• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Маусым, 2010

ҚАЗНЕТТІҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАРЫ

606 рет
көрсетілді

Кеше Алматыда өткен кеңесте Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев Интернет жүйесінде қазақстандық сегментті дамытудың маңыздылығын атап көрсетті. Қазнетті дамыту жөніндегі аталмыш кеңеске Байланыс және ақпарат министрлігінің, “Қазкон­тент” АҚ өкілдері және “Қа­зақ­стан Интернет қауымдастығы” заң­ды тұлғалар бірлестіктерінің өкіл­дері қатысып, өзекті ой-пікір­лерін ортаға салды. Министрдің айтуынша, Қазнетті дамыту қазіргі уақытта министрлік қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Өйткені, бұл сала нақ қазір жедел қарқынмен өсу үстінде әрі бизнес-ортада өзінің коммер­циялық тартымдылығымен айрық­ша көзге түсіп отыр. А.Жұмағалиев қазақстандық сайт­тарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы игілікті ізденістерге тоқтала келе, осы орайда мемлекеттік қолдауға ие болған алғашқы жеті сайттың аттарын атады. Министр сол арада олардың авторлары мен иелеріне тегін хостинг сертификаттарын та­быс етті. Интернеттік ақпарат ай­дынында тегін жұмыс істеудің құр­метті құқығын иеленген алғашқы қарлығаштар қатарында  Алексей Щеглов (nіght.kz), Асхат Еркімбай (mіnber.kz), Валентина Боровая (uchі.kz), Марат Түнқатаров (kzmz.kz, mama.kz, comport.kz)  және басқалар бар. Үш бірдей жобаның жасаушы авторы М.Түнқатаров өзінің жауап сөзінде осындай жақсы мүмкін­дік­тер туғызып отырған мемлекеттік қолдау үшін министрлікке және Қазақтелекомның мамандарына алғыс айтты. Мараттың бір сайты жас аналар үшін пайдалы кеңестер беріп, сәби күтімінде көп септігін тигізуде. Ал журналист, web-редактор В.Бороваяның жобасы жоғары сынып оқушыларын білім көкжиегіне құлшындырып, ҰБТ-ға ұтымды дайындалу орайында таптырмайтын көмекші болуда. Жалпы, мемлекеттік бағдарлама хостинг қызметін тегін беру ар­қы­лы қазақстандық сайттарды қол­дауды көздейді. Осылайша олардың үнемделген қаржысын ресурс өрісін кеңейтуге жұмсауға мүмкіндік ту­ғызады. Кездесу барысында бағдар­ламаға қатысу үшін белгіленген та­лаптарға сай келетін ресурстар шақырылатыны баса айтылды. Мұндай сайттардың кейбірі тіпті айына алты мың реттен ашылатын көрінеді. Бұл жөнінде “Қазкон­тент” АҚ басқармасының төрағасы Азамат Омаров әңгімеледі. Сонымен бірге кездесуде Қа­зақстан Интернет қауымдасты­ғының Интернет жүйесіндегі қа­зақстандық сегменттің норма­тив­тік-құқықтық негізін жетілдіру жөніндегі ұсыныстары танысты­рыл­ды. Еліміздегі хостинг қызметін дамыту жайы сөз болды. “Қаз­кон­тент” АҚ қазір министрлікпен жә­не Қазтелекоммен бірлесе отырып отандық хостинг алаңдары үшін жақ­сы жағдай жасау мүмкіндіктерін қарастыруда. Қазақстандық Интер­нет-қоғамдастықтың өкілдері бұл кездесудің жемістілігін атап өтіп, ос­ындай ынтымақтастықтың ал­да­ғы уақытта Қазнетті жаңа сапалық би­іктерге көтеретіндігіне сенім білдірді. Қорғанбек АМАНЖОЛ.