды. ҚР Азаматтық қорғау органдарының 7 051 қызметкері мен қызметшілері біліктілігін арттыру және қайта даярлаудан өтті, оқу орталықтары ашылған сәттен бастап қызметке жаңадан қабылданған азаматтық қорғау органдарының 5 668 қызметкері бастапқы оқытудан өтті.
Оқу процесін ұйымдастыру мақсатында академияда күндізгі оқыту, қашықтықтан оқыту және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, қосымша білім беру факультеттері, 7 кафедра, практикалық оқыту бөлімі, сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Көкшетау, Өскемен қалаларында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерінің даярлау, біліктілігін арттыру, қайта даярлау бойынша қызмет атқаратын 6 оқу орталығы жұмыс істейді.
Республика бойынша аумақтық төтенше жағдайлар департаменттеріне академияға жыл сайын оқуға түсуге үміткерлердің мыңнан аса өтініші, оның ішінде биылғы мектептердің, арнаулы орта оқу орындарының түлектерінен және өткен жылдардағы түлектерден келіп түседі. Азаматтық қорғау академиясына оқуға қабылдаудың талаптары жоғары. Ол медициналық, дене бітімі және психофизиологиялық көрсеткiштері бойынша іріктеу қорытындылары мен ҰБТ балын ескере отырып конкурс бойынша жүргiзiледi. Академия қызметінің негізгі бағыттарының бірі – Төтенше жағдайлар министрлігінің алдында тұрған маңызды ғылыми-техникалық міндеттерді шешу шеңберінде ғылыми зерттеулер жүргізу. Ғылыми әлеуетін жетілдіру мақсатында академияда бүгінде 12 ғылым кандидаты, 35 магистрант қызмет атқарады.
Оқу орнының базасына жатақхана, дәріс залдары, мамандандырылған аудиториялар мен зертханалар, кітапхана, авариялық және құтқару жұмыстарын жүргізуге, өртті сөндіруге және ТЖ жоюға арналған оқу алаңдары кіреді. Академияда оқу орнының тарихы мен жетістіктері көрсетілген мұражай бар. Құтқарушылардың практикалық дағдыларын бекіту мақсатында профессор-оқытушылар құрамымен академияның оқу-жаттығу полигоны базасында жедел-тактикалық және тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар, жылу-түтін камерасында сабақтар өткізіледі. Полигонда өрт ошақтарын, Төтенше жағдайлар мен аварияларды жою жөніндегі алаң бар.
Болашақ құтқарушылар өңірлік конкурстар мен чемпионаттардың жеңімпаздары ғана емес, сонымен қатар академияны республикалық және халықаралық деңгейде абыроймен көрсетіп келеді.
Көкшетау