Жаңа оқу жылының қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл мектептеріне заманауи үлгідегі 29 автобус берілді.
«Мемлекет мектеп оқушыларының сапалы білім алуы үшін барлық жағдайды жасап келеді. Мектепке тоңбай баруы мен қайтуын да назарда ұстайды. Тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік те маңызды. Жаңа автобустар оқушылар үшін жылы, ыңғайлы әрі қауіпсіз», деді облыс әкімі Айдарбек Сапаров.
Автобустар кондиционер және қауіпсіздік белдіктерімен жабдықталған. Көлікте ерекше қажеттілігі бар балалардың мұқтаждықтары да ескеріліп, пандус пен жүргізушіні шақыру түймесі орнатылған.
Енді облыс бойынша ауыл оқушыларын барлығы 143 автобус тасымалдайды. Автопаркті жаңарту жұмысы жалғасын табады.
Облыста білім саласына қомақты қаржы құйылып жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс орталығында 4 жаңа мектеп салынады. «Береке» шағын ауданында арнайы мектеп-интернаттың құрылысы басталды.
Сонымен қатар биыл 49 білім нысанында күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2,2 млрд теңге бағытталды. Оқу орындарын тәулік бойы мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етуге де қаражат бөлінді.
Жаңа оқу жылында 1-4 сынып оқушылары мен балабақшаларда әлеуметтік тұрғында аз қамтылған отбасылардың балалары тегін ыстық тамақпен қамтылады. Сонымен қатар «Жас өркен» және «Береке» шағын аудандарында 2 балабақшаның құрылысы басталады.
Солтүстік Қазақстан облысы