Солтүстік Қазақстанның егіс алқаптарында қызу жүріп жатқан орақ науқаны дәнді дақылдар ғана емес, дәнді-бұршақты дақылдарды да жинау үстінде. Сондай-ақ биыл майлы дақылдар мен картоптың және көкөністердің де үлесі қомақты. Жауын-шашынның кей жерлерде құйып өткеніне қарамастан, облыс бойынша жиын-терім жұмыстары қарқынды жүргізіліп отыр.
Бұдан бұрын жазғанымыздай, биыл 4,5 млн гектар алқапқа егін егілген. Соның 3,4 млн гектарына астық және дәнді-бұршақты дақылдар, 685,8 мың гектарда майлы дақылдар, 28 мың гектарда картоп және 5,5 мың гектарда көкөністер отырғызылған. Егісті әртараптандыру мақсатымен егілген жасымықтың (чечевица) егіс көлемі биыл 115,3 мың гектарға жетті. Былтыр 66,3 мың гектар ғана болған еді. Күнбағыстың көлемі де артты. Биыл ол 131 мың гектарға отырғызылды, ал былтыр 119,3 мың гектар болған.
Бүгінге дейін астық дақылдарының 25 пайыздайы бастырылды. Аудандар арасында Жамбыл, Уәлиханов, Есіл аудандары алда келеді.
Көктемгі егісте облыс диқандары астықтың сұрыпын асылдандыру ісін үнемі назарда ұстап келді. Биыл олар жерге 46,6 мың тонна элиталық тұқым сіңірген, бұл барлық егіс көлемінің 9,5%-ын құрайды. «Жерді құнарландыру жұмысын да жергілікті билік те диқандар да үнемі ескеріп отырады. Биыл тағы да 200 мың тонна минералды тыңайтқыштар себуді межелеп отырмыз. Оның 175,6 мың тоннасы 2,3 млн гектар бүгінге дейін жерге сіңірілді», дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.
Айта кететін жайт, биыл 3,4 млн гектар жердің арам шөбі оталып, зиянды жәндіктер мен өсімдіктің түрлі ауруларына қарсы тиісінше 849 мың және 688,2 мың гектар алқап дәріленді.
Қала маңында жеті мың гектар жерге астық егумен айналысатын «Токуши Grain» ЖШС-ның директоры Жомарт Омаровты әңгімеге тартқанымызда ол агротехникалық шаралардың бәрін уақытымен орындағандарын айтты. «Биылғы жазда біздің алқаптарға жауын-шашын аз жауды. Тіпті өңірдің кейбір аудандарында апталап, айлап тамшы тамбады. Соның кесірінен алқаптардың өнімділігінде ала-құлалық бар. Әзірше өнімнің шығымы жайлы айту ерте», дейді серіктестік басшысы.
Серіктестіктегі 7 мың гектар жердің 6,5 мың гектарына дәнді дақылдар отырғызылыпты. Соның 5 мың гектарына бидай, қалғанына жасымық, арпа, сұлы тәрізді дақылдар егілген. Шаруашылықтың техника паркінде 8 комбайн, 12 жүк тасымалдайтын көлік пен бірнеше трактор бар. Күзгі жиын-терім жұмыстарына 60-қа жуық жұмысшы тартылған.
Солтүстік Қазақстан тәуекелді егіс зонасына жатады. Кейбір жылдары ала жаздай тамшы тамбайтын кездер де болып қалады. Ондайда халық Құдайға жалбарынып, тасаттық беріп жатады. Биыл да ондай жағдай көп кездесті. Осы жағдайдан құтылудың бір жолы – жерді қолдан суару. Жоғары технологияны қолданып, қолдан суаруды тұрақты қолданатын шаруашылықтар жоғарғы өнімділікке қол жеткізіп әрі егіс үдерісін тұрақты жүйеге көшірген. Биыл қолдан суару былтырғымен салыстырғанда екі есеге жуық артты. Суару жұмыстары, әсіресе картоп, көкөніс және жемазық алқаптарында өсіп келеді. Биыл қолдан суару мен ылғалды сақтау технологияларын енгізу бойынша 5 инвестициялық жоба қолға алынған. Бұл жобалар мемлекеттің қолдауымен іске асырылды. Осы бес жобаның құны – 3 млрд теңге. Қазірдің өзінде осы жобалар іске асырылған «Агро Елец», «Явленка МТС» ЖШС гектар берекелігі 20 центнерден бастап 35 центнерге дейін болып отыр.
Осы күндері солтүстіктің егіс алқаптары мен элеватор жолдарында 13,1 мың трактор, 7,5 мың әртүрлі астық жинайтын комбайн, 4,6 мың дестелегіш, 1 мыңдай шөп шабатын техника, 5,8 мың жүк машинасы қызмет етіп жатыр. Мемлекеттің көмегімен биыл ғана 2 мыңға жуық жаңа техника сатып алынды.
Облыс диқандарына 58,9 мың тонна жанар-жағармай қажеттілігі айқындалған. Мемлекет биыл нарық бағасынан 15 пайызға төмендетіп, жеткілікті көлемде шаруаларға литрін 250 теңгеден ЖЖМ босатты.
Облыс бойынша астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 6,8 млн тоннаны құрайды. Облыс аумағындағы барлық элеваторлар мен лицензияланған 48 астық қабылдайтын кәсіпорын өңірде өндірілген астықтың сақталуын толық қамтамасыз етеді. Сонымен қатар биылғы жылдың аяғына дейін ауыл шаруашылығы құрылымдарының үш нысанында сақтау қуаты 22 мың тоннаға жететін астық қоймаларының құрылысы аяқталатын болады.
Биыл облыс шаруашылықтарын қолдауға мемлекеттен 63,1 млрд теңге бөлінді, соның 19,6 млрд теңгесі егіс жұмыстарына бағытталды. Мал өсіру саласына бөлінген қаражат көлемі – 9,6 млрд теңге. Қалғаны инвестициялық салымға, өңдеу кәсіпорындарына және тағы басқаларына бөлінген.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевпен кездескенде біз жемазық дайындау жұмыстарының барысын да сұрадық. «2023-2024 жылдардағы қыс маусымын сәтті өткізу үшін бізге 940 мың тонна шөп, 211 мың тонна пішендеме, 216 мың тонна сүрлем дайындау қажет. Қазіргі таңда 875 мың тонна шөп пен 231 мың тонна пішен дайындалды. Қалғанын шаруалар күздің жылымық күндерінде жинап алады», деді ол.
Алдағы күндерде ауа райы қолбайлау болмаса, солтүстіктің шаруалары жиын-терім науқанын сәтті аяқтауға тиіс.
Солтүстік Қазақстан облысы