• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 28 Тамыз, 2023

Халықаралық маркетплейс кәсіпкерлерге қандай мүмкіндік береді?

190 рет
көрсетілді

Болам деген кәсіпкердің бетін қақпай, белін буатын бірқатар мем­лекеттік қолдау тетіктері қазір­ тәуір жұмыс істеп тұр. Кәсіп­­керлікті тіркету, алған не­сие­ні субсидиялау, қолдау шара­лары­ның игілігін көру біршама оңай­латылды. Жеке кәсіпкерлікті (ЖК) екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасы арқылы жедел әрі жеңіл тіркеуге болады.

Қазақ өнімдеріне қызығатындар көбейді

Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына оңтайлы әсер етті. Сонымен қатар мемлекет кәсіп­орын­­дардың экспорттық шығын­да­рын да өтейді. Өнімнің құрамдас бөлік­терінде отандық материал үлесі қанша­лықты көп болса, алатын өтемақы да соншалықты жоғары болмақ. Кейінгі бірер жыл бедерінде кәсіпкерлер несібесін көбейтуге халықаралық маркетплейстер қомақты үлес қосып жатыр. Соның бірі – жаһандық алпауыт «Alibaba.com» электронды сауда алаңы. «Alibaba» – әлемнің әр түкпіріндегі миллиондаған сатып алушы мен жеткізушіге қызмет көрсететін, көтерме сатып алуға арналған халықаралық көшбасшы платформа.

Оның көмегімен кәсіпкерлер өз тауарын экспортқа оңай шығарады. Қазір Alibaba.com алаңында 7 500 отандық тауар көпшілік назарына ұсынылып жатыр. «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының бізге берген ақпараты бойынша отандық тауарлар арасынан, әсіресе, ұн, бал, ет, өсімдік майы, жарма, астық өнімдері, кебек, мал азығы ерекше сұранысқа ие. Электронды алаңға шығарылған қатысушылардың 90 пайызы – шағын және орта бизнес өкілдері.

«QazTrade» сарапшыларының айтуынша, отандық өндірушілер халықаралық маркетплейс арқылы Қытай, Өзбекстан, БАӘ, Түркия, Ресей компанияларымен келісімшарттар жасасқан. Кейінгі кезде Еуропа елдері, Моңғолия, АҚШ, Иран тарапынан да біздің өнімдерге деген қызығушылық байқалады.

«Маркетплейс – B2B («business to business») платформа, яғни сатып алу­шы мен жеткізушіні байланыстырады, бірақ өзі тауар жеткізумен айналыспайды. Тауар партиясына қол жеткізу үшін әлеуетті сатып алушы сату­шыға сұраныс жібереді және тауарды жет­кізіп беру бойынша барлық шарт пен мән-жайды талқылайды. Alibaba ар­қы­лы экспортты жүзеге асыратын компания дәстүрлі экспорттық жеткізу кезін­дегідей проблемалар спектріне тап болады. Бұл ретте платформаның халық­аралық онлайн B2B көрме екенін, оған бір сәтте миллиондаған адам мен экспорт­таушылардың кіріп, әлеуетті сатып алушыға өз өнімін көрсететінін түсіну керек. Біздің өндірушілердің мін­деті – әлеуетті сатып алушыларды қызық­ты­ру», дейді «QazTrade» сарапшылары.

«QazTrade»-нің көмегі неде?

Кері байланыс та – елеулі фактор. Ста­тистика бойынша келіп түскен сұра­ныс­тарға дереу жауап беретін компаниялар өз тауарларын табысты сатады екен. Әрине, сұраныс түскеннен кейінгі мәміле жасасу дәстүрлі экспорттау әді­сі­нен өзгеше емес. Бұл ретте басты проблема ретінде логис­тиканы айтуға болады дейді мамандар. Белгілі бір елдерге Қазақстаннан тауарды жеңіл әрі арзан шығару әр кез мүмкін бола бермейді. Бұл ретте сауда саясатын дамыту орталығы отандық экспорттаушыларға экспорттық қызметтің барлық кезеңінде ақпараттық және консультациялық қызмет көрсетеді. Қызметтер қатарына көптеген игі мүм­кін­дік кіреді. Атап айтқанда, тартымды нарықтарды таңдау, әлеуетті жет­кізу­шілерді іздеу, тауар жеткізуді ұйым­дас­ты­ру, оңтайлы жеткізу маршрутын табу.

Alibaba Group стратегиялық даму бо­­йынша вице-президенті Крис Зоудың айтуын­­­­ша, платформадағы ең танымал тауарлар – тамақ және сусын, ауыл­шар­уа­шылық өнімдері, сән және ден­сау­лық тауарлары, киімдер.

«Олардың көбін қазақстандық кәсіп­орындар мен өңірдегі көршілес елдер­дің компаниялары ұсына алады. Егер Alibaba.com бұрын Вьетнам және АҚШ жеткізушілеріне қызықса, осы жылдан бері алаң Қазақстанға көбірек кө­ңіл бөлуге көшті. Біз сатушылар ара­сында да, сатып алушылар арасында да қазақстандық өнімдерге қарай ба­ғыт­талып жатқан үлкен бизнес-бел­сен­ділікті байқап отырмыз. Қазір біз та­уарлардың қай санаттарының экспорт­тық бағдарлануы жоғары екені туралы зерттеулер жүргізіп жатырмыз, олардың әлеуетін зерттеп, алаңда табысқа жете алатын компанияларды «QazTrade»-пен бірге анықтаймыз», дейді К.Зоу.

Орталық Азия бойынша аға бизнес-менеджер Дэниел Чжоу қазақстандық өндірушілердің жеңіл тағам, тұқым, кеп­­тірілген жеміс, кондитерлік өнім, консерві, халал ет өндірісіне бағдар­лан­ға­ны дұрыс болар еді дейді.

Alibaba қойған талап

Кәсіпкерлер үшін ең қызығы – плат­фор­маға шығу үшін қандай та­лаптардың қойылатыны. Орталық ма­ман­дарының түсіндіруінше, компания­лар­ды іріктеу қазақстандық тауар өн­ді­ру­шілері мен сау­да компанияларын іріктеудің бекітілген ережесіне сәйкес жүргізіледі. Іріктеліп шыққан ком­па­ниялардың барлығына Gold Sup­plier мәр­тебесі бар аккаунттар бері­ле­ді. Ере­же бо­йынша іріктеуге тиісті ква­ли­фи­ка­циялық талаптарға жауап беретін ұйым­дар қатыса алады. Бұл реттегі ең бас­ты критерий – тауардың шығу тегі туралы сертификаттың болуы. Мемлекет қол­да­уымен платформаға шығарылатын барлық өнім елімізде өндірілген болуға тиіс.

Сондай-ақ кәсіпкерлік қызмет субъек­­­­тісі ретінде тіркелгеннен бас­тап ірік­­­­теуге қатысуға өтінім бергенге де­йінгі аралық 6 айдан аз болмауы керек. Платформадан орын алуға үмітті кан­дидаттың салық берешегінің бар екені де тексеріледі. Салық қарызы бол­са, іріктеуге жіберілмейді. Оған қоса экспорттық қызметті атқару үшін тиіс­ті жеткілікті ресурсы бар екенін де дәлелдей алуы шарт. Тағы бір айқын талап – платформаға үміткер компания­да ағылшын тілін меңгерген бір штатты жұмыскердің болуы. Цифрланған контенті бар ресми сайтының болуы, яғни кәсіби фотолары, тауардың бейне сипаттамасы, компанияның бейне таныстырылымы, ағылшын тіліндегі өнім каталогының болуы да – міндетті талаптар қатарында.

Gold Supplier мәртебесі

Биыл 70 шағын және орта бизнес кәсіпорны «алтын» аккаунт мәртебесін ие­ленбек. Бұл мүмкіндік оларға бір жылға беріледі. «Алтын» аккаунттың болуы арқылы платформада компанияның мини-сайты рәсімделіп, қайтарымсыз негізде Alibaba.com ресми сервис-серік­те­сінен сервистік қолдау алады.

Ерекше мәртебеге ие болған жеткізу­шілер Alibaba алаңының маркетингтік құралдарын пайдалана алады. Оны қалай пайдалану керектігін «QazTrade» әрбір қатысушыға егжей-тегжей үйретеді. Бұл құралдар – жарнама, онлайн-аудармашы, жария сұраныстар сервисі. Сауда алаңының парақшасында сатып алушы онлайн-дүкенді, тауардың, ком­панияның тауар атаулары жазылған ка­та­­логтың қайда орналасқанын көре алады.

Gold Supplier – тауар жеткізушінің премиум-мәртебесі. Ондай жеткізуші­лер­ге өз тауарын ілгерілету үшін кешенді тәсілдер қолжетімді. Аудиторияны мейлінше молынан қамти алады. Gold Supplier – Alibaba.com каталогындағы ком­паниялардың ақылы мүшелігі. Осы мәртебеге ие бүкіл жеткізуші заң­дық мәртебесін және компания кең­се­сінің физикалық бар екенін (зауыт, қойма) растайтын верификациядан өтуге міндеттеледі. Gold Supplier Membership-ті пайдаланатын компаниялар мини-сайттан бөлек мынадай игіліктерге қол жеткізеді: тауарлар мен қызметтерді кез келген мөлшерде орналастыра алады, іздеу жүйесінде басымдыққа ие, Rate for quotation (RFQ) жария сұраныстардың тендерлік базасына қолжеткізеді, cатып алушылардың сенімі.

«Тексерістен сәтті өткеннен кейін жеткізуші Gold Supplier (Алтын жеткізу­ші) белгісін компания атауының қасына орналастыру құқығын иеленеді. Бұл белгі жеткізушінің қызметі заңды және тіркелгенін әйгілейді. Сонымен қатар белгіде жеткізушінің (сатушының) бұл мәртебені қанша уақыт иеленіп келе жатқаны көрсетіліп тұрады. Іріктеуден іркілмей өткен компанияларға экспортты бастау үшін оптималды қызметтер пакеті ұсынылады. Сондықтан электронды алаңқайда жұмысты ешқандай тәжірибесіз бастап кету де қорқынышты емес», дейді мамандар.

«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы басшысының орынбасары Әсел Егембердиеваның айтуынша, «алтын» аккаунт алу – істің тең жартысы ғана.

«Әлеуетті серіктестермен тиімді жұ­мыс істеу және сатылымда табысқа жету бизнесменнің қаншалықты күш салуына байланысты. Нәтижеге жетемін деп нақты мақсат қойған кәсіпкер ком­па­ния ішінде мониторинг жүргізеді, ағылшын тілін меңгерген жауапты менеджерді бекітеді, контактілер базасын жинайды, сервистік серіктестермен үйлесе қыз­мет атқарады. «QazTrade» өз тарапы­нан экспорттаушыларға e-commerce қыр-сы­рын түсіндіруді, кон­сультациялық қызмет көрсетуді тоқтатпайды», дейді ол.

3 жылда – 300 млн доллар

Өнімді шетелге экспорттау үшін өзіміздегі өндіріс қуатының жоғары болуы қажет екені белгілі. Сарапшылардың айтуынша, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ор­нық­ты экономикалық өсім» Ұлттық жобасы аясында өңдеуші өнеркәсіптегі өнімдер көлемін 2025 жылға таман 1,5 есе және шикізаттық емес экспортты 41 млрд долларға дейін екі есе арттыру көзделген екен. Әрине, жоба сәтімен іске асса, онда көрсетілген межеге жетерміз және бұл өз кезегінде отандық экспорттық әлеуетті де көтеретіні айқын.

«2020-2022 жылдары 220 компания Alibaba платформасына орналастырылды. Бағдарлама қатысушыларының 2020-2023 жылдар аралығындағы саты­лы­мының жиынтық көлемі 300 млн долларға жуықтайды. Биыл отандық ком­панияларды халықаралық сауда алаңына шығару бағдарламасын жүзеге асыру жалғасып жатыр», дейді «QazTrade».

Трамптың табысы

Сауда платформасына сәтті шығып, экспорт­тық әлеуетін де, өндірістік қуа­тын да еселеп үлгерген отандық компа­нияның бірі – «Afilter.Kz» компаниясы. Бұл компания 2016 жылдан бері су фильтрін шығарумен айналысады және бұл өндірісті елімізде қолға алған тұңғыш кәсіпорын. Компания президенті Трамп Айдархановтың айтуынша, олар алдымен ресейлік және қытайлық бәсе­ке­лестерді нарықтан ысырған, содан кейін өндірістік қуатын молайтқан, экс­порттық ауқымы кеңейген, ал қазір елдегі ірі жылу-энергетикалық кешендер мен компанияларды, одан бөлек қарапайым халықты да су фильтрімен қамтамасыз етіп отыр. Нарықтағы қазіргі қамтамасыз ету үлесі – 8-10 пайыз шамасында. Бірақ келер жылы бұл үлесті 35-40 пайыз дең­ге­йіне көтермек. Қазір зауыт күніне 1 500 фильтр өндіреді. Бір айда 25-30 мың фильтрді нарыққа шығарады.

«2020 жылы, пандемия басталардан екі ай бұрын, қаңтарда бізге «QazTrade» хабарласып, өнімдеріңізді экспорттауға қалай қарайсыздар, біз сіздерді Alibaba платформасына шығатындар тізіміне қоссақ деп ұсыныс жасады. Біз, әрине, қуана келістік. Наурызға дейін екі ай оқытты. Сөйтіп, қосты. Дәл сол кезде карантин де басталды. Сәуір айында Alibaba арқылы Өзбекстаннан хабарласып, фильтр сұрады. Шілде айында алғашқы экспортты жүзеге асырдық. Бір газель фильтр жөнелттік. Одан кейін Македониядан ұсыныс келді. Бірақ Еуропаның талабы басқа екен, экспорт жасау кезінде аздап қиындық туындады. Бұл кезде де «QazTrade» көмектесіп, Еуропалық одақпен және Дү­ние­жүзілік сауда ұйымымен шарты аясында екі апталық оқуға жібер­ді. Еуропа тауардың экологиялық тазалығына баса мән беретіндіктен қа­ға­з­дың бетінде қандай материалдан жасалғаны жазылып тұру керек екен. Кейін сұрыптауға, қайта өңдеуге жібере­тіндіктен пакеттің қанша жылда шіритінін де білуі керек. Пластиктің де қанша уақытта бұзылатыны жазылады. Пластик зауыттан шыққан жаңа ма, әлде қолданылған ба дегенді де қадағалайды. Өйткені фильтр суға қойылады, ал ол ішетін су болса адам денсаулығына әсер етеді. Біз 200 дана фильтрдің барлығын осы талапқа сәйкестендірдік. Бірден қабылдап алды», дейді Т.Айдарханов платформаға шығу тарихымен бөлісе отырып.

Сауда платформасы арқылы Қырғыз­стан да компания тұтынушысына айнал­ған. Жалпы алғанда, халықаралық плат­фор­маның арқасында 10-20 мың дол­лардың экспортын жасаған.

Қазір Alibaba.com маркетплейсінде 230 мың «алтын» жеткізуші, 5 900 ішкі санат, 200 млн-нан аса тауар бар. Күн са­йын платформада сатып алушылардың 400 мыңнан аса сұранысы орналастырылады.