Астана қаласындағы №59 мектепке қазақтың тұңғыш биолог ғалымы Кәрім Мыңбаевтың есімі беріледі. Игі іске белгілі ғалымдар Жабай Қалиев пен Сейітқали Дүйсен бастамашы болған.
– №59 мектептің директоры Алма Жұмабековаға білім ордасына қазақтан шыққан тұңғыш биолог ғалым Кәрім Мыңбаевтың атын беру туралы ұсыныс айттық. Содан кейін мектеп директоры ұстаздармен, ата-аналар кеңесімен жиналыс өткізіп, ұсынысымызды қабылдап, қолдау білдірді. Бұдан бұрын да мектептерге ұлы тұлғаларымыздың атын бергізуге азды-көпті үлесімізді қосқанбыз. №10 мектепке Жұмабек Тәшеновтің, №67 гимназияға Ілияс Есенберлиннің атын беруге ұйытқы болдық. Енді кезек Кәрім Мыңбаевқа да келді, – дейді Мемлекет тарихы институтының зерттеуші ғалымы Жабай Қалиев.
Мектепке ғалымның аты берілгеннен кейін Кәрім Мыңбаевқа арналған музей ашу жоспарланып отыр. Онда ғалымның артында қалған мұрасы, пайдаланған заттары, еңбектері жинақталады. Жәдігерлерді жинауға К.Мыңбаевтың жақындары атсалысып, қолдау көрсетіп жатыр.
Кәрім Мыңбаев – қазақтың тұңғыш биолог ғалымы. Қазақтардан бірінші болып Мәскеуде докторлық диссертация қорғаған. Әрі әйгілі биолог ғалым Н.Вавиловке шәкірт атанған. Оның ғылым жолындағы арманының бірі Бетпақдаланы гүлдендіру болыпты. К.Мыңбаевтың Милица Васильевнадан төрт баласы бар. Тұңғышы Гүлнұр геолог еді. 2013 жылы өмірден өтті. 1939 жылы туған ұлы Жафар Ленинград политехникалық институтының Электр желілері факультетін бітірген. Кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған. Кеңес одағы ыдырап, аласапыран басталғанда АҚШ-қа қоныс аударды. Бұдан бөлек, К.Мыңбаевтың Тимур және Алла есімді егіз баласы бар. Тимур – дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Туған жерден жырақта жүрген талантты кезінде Дінмұхамед Қонаев Қазақстанға шақырған. Ал Алла қазір АҚШ-тың Бостан қаласында тұрып жатыр.
– Мектепке ғалымның атын беретін күнді белгілесек, ұрпақтарын арнайы шақырамыз. Былтыр желтоқсан айында Кәрім Мыңбаев туралы кітапты орыс тіліне аударып шығардық. Оны Жафар Кәрімұлы қаржыландырды. Ол үлкен ұлына әкесінің атын беріпті. Кәрім Жафарұлы қазір ғылым жолында жүр. Ресейдегі Иоффе атындағы физика-техника институтында зертхана меңгерушісі және ақпараттық технология, механика және оптика университетінің профессоры болып еңбек етеді. Әкесі, баласы, немересі бәрі ғылым жолын таңдаған. Осылайша, ұрпақтар сабақтастығы үзілмей келе жатыр, – дейді Ж.Қалиев.
Сейітқали Дүйсен мен Жабай Қалиев Кәрім Мыңбаевты 2006 жылдан бері зерттеп келеді. Бұл іске ғылыми жетекшісі Болат Әбдікәрімұлы ұйытқы болыпты. Зерттеуші ғалым Кәрім Мыңбаев пен Бауыржан Момышұлының достығы жайында қызықты дерекпен бөлісті. «Кәрім Мыңбаев Мәскеуде оқып жүргенде Бауыржан Момышұлы да әскери академияда білім алыпты. Олардың достығы сол кезден басталған. Батыр Бауыржан ғалым досының докторлық диссертация қорғауына қатысып «Қазақ баласы Мәскеудің төрінде докторлық қорғағанда төбем көкке жетті. Бәрі оның жұмысын қолдап, қолпаштады», деп қатты қуанған, дейді Ж.Қалиев.
К.Мыңбаев 1946 жылы Ғылым академиясы құрылғанда соған мүше болып қабылданады. Оның ең бір ерекше жұмысы – Бетпақдаланы зерттеуі. Мойынқұмда 2 млн, Бетпақдалада 5-6 млн мал ұстауға болады деген тұжырым жасаған. Алайда оның бұл зерттеуі тәжірибеге еніп үлгермейді. Ол 1948 жылы қайтыс болды. Оның өлімінде құпия көп. Қастандықпен өлтірілді деген күмән бар.
– Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының басшысы Лысенконың 50 жасқа толған мерейтойына Кәрім Мыңбаев бастаған делегация шақырылады. Сол сапарда ұшақ Балқашқа тоқтап жанармай құйып алған соң, көкке көтеріледі. 15 минуттай ұшып, жарылып кетеді. Шерхан Мұртазаның айтуынша, Бауыржан Момышұлы бұл қаралы хабарды естігенде «убили, сволочь, убили», деп айқайлаған екен. Ғалымның әйелі Дариға Тінәлина да ұшақ апаты әдейі ұйымдастырылған деген пікірді қолдайды. Ғалым «Бетпақдаланы бақ далаға айналдырам» дегенде Сталин ол аумақтарға әскери қалашықтар салдырмақ болған. Сол үшін де оны өлтірген болуы мүмкін деген болжам бар, – дейді Жабай Қалиев.