Елордаға іргелес орналасқан Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында жаңа мектеп-лицей ашылды.
Бұл ауылға мектеп керек-ақ еді. Себебі Астанаға жақын орналасқан аталған елді мекенде халық саны жыл сайын көбейіп келеді. Ауылдағы екі мектеп жеткіліксіз болды. Жаңа оқу жылы қарсаңында 300 орынға арналған білім ордасының табалдырығын 435 оқушы аттап отыр. Мектеп енді екі ауысыммен жұмыс істейтін болады. Келесі жылы «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында ауылда тағы да 1 200 орындық мектептің құрылысы басталады деп жоспарланған.
Жаңа мектепте 20 оқу кабинеті, акт, спортзалдары, физика және химия пәндеріне арналған арнайы кабинеттер, лингофонды, компьютерлік сыныптар, оқу залы қамтылған кітапханасы бар. Қазақ және орыс тілдерінде білім беретін екі қабатты нысанның құрылысына мемлекеттен 1,7 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалды. Білім ошағы директорының міндетін атқарушы Гүлнәр Әубәкірова мектептің ашылу салтанатында жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуларына жасалған қолдауға алғысын білдірді. Лицейде 50-ден астам мұғалім еңбек етпек.
Ақмола облысы