Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен Зеренді кентінде Жастар ресурстық орталықтарының өкілдері үшін «Жастар ісі академиясының» форумы өткізілді. Форум аясындағы «Әділетті Қазақстан – адал азамат» диалог алаңында министр Дархан Қыдырәлі слетке қатысушылармен жолығып, толғандырған сауалдарына жауап берді.
Биыл жастар ресурстары орталығының құрылғанына он жыл толып отыр. Министрлік бастама көтеріп, Ақмола облыстық әкімдігінің қолдауымен өткен ауқымды форумға еліміздің түкпір-түкпірінен бастамашыл жастар жиналды. Әр өңірде өзгеге үлгі-өнеге болып өрілер кең тынысты, өзгеше өрісті, нәтижесі қуантарлық іс бар. Сол шаруаның бәріне жастар үшін тиімді әрі мағыналы өзгеше өріс іздеген жастар алтын діңгек болып жүр. «Tool fair» озық жобалар жәрмеңкесінде тыңға түрен салған соқталы ой, соны ізденіске куә болдық. Бар шаруа жұмырдықтай жиналып, бір арнада тоғыса келгенде жас толқынды жаңа биікке көтермек, тың серпін бермек. Форумның басты мақсаты да сол. Үш күнге созылған форум барысында әрқилы бағыттағы ізденістер ізі екшеліп, оралымды ойлар айтылды. Шеберлік сыныптары өткізілді.
«Әділетті Қазақстан – адал азамат» алаңында өзекті мәселелер ортаға салынды. Дархан Қыдырәлі жастар үшін көкейкесті бірқатар мәселеге тоқталды. Бүгінгі буынның ішіндегі кемшілік те айтылмай қалмады.
Министр өз сөзінде «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңның күшіне енгендігіне тоқталды. Қоғамдағы жастардың алар орны, атқарып жатқан қыруар шаруасымен қатар, өзекті мәселелерге де назар аударылды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев, «Amanat» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек жастарды форум жұмысының басталуымен құттықтай келе, оларға жүктелер міндет межесін айқындады. Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов өңірде атқарылып жатқан оң шаруалар туралы баяндап берді.
Облыста 212 мыңнан астам жас бар. Жастар саясатын жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 850 миллион теңге қаражат бөлу көзделген. Осы жылдан бастап жастарға арналған 2,5 пайыздық несие берілуде. Облыс әкімінің атаулы стипендиясы 231 студентке беріледі. Бұл жобаға облыстық бюджеттен 125 миллион теңге бөлініп отыр. Осы бағыт бойынша 2 500 ақмолалық жас жоғары білім алып, нәтижелі еңбек етуде. Жоғары оқу орындары студенттері үшін облыстық бюджеттен бакалавриатқа 160 грант және резидентураға 35 грант бөлініп отыр. Биылдан бастап жастардың шығармашылық идеяларын, стартаптар мен жобаларды іске асыру үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бойынша өңірлік жоба қолға алынған.
Форумда Ақпарат және қоғамдық даму министрі жас толқынның бойындағы келеңсіздіктерді саралай келіп, одан арылу жолдарын да нұсқай кетті. Мәселен, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент кейінгі бірнеше жылда еліміз 15 пен 29 жас аралығындағы жастардың өзіне-өзі қол жұмсауы әлем бойынша алдыңғы қатарда екендігін атап айтты. Алдағы уақытта осындай жантүршігерлік оқиғалардың себеп-салдарын анықтау парыз. Жастар арасындағы құқық бұзушылық та өршіп тұр.
– Статистикалық деректерге сүйенсек, 2023 жылдың 1 тамызында елімізде психоактивті заттарды қолданатын 108,8 мың адам бақылауда болды. Оның 90,6 мыңы алкогольге тәуелді, 18,2 мыңы есірткіге тәуелді. Оның 50 пайыздан астамы 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Бірінші кредиттік бюроның деректері бойынша 7,5 миллион отандасымыздың төленбеген несиесі бар. Бұл елдің экономикалық белсенді халқының 77 пайызы. Қарыз алушылардың 50 пайыздан астамы 18 пен 35 жас аралығындағы жастар, – деді министр.
Жоғарыда айтылған айрықша маңызды мәселелер шешімін тез арада қарастыруды талап етеді. Бұл орайда атқарылып жатқан орасан зор жұмыс та бар. Ел бойынша 232 жастар ресурстық орталығында жастармен жұмыс істеп жатқан үш мыңнан астам маманның жалақысын көтеру мүмкіндігі қарастырылуда. Жастар үшін мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға қатысудың нақты алгоритмдерін қамтитын бірыңғай интерактивті ақпараттық-цифрлық платформа құру жоспарланып отыр. Бұл оларға барлық мемлекеттік қолдау шаралары туралы дер кезінде біліп қана қоймай, өздері де белсене қатысуға, өз идеяларын ұсынуға мол мүмкіндік бермек. Жастар ғылыми зерттеу орталығын өңірлік проблемаларды зерделеуді қоса алғанда, тұтас саланы мұқият зерттеумен айналысатын республикалық-әдістемелік ғылыми зерттеу орталығына айналдыру бойынша жұмыс жүргізіліп келеді.
– Кейінгі жылдары елімізде креативті индустрия қарқынды дамып келеді, – деді министр. – Мемлекет басшысы креативті индустрияға ерекше назар аудару керектігін атап өткен болатын. Сол себепті өткен жылы алғаш рет «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына «Креативті қызмет» аталымы қосылды.
Ал Дархан Жазықбаев өткен жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында президенттік кадрлық жастар резервіне құжат қабылдау басталғанын еске салды. Сөз арасында мемлекеттік қызметке қабылдау ережелерін жеңілдету туралы жағымды жаңалықты форумға қатысып отырған жастар қуана қарсы алды. Биылдан бастап барлық үдерістердің бір бөлігі жеңілдей түспек. Конкурсқа қажетті құжаттарды электронды пошта арқылы тапсыруға болады. Әңгімелесуді қашықтан өткізеді. Бастапқы құжаттар жиынтығының тізімі біршама қысқартылды.
Слетке қатысушы жастар министрге өздерін толғандырып жүрген өзекті мәселелерге байланысты сұрақтарын қойды. Көтерілген мәселелердің бірі – жұмыспен қамту. Әсіресе шалғайдағы шағын ауылдар да екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастардың жұмыспен қамтылуы, белгілі бір кәсіпті игеру, сондай-ақ олардың белсенділігін арттырып, болашаққа деген сенімін нығайту. Бұл орайда мемлекет тарапынан қыруар жұмыстың қолға алынып отырғандығын айта кетуіміз керек. Бір әттеген-айы, ауыл жастарының барлығы бірдей қамқорлық туралы құлақтана алмай отыр. Алдағы уақытта осы бір олқылықтың орнын толтырса, оң болар еді.
Облыс орталығында Дархан Қыдырәлі ақпарат құралдарының ардагерлері мен осы салада еңбек етіп жүрген журналистермен жүздесті. Кездесу барысында Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов жастар тәрбиесіне байланысты аға буынның сын-ескертпесін жеткізді. Ел ағасының ойынша, жас толқынды игі істерге ұйыту үшін олардың бойындағы елшіл қасиеттерді нығайта түсу қажет.
Сапар барысында министр Науан хазірет орталық мешітінің жұмысымен танысты. Достық үйіндегі «Қоғамдық келісім» мекемесінде ұлттық-мәдени орталықтар жетекшілерімен жүздесіп, достыққа дәнекер болып жүрген түрлі этнос өкілдерімен пікір алмасты.
Ақмола облысы