Шығыс Қазақстан облысының орман алқабында немерелерімен бірге саңырауқұлақ теруге барған 83 жастағы әже хабар-ошарсыз кеткен еді, деп хабарлайды Egemen.kz ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Самар аудандық полиция бөліміне қыз бала хабарласып, 83 жастағы әжесінен орманда жүріп көз жазып қалғанын айтқан. Туыстарына ілесіп, орманға саңырауқұлақ теруге барған әжей әп-сәтте көзден тасаланып, адасып кеткен. Өздері іздеп таппаған соң туыстары полициядан жәрдем сұрады.
«Тәртіп сақшылары іс-қимыл жоспарын құрып, орман алқабында іздестіру жұмыстарына кірісті. Соның нәтижесінде, бір сағат ішінде зейнеткер аман-есен табылды. Немересі әжесін тапқан полицейлерге шын жүректен алғыс білдірді», деді облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері.