Қазір дүниенің бәрі қымбат десек те, жол ақысының шарықтағаны халыққа оңай болмай тұр. Соның ішінде біздің елдің әуе компаниялары қызмет ақысын тым асыра сілтеп жіберетіні рас. Оны қарапайым жұрт былай тұрсын, Сенат пен Мәжіліс депутаттары да байқап үлгеріп, жеріне жеткенше айтып әлек. Бірақ өзекті мәселе әлі шешімін таппай тұр. Ғаламторды шарлап, әлеуметтік желілерді ақтарып шыққанда келген байламымыз – осы.
Жүріс-тұрысы көп жаз айлары болғаннан кейін бе екен, соңғы уақытта әуе билеттерінің бағасы тым шарықтап кетті. Бірақ бұған дейін де арзандап тұрғаны шамалы еді... Шектен шығып тұрған баға жолаушылардың да жанайқайын тудыратыны анық. Осы мәселеге қатысты тиісті мекемелерге хабарласып, әуе жолақысының қымбаттауына қатысты кезекті уәждерін тыңдап көрмекші болғанбыз. Өкінішке қарай, бұл әрекетімізден түк шықпады. Ешқайсысының да жолаушы жұрттың жанайқайына жауап беруге құлқы болмады. Сонда да болса жұртты тыныштандырар жауап іздеп ғаламторға кірдік, әдеттегідей әлеуметтік желілерді де парақтап көрдік.
Сырттай қарағанда, мемлекет мүмкіндігінше жолаушының қалтасын қақпаудың қам-қарекетін ойластырып жатқандай көрінеді. Айталық, қолжетімді деп ұсынған жобаның бірі – «FlyArystan». «Air Astana» компаниясының жанынан құрылған «FlyArystan» бюджеттік жобасы 2019 жылы қарапайым халықтың жағдайына орай арнайы іске қосылған еді. Оның қолайлы қызметі мен аса қымбат тұрмайтын билетін пайдаланушылар саны жыл сайын артып барады. Мысалы, 2019 жылы оның қызметін 700 мыңдай адам пайдаланған болса, өткен жылы «FlyArystan» арқылы 3 млн 250 мың адам әуе жолымен сапар шегіпті.
«FlyArystan»-ның алғашқы кезде ұйымдастырған бір күндік әлеуметтік акциялары жолаушы жұрттың көңілінен шығып, көп адамның қолдауына ие болғаны есімізде. Бастапқыда ел ішінде кейбір бағытта 7 мың теңгемен жетіп алуға мүмкіндік бар-тын. Қазіргі күнде «FlyArystan» арқылы бір ай бұрын Астанадан Алматыға билет алсаңыз бағасы 15 566 – 40 566 теңге аралығында. Ал еліміздің батыс өңірлеріне сәл қымбаттау. Күні жақындаған сайын бұл компания да бағаны біршама өсіріп отырады. Қанша дегенмен билет құны басқа әуе компанияларына қарағанда арзандау көрінетіні белгілі.
«FlyArystan» арқылы арзан билет алғаныңызбен, қол сөмкеңіз ауыр болса, тағы да шығынданасыз. Егер сөмкеңіздің салмағы 20-25 кило тартса, билет ақысына пара-пар қаржы төлейсіз. Сондықтан ұшақпен жолға шыққанда осы жағында ескерген жөн. Айта берсек, ұшақпен жол жүрудің тиімді тұстары мен қиын жақтары жетіп артылады. Мәселен, «FlyArystan»-ның жол ережесі бойынша қазақтың қарапайым домбырасын жолаушылар салонына жібермейді. Бұл туралы қоғамда талай айғай-шу шығып, біраз пікірталас болғаны есте...
Ал енді билет бағасының неге қымбаттап жатқаны туралы мәселеге ойыссақ. Ғаламтор желілерінде әуе билеттеріне қатысты көңіл жұбататын бір жаңалық емге жоқ. Сөйтсек, әу баста әуе билеттерінің бей-берекет қымбаттай беруіне жағдай жасап, жолы ашылып қойылған екен. 2015 жылы қазан айында елдегі ішкі бағыттарда жолаушыларды авиатасымалдау нарығы мемлекеттік реттеуден заңды түрде шығарылыпты.
Сол кездегі билік неге мұндай қадамға барғанын сұрағандарға қанағаттанарлықтай жауап та жоқ. Себебі елдегі әуе тасымалымен жолаушыларды қамтамасыз ететін санаулы-ақ компания бар. Содан ба бұл салада ешқандай бәсекелестік жоқ. Ортаны толық монополия жайлаған. Билік болса Қазақстанда авиакомпаниялар өз билеттерінің бағасын сұранысқа сай өзі белгілейді деп отыр. Сол арқылы жолаушы мен халық мүддесі өз пайдасын ғана ойлайтын компаниялардың ырқына қарай жығылады. Былай алып қарағанда, бағаны нарық белгілейді. Десе де сол нарықта бәсекелес деген ұғым мүлде жоқтың қасы. Соның салдарынан Қазақстандағы әуе тасымалының жағдайы осындай күйге жеткен.
Әуе кемелеріне билет құнының көтерілуіне тағы бір себеп авиакеросиннің үсті-үстіне қымбаттауы да әсер етіп отырған көрінеді. Мұнайлы еліміз қатты күштегенде жылына 650 мың тонна ғана авиаотын өндіруге қауқарлы екен. Ал авиакомпаниялар қызметін тұтынушылар күн санап көбейіп келеді. Қазіргі жағдайда сұранысқа орай отандық әуе тасымалдаушылары тұтынатын авиаотын көлемі 1 млн тоннадан асып жығылады екен. Демек жетпеген авиакеросинді қымбатынан өзге елден сатып алуға мәжбүрміз.
Сол кездегі билік авиакомпанияларға қажетті керосин құнын жолаушы жұрттың қалтасынан өндіріп алуға ерік берген соң еселенген пайданы ғана көздеп жүрген тасымалдаушы не істемейді? Авиаотын қымбаттаса, билет бағасын көтере қояды. Ал керісінше, авиакеросин арзандап кетсе, билет бағасы соған сай төмендемейді. Сол баяғы көтерілген күйінде қала береді. Бұл жерде оларға, «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмай тұрғандығы ғой....
Бүгінде бұл саланың құлағын ұстағандарға қарапайым халық түгілі депутаттардың да дауысы жетпей жатыр. Мәселен осы жылдың сәуір айында Сенатта Қазақстандағы әуе тасымалына қатысты мәселелер талқыланды. Сонда депутаттар ұшақ билеттерінің тым қымбат екенін тәптіштеп айтты. Сенатор Амангелді Төлемісов монополияға қарсы тексерулер жүргізіліп, әуе компанияларына айыппұлдар салынса да, ұшақ билетінің бағасы бұрынғыдай жоғары екеніне бір емес бірнеше дәлел келтіріп айтты.
«Авиабилеттің бағасын негізсіз көтеру және тиісті монополиялық тетіктерді қолдану фактілері болды. Бірақ сіздер бұл фактіні тіркесеңіздер, неге бағаны төмендетпедіңіздер? Тек бір адамды жауапкершілікке тарттыңыздар, бірақ баға жоғары болып тұр. Бұл тұтынушыларымызға, жолаушыларға әсер етеді. Әуе билеттері өте қымбат. Тіпті біздің қалтамыз көтермейді, қарапайым халықтың оны төлеуге мүмкіндігі жоқ», деді депутат.
Одан бері 5-6 ай уақыт өтті. Мәселе, «сол баяғы жартас» күйінде қала берді. Оның анық дәлелі дәл бүгінгі авиабилет құнының аспандап тұрғандығы. Сенбесеңіз телефоныңызды ашып, әр бағыттағы ұшақтардың билет бағасына көз жүгіртіп көріңіз.
Бүгінде Астанадан Алматыға қарай бірер күн бұрын ұшақ билетін алғыңыз келсе, шытырлатып 60-80 мың теңге қаражатыңызды қамдай беріңіз. Бір-бір жарым ай бұрын алсаңыз әрине соның жарты бағасына алуыңыз ықтимал. Шаруаңыз бір ай бұрын жоспарлауға келетін болса, жердің беті пойызбен де жетуге болады ғой. Бірақ ол жақтың да бағасы анау айтқандай арзан емес. Сонымен, әуе кемелерінің қызметін пайдалану батыс өңірдегі халыққа тым қымбатқа түсіп тұр. Алматы мен Атырау қаласының аралығындағы жолақысын «Air Astana» әуе компаниясы 311 621 – 317 067 теңгеге бағалаған. Бұл – билетті бір күн бұрын алатын болсаңыз төленетін ақы. Енді ел ішіндегі авиатасымалды осымен доғарып, көрші елге көз салып көрейік.
Қазір Астанадан Ресей астанасы Мәскеуге бару үшін қазақстандық авиакомпания қызметін пайдаланғыңыз келсе, билетті ұшуыңызға бір күн қалғанда алатын болсаңыз, ең арзан билет – 73 926 теңге, қымбаты 1 375 334 теңге тұрады екен. Елімізде орташа жалақы 365 502 (қазақстандықтардың басым көпшілігіне бұл сома үлкен арман) теңге болып тұрғанда, авиабилеттердің бағасы тым аспандап кеткені көпшілік қауымға түсініксіз.
Журналистер осы жағдайды түсіндіруді тиісті мекемелерден сұрағанда, алған жауаптары біркелкі. Біз қазір жолдаған сұрақтарымызға нақты жауаптар ала алмаған соң, осыдан 5-6 ай бұрынғы Үкімет уәжін тағы көрсетуді жөн санадық. Сонымен Қазақстандағы авиабилеттер неге қымбат?
Сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрінің орынбасары Алмаз Ыдырысов ұшақ билеттерінің бағасы көптеген факторға байланысты белгіленетінін былай түсіндірген. «Ең алдымен, ұшақ билетінің құнына 32 пайыз әуе керосинінің бағасы мен тапшылығы әсер етеді. Былтыр еліміздегі мұнай өңдейтін зауыттар 684 мың тонна әуе керосинін өндірді, ал жанармайдың сұраныс көрсеткіші 806 мың тоннаға жетті. Яғни Қазақстан 158 мың тонна әуе керосинін шетелден сатып алуға мәжбүр болып отыр. Эксплуатациялық шығындар мен әуе кемелерінің лизингі – 18 пайыз, әуежай қызметтері – 13 пайыз, жалақы төлеуге жұмсалатын шығындар – 6 пайыз билет бағасын белгілеуге ықпал етеді», дейді ол.
Оның айтуынша, әуе кемелерін сатып алу немесе жалға алу, қосалқы бөлшектерін сатып алу сияқты әуе компаниясы шығындарының 80 пайызға жуығы шетел валютасы арқылы іске асырылады. Ал әуе компаниялары өз табысының 80 пайызын теңгемен табады. Сол себептен олар өз шығындарын жабу үшін билет құнын қалағанынша қымбаттататын көрінеді.
Енді бұдан былай әуе кемелерінің билет бағасы арзандауы мүмкін бе, жоқ па? «Егер авиакомпанияларға қатысты заң, ережелерге түзетулер мен толықтырулар енгізіліп, халық мүддесіне орай қайта жасалса, авиабилет құны түсуі кәдік. Ол үшін алғышарттарда жасалып та жатыр. Оның жүзеге асуы үшін халық талапшыл, Үкімет батыл әрі адал болуы ләзім, дейді кәсіпкер Бегалы Пердәліұлы.
Кәсіпкердің бұл пікірі жүзеге асуы әбден мүмкін. Өйткені биылғы жарты жылда жолаушылардың саны 30 мыңға артқан. Сағаттап әуежайда уақыт өткізетін жолаушылардың жанайқайы ақыры Үкіметке де жетті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәлімдеуінше, жыл соңына дейін «SCAT» – 9, «FlyArystan» – 3, «Air Astana» – 2 әуе кемесін алуға тиіс.
Оған қоса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 1 қыркүйектегі Халыққа Жолдауында жаңа ұсынысын алға тартты. «Келесі жылы «Air Astana» компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады» деді ол. Қазіргі таңда елдегі ең үлкен әуе компаниясы «Air Astana» екені мәлім. Оның 51 пайыз акция пакеті «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына тиесілі. Бұл шара тиімді жүзеге асырылса, бәсекелестер саны артып, билет бағасының төмендеуіне әсер етуі бек ықтимал.
Бұдан шығатын қорытынды салаға арналған жол картасы бойынша азаматтық авиация саласында бәсекелестікті дамытудың негізгі кедергілерін азайту үшін нарыққа шамадан тыс мемлекеттік қатысуды жою шаралары қарастырылады. Мемлекет басшысы айтқандай «QazaqAir» АҚ, «AirAstana» АҚ акцияларының мемлекеттік пакеті сатылымға шығарылады. Оған қоса, шетелдік әуе тасымалдаушыларының нарыққа еркін кіруіне, елімізге рейстерді өз бетінше жолға қоюына мүмкіндік беретін «Ашық аспан» режімінің қолданылу мерзімі 2028 жылға дейін ұзартылады. Сондай-ақ авиа отынды өндіру мен оны отандық әуе компанияларына делдалсыз жеткізіп беру жүйесі түзіледі.