• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Тамыз, 2023

Жаңа жоба көптің көңілінен шықты

269 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысының оқушыларына қазақ тілін үйрету мақсатында қолға алынған «Қонақжай отбасы» жобасын келесі жылы да жалғастыру көзделіп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еліміз бойынша алғаш рет қолға алынған «Қонақжай отбасы» жобасы аясында қала балалары Катонқарағай ауданына қарасты ауылдарға барып, 20 күн бойы тілдік ортаға еніп, ауыл тіршілігімен танысқан.

Өскемен қаласында өткен дәстүрлі тамыз конференциясында жобаның қорытындысы шығарылып, келер жылы қалай жалғасатыны жайында сөз қозғалды.

«Жобаға 12-14 жас аралығындағы 67 бала қатысты. Олар ауыл отбасыларының үйлерінде тұрып, тіл үйренді. Нәтижелері өте жақсы. Ауылдарда арнайы штаб та жұмыс істеді, құрамына полицейлер, психологтар, мұғалімдер енді. Ал ата-аналар үшін WhatsApp желісінде топ құрылып, күніне екі рет есеп жіберілді», деді ШҚО білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.

Облыс әкімі Ермек Көшербаев аталған жоба келесі жылы Катонқарағайда ғана емес, облыстың барлық ауданында іске асырылатынын айтты. Әр ауданның мүмкіндіктері, ерекшеліктері ескеріліп, ұстаздар қауымы ұсыныс-тілектерін білдіре алады.

«Жаңа жоба көптің көңілінен шықты. Еліміздің басқа аймақтарында да қызығушылық тудырып отыр, жобаны ары қарай жалғастыруымыз қажет», деді әкім.