• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қыркүйек, 2023

Айналма жолдың артықшылығы

654 рет
көрсетілді

Атырау облысы халықаралық автожол дәлізінде орналасқан. Алайда осы кезге дейін мұнайлы шаһарды айналып жүретін жолайрығы салынбаған. Сол себептен Ресей арқылы келетін ауыр жүк көліктері өзге өңірлерге қатынау үшін Атырау қаласы арқылы өтетін жолмен жүруге мәжбүр. Ауыр жүк көліктері қала ішіндегі жолдың сапасын бұзады. Тар көшеде көлік кептелісі жиі туындайды.

Енді бұл түйткілдің түйінін тар­қату үшін шаһардың сол­түс­тік бағытынан айналма жол құ­ры­лысы басталды. Оның ұзын­дығы – 26 шақырым. «Жол активтерінің ұлт­тық сапа орталығы» РМК Аты­рау облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлан Жан­­ту­риннің айтуынша, Жайық өзе­нінің оң жағалауындағы «Аты­рау – Орал» республикалық тас­жо­лы­ның 10 ша­қырымын және сол жа­ға­лау­да­ғы «Атырау – Индер» жо­лының 9 шақырымын қосу үшін көпір салынады.

«Екі күрежолмен қиылысатын екі жолайрығы мен өзен үстінен бір көпір салынады. Филиалдың мамандары жол құрылысына пайдаланылатын топырақ қабатынан сынама алып, ұдайы тексеру жүргізеді. Бұл жол Атырау қала­сын­дағы көлік қозғалысының ағынын төмендетуге, негізгі авто­кө­лік жолдарындағы кептелісті, тран­зиттік көліктер санын азай­туға мүмкіндік береді», дейді Н.Жантурин.

Облыстық жолаушылар көлі­гі және автомобиль жолдары бас­қармасының басшысы Самат Айтқалиевтің дерегіне қара­ған­да, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тапсырысымен екінші категория санатында салынатын айналма жол құрылысының мердігері ретінде «АzVitr» және «Ақжол құрылыс» компаниясы таңдалған. Жол құрылысын 2024 жылдың соңына таман аяқтау көзделген. Жол құрылысының құны 28 млрд теңгені құрайды.

«Қазір солтүстік айналма авто­жолдың құрылысы қар­қын­ды жүріп жатыр. Құрылыс жүргізілетін 12 шақырым аумақта өсімдіктер қабаты алынып, 101 565 текше метр жолдың негізгі қабаты төселді. Атыраудан Ресейдегі Астрахан өңіріне қатынайтын тасжолдың қиылысында құбыр үлгісіндегі өткелдің құрылысы бас­талды. Оған 50 қазық қажет. Оның 12-сі қағылды», деп мәлімдеді С.Айтқалиев.

 

Атырау облысы