Жуырда «Сарышаған» полигонында ТМД-ға мүше мемлекеттердің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі біріккен әскерлерінің «Жауынгерлік достастық-2023» оқу-жаттығуы өтеді.
Әлемде болып жатқан қарулы қақтығыстар бізге әуе қорғанысы жүйесінің маңызы қаншалықты жоғары екендігін байқатып отыр. Өйткені қазір тек жойғыш ұшақтар ғана емес, алыс қашықтыққа жететін баллистикалық зымырандар мен шабуылдаушы дрондардың да қаупі күн сайын артып келеді.
Оқу-жаттығуға еліміздің Қарулы күштері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарынан басқа Қырғызстан Қарулы күштері зениттік-зымырандық кешендерінің жауынгерлік есептоптары да қатысады. Оның белсенді кезеңін Армения, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстанның қорғаныс ведомстволары мен ӘШҚҚ әскерлерінің өкілдері бақыламақ.
ТМД-ға мүше елдердің біріккен ӘШҚҚ жүйесі шеңберінде оқу-жаттығуға жұмылған елдердің сыртқы шекараларын күзету бойынша бірлескен жауынгерлік кезекшілік жүзеге асырылады. Бұл іс-шара 1995 жылғы 10 ақпандағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің біріккен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін құру туралы келісімге сәйкес ұйымдастырылып отыр. Жоспар бойынша оқу-жаттығу екі жылда бір рет өтіп отырады.