• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 02 Қыркүйек, 2023

Реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету

168 рет
көрсетілді

Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Парламент Сенаты VIII шақырылымы II сессиясының алғашқы отырысы өтті. Мұнда сенаторлар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда белгілеп берген басымдықтарды талқылады. Сенат төрағасы Президент бас­тамалары мен реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету палатаның аса маңызды міндеті екенін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев Жолдауда берілген тапсырмалар қазіргі жағдайда өзекті екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы ұсынған реформаларды іске асыру жолында азаматтардың жұдырықтай жұмылуы маңызды екеніне назар аударды.

«Мемлекет басшысы Жол­дау­да еліміздегі эконо­мика­лық саясаттың жаңа моделін қа­лып­тастыруға басымдық берді. Қазіргі таңда әлемдегі күрделі ахуал мемлекеттердің дамуына өз әсерін тигізуде. Осындай қиын кезеңде Президентіміз ха­лықтың тұрмыс сапасын арт­тыруға үлкен көңіл бөліп отыр. Жолдауда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың жүйелі механизмдері көрсетілді. Бәріне бірдей түсінікті, ашық, әділетті салық саясатын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Инвестиция тартуға қолайлы бизнес климат қалыптастыруға баса мән берілді. Сондай-ақ Президентіміз елімізді индустрияландыру кезеңдерінде қордаланған проблемаларды шешіп, бұл үдерісті сапалы жүргізуді тапсырды. Ауқымды инфрақұрылымдық серпіліс жасау арқылы өңірлердің де дамуы­на жаңа тыныс беру көзделіп отыр. Мұның бәрі халықтың өмір сүру сапасын арттырып, әділеттілік қағидатының барлық салада жүзеге асуына мүмкіндік беретіні сөзсіз. Алдағы уақытта Сенат Президентіміз белгілеп берген міндеттерді заңнамалық тұрғыдан сапалы әрі уақтылы қамтамасыз ету жолында бел­сенді жұмысын жалғастыра береді», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата спикері сенаторлардың өңірлерге сапарларын қорытындылап, барлық деңгейдегі депутаттармен және жұртшылықпен жүйелі өзара байланыс орнатудың маңыздылығына тоқталды.

Мәулен Әшімбаев жаз айларында сенаторлар өңірлерде жергілікті халықпен, қоғам өкілдерімен және мәслихат депутаттарымен 580-нен астам кездесу өткізгенін атап өтті. Аталған кездесулерде айтылған ұсыныстар, мүдделі тараптардың, түрлі әлеуметтік топтардың, сарапшылардың, қоғамдық институттардың және ғалымдардың пікірлері заң шығару қызметінде назардан тыс қалмау керектігі де атап өтілді.

Сондай-ақ палата отырысында депутаттар Электрондық жүйенің пайдаланылуын және оған қызмет көрсететін пер­со­налдың жұмысын бақылау жөніндегі комиссияны құру туралы мәселені қарады.