2023 жылы маусым айында Азия даму банкінің Қазақстан өңірлерінің әл-ауқаты жөніндегі есебі жарыққа шықты. Зерттеуде еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаланың экономикалық, әлеуметтік мәліметтер базасы мен 2022 жылдың тамыз-қараша айларында 4 мыңға жуық респонденттен алынған деректерге сүйене отырып жасалған.
Жинақта кейінгі жылдары еліміздің аймақтық дамуында алшақтықтар артып келе жатқандығы баяндалған және бұл проблеманы шешуге бағытталған ұсыныстар келтірілген. Халқымыздың өңірлік деңгейдегі әл-ауқатын зерттеу мамандар үшін де, саясаткерлер үшін де салыстырмалы түрде жаңа бағыт. Әл-ауқатты өлшеу өркендеу мен дамудың басым көрсеткіші ретінде ІЖӨ немесе жалпы ұлттық табыс секілді экономикалық көрсеткіштердің халық өмірінің жақсаруына қаншалықты әсер еткенін анықтауға бағытталған.
Материалдық жағдайдың маңызды аспектісі – үй шаруашылықтарының қаржылық және экономикалық тұрақтылығы. Орташа алғанда ел бойынша азаматтардың 51%-ы күн көруде қиындықтар көп екенін хабарлаған. Алматы облысында бұл көрсеткіш 60%-дан асады. Шығыс пен Батыстың көп аймағында жағдай орташадан жоғары. Жетісу, Алматы, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Түркістанда респонденттердің 54-тен 62%-на дейін экономикалық жағдайы ауыр және тұрақсыз. Кейбір облыс тұрғындарының мемлекеттік мекемелерге деген сенімі, қаржылық және тұрғын үй жағдайы, медициналық қызмет, білім беру мен жеке қауіпсіздік параметрлері бойынша қанағаттануы төмен деңгейде.
(Өмір сапасы өлшемдеріндегі облыстардың көрсеткіші, жасыл түс – ең жоғарғы деңгей, қоңыр түс – ең төменгі деңгейді көрсетеді)
Азия даму банкі әлеуметтік ахуалды жақсарту үшін келесідей ұсыныстар жасаған:
Ұлттық саясат жалпы республикалық деңгейдегі көзқараспен қатар аймақтарға қатысты зерттелген нұсқаулықтарды қамтуы керек. Сондай-ақ субұлттық деңгейде аймақтық әл-ауқатқа қатысты саясатты жүзеге асыру үшін жергілікті мемлекеттік басқару органдарына жеткілікті әрекет ету еркіндігі қажет. Үкіметтегі өңірлік нысаналы көрсеткіштер аймақтағы әл-ауқат деңгейіне сәйкес жергілікті мүдделі тараптарды тарта отырып айқындалуға тиіс. Өңір әл-ауқатындағы негізгі кемшіліктерді жою үшін Үкімет қаржыландыруы қажет. Ол үшін бюджет қаражатын аймақтар бойынша бөлу туралы шешім қабылдау кезінде өңірлердің әл-ауқат деңгейін ескерген жөн. Әлеуметтік дамудың ең төменгі стандарттар жүйесін құру Қазақстанда аймақтардың дамуын қамтамасыз етуге оң ықпал етер еді. Сондай-ақ өңірлік деңгейде институционалдық әлеуетті нығайту жөнінде шаралар қабылдау қажет.Жалпы, халықтың әлеуметтік және экономикалық саясат нәтижелеріне деген көзқарастың деңгейін елемеудің қаупі жоғары. Бүкіл әлемде артта қалған және құлдырап бара жатқан территорияларға тән аймақтық теңгерімсіздік пен онымен байланысты наразылық саяси және әлеуметтік толқулардың негізгі себебі екені белгілі. Қазақстан облыстарының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының озық және әлсіз жақтары туралы ғылыми-сараптамалық ақпарат әрбір өңірге өзінің әлеуетін толық іске асыруға жол аша отырып, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін ресурстарды орталықтан өңірлік басқару деңгейіне тиімді бөлуді ұйымдастыруға байланысты шешімдерге оң ықпал етуі мүмкін.
Айнұр АБАЙҚЫЗЫ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшы-менеджері