• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қыркүйек, 2023

Жанға сая жасыл орман

244 рет
көрсетілді

Орманды өлкеде оралымды іс бар. Мәңгі жасыл қарағайлар мен қолдың саласындай аққайыңдар көмкерген орманды алқап жыл сайын қамқор қолмен егілетін көкөрім көшетпен толығып, еселене түседі.

Өңірдегі етек-жеңі кең пі­шіл­ген орманды алқаптың жалпы көлемі 405,1 мың гектарды құ­райды. Оның 229,5 мың гектары – сың­сыған орман. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі бес жыл ішінде 2 млрд көшет отыр­ғызу керек деген тапсырма­сын жүзеге асыру барысында тия­­нақты іс атқарылып жатыр. Бұған «Жасыл Қазақстан» ұлт­тық жобасын қоссаңыз, бұл тарап­тағы атқарылып жатқан ша­руа ауқымды. 2021 жылдың көк­темінде облыстық табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылықтары 1 370 гектар жерге көшет отырғызды. Егер алдын ала межеленген жоспардың 970 гектар екенін ескерсек, ойға алған шаруа оңынан оңғарылды деп айтуға әбден болады.

Негізінде көрікті Көкше бау­райындағы жасыл аймақ жыл са­йын балғын көшеттермен толығып келе жатқанын қадай айтқан абзал. Мәселен, 2022 жылы 1 280 гектар алқапқа көшет егу жоспарланса, нақты шаруа әлдеқайда асыра орындалып, жасыл желек 2 845,9 мың гектар жерді қамтыған. Демек ойға алған шаруа 222,3 пайыз орындалды деген сөз. Әуел баста 9,3 млн көшет отырғызу көз­делсе, іс жүзінде 17,2 млн дана әрқилы ағаш көшеттері отыр­ғызылған. Осылайша, жоспар 185 пайызға орындалған. Ал келер жылы 1 950 гектар алқапқа 11,5 млн көшет отырғызылу меже­леніп отыр. Әр жыл сайын дала көркі – орманды алқаптың көлемі көбейіп келеді. Егер 2009 жылдан есептесек, Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы кең көсілген далада 20 мың гектардан аса алқапта ағаш көшеттері отырғызылған екен. Бүгінде көкөрім көшет бой салып өсіп, ит тұмсығы батпайтын ну орманға айналып келеді. Астана-Щучинск бағытындағы тасжолдың бойына да 2,6 мың гектар алқапқа ағаш көшеттері отырғызылды. Қазіргі күні өкпек жолаушының көзқуанышына айналуымен қатар, қысқы боран-шашында пана, ық болып тұр. Ат басын іріккен жолаушы неше алуан ағаш қаулап өсіп тұр­ған орман ығында демалса, жұмақтай жайнаған өңірді бауыр басып мекендеген жүз сан құстың құйқылжыған үнімен тұ­­та­са біріккен ғаламат күйді – дала оркестрінің үнін тыңдар еді. Жалғыз көркемсурет қана емес, жеміс-жидегі – төңіректегі елдің сарқылмас ырыздығы.

2021 жылдан күні бүгінге дейін ағаш бүршігін кептіретін 7 құрылғыда 422 тонна бүршік жиналып, 4 220 қарағай тұқымы алынды. Орманды алқаптарды сауықтыру бағытында да қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Қазір 11 тәлімбақ жұмыс істеп тұр. 171 гектар жерде көшет өсіріліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты саралап айтатын болсақ, Ақкөл, Кіші Түкті, Маралды тәлімбақтарының атқарып отырған жұмысы өте нәтижелі. Сондай-ақ 8 уақытша тәлімбақтың табысты жұмысын қоссаңыз, тұтас шаруаның ауқымы кеңіп келе жатқанын аңғарар едіңіз. Тәлімбақтарда 10 млн-ға жуық екіжылдық және біржылдық көшеттер өсіріліп жатыр. Ал уақытша тәлімбақтарда 20 гектар жерге көшет отырғызылған. Ортақ іске толымды үлес қосу үшін Барап және Ерейментау орман шаруашылықтарында 2,2 гектар жерді қамтитын екі уақытша тәлімбақты жасақтап, жемісті еңбек етуде. Бұл жерлерде орман қорын молайтуға қажетті бірнеше түрлі ағаш көшеттері бапталып жатыр.

Көшет отырғызу барысында жағымды жаңалықтар да бар. Айталық Кіші Түкті орман шар­уа­­­шылығында 51 гектар жерге көшет отырғызу сонау 1972 жылы қолға алынған еді. Салаға серпін беру үшін күрделі жөндеу жүргізілді. Желден қуат алатын құрылғы орнатылды. «Маралды» орман шаруашылығында 23 гектар алқапты қамтитын тәлімбаққа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қоршалды. Жылыжайдың көлемі 600 шаршы метрге ұлғай­тылып, тамшылатып суаратын жүйе ор­­натылды. Қыста жылу беру ұйымдастырылды. Өзге де уақытша тәлімбақтардағы алқаптың көле­мін ұлғайту жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Әйтсе де ойға алған шаруаны жүйе-жүйесімен атқарып, жоғары міндет үдесінен шығу үшін тәлімбақтардың әлі де жетімсіздігі сезіледі. 2024-2025 жылдары тағы да екі тұрақты тәлім­бақ салу көзделіп отыр. Бұл ал­қап­тардың көлемі 86 гектарға жуықтайды деп көзделуде. Оның 61 гектары Зеренді ауданындағы «Бұқпа» орман шаруашылығында болса, екіншісі Атбасар ауда­нындағы «Маралды» орман шар­уа­­шылығында орналасады. Көз­делген істі жүзеге асыру үшін бюд­жеттік өтінім берілген.

Әрине, егілетін көшет түрлерін әр алуан ету айрықша маңызды. Осы орайда 2013 жылдан бастап Ресейдің Түмен облысындағы «Ақмешіт» тәлімбағымен ты­ғыз әріптестік орнатылған. Бұл тә­лімбақтан тез өсетін және деко­ративтік ағаш түрлерінің көшеттері алынады. Осындай ізденістің нәтижесінде қазір Көкшенің құ­нар­­лы топырағына жүзге жуық ағаш түрлері отырғызылып жатыр. Мұның арасында сирек кездесетін ағаш пен жеміс беретін ағаштар бар. Өткен жылы 5,8 мың дана 49 түрлі сирек кездесетін ағаш түрлері алынды.

Қыруар жұмыс атқарыл­ға­нымен, алда әлі де ауқымды іс бар. Егер облыстағы жер көлемінің 4,6 пайызы ғана орманды алқап екенін ескерсек, жыл сайын бұл істі ширата түсу қажет. Ол үшін бейберекет ағаш кесуге жол бермеу, тілсіз жау – өрттен қорғау тә­різді орманды жанашырлықпен аялайтын іс жүйелі жүргізілуге тиіс. Ел қазынасының дидарына кіреуке түспес үшін төл табиғатты аялай білетін перзенттік ілтипат керек-ақ.

 

Ақмола облысы