Өңірде мал өнімдерін молайту бағытында жағымды жаңалық жеткілікті. Мәншүк Мәметова атындағы елді мекенде тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Кешен 1 600 бас сауын сиырға лайықталып салынып жатыр. Бұл жоба аудандағы бұрын-соңды қолға алынған ең ірі жоба екендігін сүйіншілеп атап айта кетуіміз керек. Астананы азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуіндегі тауарлы-сүт фермасы өз жұмысын бастаған кезде қала тұрғындарының ақ дастарқанын сүт өнімдерінің әлденеше түрімен байытып, нарықтағы өнім бағасын біршама тұрақтандыруға оң әсер етуі әбден мүмкін.
– Сүт өнімдерін өңдейтін кешен салу идеясы осыдан екі жыл бұрын туындап еді, – дейді «Мәншүк-АЭ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Тимур Пішенов. – Біз энергия қуатын үнемдейтін, экономикалық жағынан тиімді жаңа технологиялық құрылғыларды пайдаланбақпыз. Бұл іс алдымен ферма жұмысшыларына жайлы болады. Осындай үнемдеудің арқасында тауарлы-сүт фермасы өнімдерінің өзіндік құны төмендейді. Тәулігіне 45-48 тонна сүт өңдеуге мүмкіндік бар.
Бүгінгі күні ферма құрылысы алдын ала межеленген жоспар бойынша жүргізіліп отыр. 2 сиыр, 5 бұзау қорасы, сауын блоктары, мал азығын дайындайтын цех, әкімшілік-тұрмыстық кешен салынды. Кешен өз жұмысын бастаған кезде Астана қаласымен бірге өзге де елді мекендерді сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін болады. Оның үстіне жаңа жұмыс орындары да ашылып отыр. Қазір мұнда 35 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта серіктестік басшылары өздеріне қажетті мамандарды оқытып алмақ. Мал мамандарын да оқытып, дайындау көзделіп отыр. Серіктестік басшылары болашақ мамандар үшін алты тұрғын үй салды. Алдағы уақытта тағы да төрт пәтер салмақшы. Тауарлы сүт фермасы таяу арада іске қосылады.
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы