Президент Жарлығына сәйкес 1 қыркүйектен бастап азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудың күзгі науқаны басталады.
Жыл соңына дейін жалғасатын науқан аясында жергілікті атқарушы органдардың пункттерінде 195 қалалық және аудандық шақыру комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Биылғы әскерге қабылдаудың ерекшелігі – барлық іс-шара ашық түрде өтеді, сондықтан комиссия жұмысын сарбаздардың аналары мен қоғамдық комитет өкілдері бақылай алады.
Осы күзде әскер қатарына 19 мыңнан астам жас алынады деп күтіліп отыр. Оның ішінде Қарулы күштер қатарына 8 мыңнан астам, Ұлттық ұланға – 6 мың, ҰҚК Шекара қызметіне – 3 мың, Мемлекеттік күзет қызметіне және Төтенше жағдайлар министрлігіне 300 адам шақырылады.
Азаматтарды мерзімді әскери қызметке даярлау және әскерге шақыру – үздіксіз жүргізілетін үрдіс. Учаскелерге тіркелген сәттен жергілікті әскери басқару органдары әскерге шақырылуға жататын азаматтарды жүйелі түрде зерделеуді бастайды. Ол үшін оның құжаттарын оқып қана қоймай, жас жігіттермен тәжірибе жұмыстары да жүргізіледі.
Кезекті науқан қарсаңында барлық өңірде шақыру комиссияларын басқаратын облыс, қала және аудан әкімдері орынбасарларының басшылығымен шақыру және медициналық комиссиялары мүшелерімен нұсқау-әдістемелік сабақтар өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қорғаныс ведомствосы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мерзімді әскери қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту үшін мерзімді әскери қызметтің абыройын өсіру және беделін арттыру жөніндегі жұмысты жолға қойған. Соның бірі – бүгінде мерзімді қызметке алынған сарбаздарға несиелік каникул беріледі. Яғни ол әскерден оралғанша несие төлеу шегеріледі.
Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың оқу орталықтарында сарбаздар әскери-есептегі мамандықтар бойынша даярланып, оларға мемлекеттік үлгідегі куәлік беріледі. Бұлар – ел экономикасы үшін сұраныстағы мамандықтар.
Қорғаныс министрлігі 70-тен астам жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемесімен мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар үшін білім беру секторында қосымша жеңілдіктер беру туралы келісімге қол қойды. Биыл жоғары оқу орындарына тегін білім алу үшін әскерде қызмет еткен 180-нен аса, ақылы түрде оқуға 400-ден аса адам түсті.
Қазіргі уақытта әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке қою және шығару тұрғылықты жері өзгерген кезде автоматты түрде жүзеге асырылатынын білген жөн. Сол сияқты жуырда шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәліктер беру және борышын өтемеген азаматтарға әскери билеттер беру үрдісі жойылады.