• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Тамыз, 2023

Білім ошақтарындағы берекелі іс

270 рет
көрсетілді

Өңірдегі білім ошақтары жөндеуден өткізілгеннен кейін жұты­нып сала берді. Ата-аналар да, мектеп оқушылары да сүйікті мектептерінің өзгеше реңге боянып, сән-салтанаты келіскеніне дән разы.

Зеренді ауданына қарасты етек-жеңі кең пішілген Шағалалы ауылындағы мектеп сонау 1965 жылы пайдалануға берілген. Соншама уақыттан бері күрделі жөндеу көрмегендіктен, тозығы да жеткен. Білім ошақтарын жаң­ғырту бағдарламасына сәй­кес 2021-2022 жылдары 188 мектепті жөндеуден өткізу үшін 4,2 млрд теңге қарас­тырылған. Қыруар қаржы көнер­ген ғима­рат­тарды жаңартып, ма­те­риал­дық-техникалық базасын толық­тырып, білім саласын жаңа биік­ке көтеруге шарапатын ти­гізіп отыр. Шағалалы мектебі де күрделі жөндеуден кейін қайта тү­леген. Бұл білім ошағына 261 млн теңге бағытталған. Орта жә­не бастауыш сыныптардың ғима­ра­ты облыстық және респуб­ли­калық бюджет есебінен жаңғыр­тылған. Кіреберіс дәліз де, пән ка­би­неттері де жарқырай жайнап тұр. Орталықтандырылған су желісіне қосылған. Өздерінің жеке қазандығы бар. 27 оқу ка­бинетінің 20-сы компьютермен жабдықталған. Спорт зал, асхана, медицина кабинеті көзтартарлық. Мектеп директоры Жәнібек Нұр­шәріптің айтуынша, білім сапа­сының көрсеткішіне байланысты аудандағы 62 мектептің арасынан үшінші орынға ие болыпты. Мұғалім де жеткілікті.

Жаңа оқу жылында мектеп оқушылары оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етіліп отыр. Жалпы, білім аламын деген оқу­­шыға мүмкіндік мол. Элек­трон­ды кітапхана жұмыс істейді. Бас­тауыш сыныптың оқытушысы Айнұр Ратай кітапханашы жұмы­сын қосымша атқарады. Тағы бір жағымды жаңалық – қазақ тілі пәні кабинеті интерак­тив­ті тақтамен, моноблокпен жабдық­талған. Сабақ жаңа әдістеме бо­йынша жүргізіледі. Бұрынғыға қара­ған­да жергілікті ұлт тілін үйре­нуге деген ынта басым. Оған тіл оқытудың техникалық мүм­кін­дігінің жетілуі себепші болып отыр. Мектеп директорының айтуынша, бірнеше ұлттың балалары білім алып жатқан мектепте барлық оқушы қазақша ауызекі тілде сөйлей алады. География пәнінің кабинетіне құны 2 млн теңге тұратын Touch Panel сенсор­лық экраны ор­натылған. Өзіңіз ойлап қараңыз, білмекке жаны құмар ауыл балалары география пәнін оқыған кезде әлемнің кез келген жерін алақандарына салғандай көріп, қыр-сырын жадына тоқитын болады. Осы бір әдемі мүмкіндік төрткіл дүниені тегіс танып білуге құлшыныстарын арттырады емес пе? Титімдей тетікті бассаңыз болды, өзен бе, теңіз бе, асқаралы тау ма көркем суреті кілкіп, көз алдыңызда тұрады. Геог­рафия пәнінің мұғалімі Ар­дақ Қабденованың пікірінше, осы бір техникалық мүмкіндік оқушы­лардың ой-өрісін кеңейте түскен әрі бұлардың мектебі осы жаңалықтың арқасында аудандағы білім ошақтарының алдыңғы легі­нен табылды. Білім ошағын жаңа заманның талабына сай жаб­дық­тау, мұғалімдердің де еңбе­гін бір­ша­ма жеңілдете түскен. Бұрын­ғы­дай қадам басқан ісін хаттайтын қағазбастылықтан арылып, ізде­ніс­пен жұмыс істеу­ге ұмтылу үстінде.

– Қазіргі мұғалімнің мүм­кіндігі молайды, – дейді Ардақ Қабденова. – Мәселен, мен тапсырманы экран арқылы көрсетемін. Сыныптың барлық оқушысына жеке-жеке тапсырманы басып шығарудан арылдық. Былай қарағанда, жеңіл-желпі дүние болғанымен, күн са­йын қайталана келе қыруар шаруа болып шығар еді.

Щучье қаласындағы №5 орта мектептің жөндеуіне 459 млн теңге қаражат бөлінген. Айт­пақшы, білім ошағы 1957 жы­лы салыныпты. Содан бері тың­ғы­лықты жөндеу жұмысы жасалып отырғаны осы. Құрылыс­шылар қабырғасын ғана қалдырып, қалған дүниенің бәрін жаңалап шыққан. Есесіне қазіргі кейпі жаңадан салынған ғимарат тәрізді. Бұрын-соңды болмаған асханаға да орын табылған. Тағы бір керегі – ұжымның басын қосатын мәжіліс залы. Бұл білім ошағы – Щучье қаласындағы ауызекі тілде «станса сыртындағы поселке» деп аталатын шағын ауданның азаматтарының басын қосып, кездесу өткізетін де жері. Бүгінде 533 орындық білім ошағында 329 оқушы білім алады. Математика, физика, тарих пәні мұғалімдерінің жетіспеушілігі бар. Жоғары оқу орнын бітірген түлектер бас­пана берілмейтіндіктен келе алмай отыр. Жөндеу жұмысы жүргізілгеннен кейін жаңа информатика кабинеті жабдықталған. Мұндай кабинеттердің саны – алтау. «Бала­лар роботтехниканы меңгеріп, әртүрлі байқауларға қатысады. Алдағы уақытта бұл бағытты жетілдіруге күш саламыз», дейді мектеп директоры Қуаныш Шаяхметов.

Қатаркөл елді мекеніндегі Әбілқайыр Досов атындағы орта мектеп 1971 жылы пайдалануға берілген. 2021 жылы облыстық бюджеттен 354 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеуден өткізілді. Қазір көрген жан көне деп айта алмас еді. 2022 жылдың 8 тамызында «Қазақстан халқына» қорымен келісімшарт жасалған. Осы келісімнің нәтижесінде ауыл мектебі 250 млн теңгеге қажетті құрал­дармен жабдықталған. Мек­теп жаңғырған соң Щучье қа­ласынан келіп оқитын оқушы­лар да көбейе түскен. Мектеп ди­рек­торы Серікбай Мусин білім ошағының кіреберісіндегі ақпараттық киоскінің жұмы­сымен таныстырды. Электронды жүйе дәл осы кезде мектеп іші немен тыныстап жатқанын айна-қатесіз көрсетіп береді. Әр кабинет ыңғайлы жиһаздармен жабдықталған. Тіпті жаңа телестудия пайда болыпты. Мектепте «Озық ойлар оралымы» деп аталатын мүйіс те бар. Бұл жерге мұғалімдер мен мектеп оқушылары өздерінің ой-пікірлерін, ұтымды ұсыныстарын жазып қалдыра алады. Қатаркөл мектебі Астана мен Көкшетау қаласындағы интеллектуалды мек­­тептермен байланыс жасайды.

Щучье қаласындағы орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжінің жатақ­ханасына жалпы құны 221 млн теңге болатын күрделі жөн­деу жұмысы жүргізілген. Бұл – өңірдегі ең байырғы білім ошағы. Ұжым осы жылы 125 жыл­дығын атап өткелі отыр. Қа­­­зір колледж­де 500-ге жуық бі­лім алушы бар. Жөндеу жұ­мысы­мен айналысқан мерді­гер­лер ғимараттың еденін то­лық жаңа­­­лаған. Электр, су, жы­лу же­лі­­­лері жаңартылған. Есік­­тері ал­мас­­тырылған. Бейне бақы­лау ор­на­тылған. Шатыры қым­тал­ған. Колледж директоры Аза­мат Қо­жақовтың айтуынша, білім алушыларды жатақханамен қамта­масыз етуде мәселе туындаған емес.

Осылайша, Көкше өңіріндегі білім ошақтары заманға сай тү­леп жатыр.

 

Ақмола облысы