Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов Ақмола облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысу үшін Көкшетау қаласына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Олжас Бектенов депутаттарға Ақмола облысының әкімі лауазымына Марат Мұратұлы Ахметжанов пен Мұрат Сағатұлы Балпанның кандидатурасын ұсыну туралы Президенттің хатын оқып берді.Ашық дауыс берудің нәтижесінде 177 депутат Марат Ахметжановтың, 73 депутат Мұрат Балпанның кандидатурасын қолдап, дауыс берді. Жиналысқа барлығы 250 депутат қатысты. Дауыс беру қорытындысы бойынша Президент Жарлығымен Ахметжанов Марат Мұратұлы Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды.Өңір активіне жаңа әкімді таныстырған Олжас Бектенов Марат Ахметжановтың құқық қорғау және қадағалау салаларында түрлі басшылық қызметтерді тиімді атқарған тәжірибелі басшы екенін атап өтті.Олжас Бектенов облыс басшылығы Президенттің халыққа Жолдауында көрсетілген міндеттерді іске асыруға күш салуы қажет екенін айтты. Ақмола облысының әкімдігі өңір экономикасын дамыту, азаматтарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, облыс орталығындағы жылу энергиясының тапшылығын жою, медицина саласын дамыту, тұрғындарды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, туристік әлеуетті нығайту, елорда маңындағы аумақтарды дамыту және басқа да маңызды бағыттар бойынша белсенді жұмыс істеуі керек.Олжас Бектенов жергілікті атқарушы органдардың жұмысы азаматтармен табысты байланыс орнатуға және Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға негізделуі қажет екеніне назар аударды.Кездесу соңында Олжас Бектенов Марат Ахметжановқа облыс тұрғындарының игілігі үшін Президент жүктеген барлық міндетті орындау жолында табыс тіледі, сондай-ақ аймақтың бұрынғы басшысы Ермек Маржықпаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.