Балық өсіретін шаруашылықтар мемлекеттік органдардың қолдауына зәру. Сала өкілдерінің айтуынша, су қорғау аймақтарындағы арнайы белгілердің болмауы, су қоймаларының жағалау аумағы өзге ауылшаруашылық құрылымдарына берілуі бұл кәсіпке үлкен кедергі келтіріп тұр.
Өзен-көлдерді жалға алушылар тек су айдыны ғана емес, оған қатысты құрғақ жерден белгілі көлемде телімдер берілуге тиіс деп санайды.
Негізі мұндай арнайы аймақтардың барлық жерде жаппай белгіленуі баяғыда-ақ жүзеге асырылуға тиіс шаруа-тұғын. Балық шаруашылықтары белгіленген шекара шегінде өз құзыреттерін пайдаланып, жұмыстарын жүргізетіні аян. Алайда мұндай шекаралардың болмауы – жергілікті жерлерде дау-дамайдың туындауына себеп. Балық өсірілетін су айдындарының түгелге жуығы ауылдардың маңында орналасқан, ал оның жан-жағының барлығын ауылшаруашылық құрылымдары қылдай бөлісіп алған. Шаруашылықтар мен ауылшаруашылық кәсіпорындарында өздеріне тиесілі жерге қатысты құжаттары талапқа сай рәсімделген, жер телімдерінің шекарасы өзен-көлдерге барып тірелетіні көрсетілген. Сайып келгенде көлде балық өсіріп отырған кәсіпкерлерге жағалаудан белгілі көлемде жер берілуі құжатта қарастырылмаған. Құрғақта шекті көлемде алаң болмаған соң балық өсірушіге не пайда? Ал көлдің жан-жағын иеленген өзге шаруашылық иелері су айдындарын өзінікі санап, оған төрт түлігін түсіріп жіберу оқиғалары жиі кездеседі.
Мемлекеттік шарт талаптарында су айдындарын уақытша пайдаланушылар судың қорғалуына, ондағы тәртіптің, су жануарлары санының белгілі бір деңгейде сақталуына жауапты әрі шаруашылық қызметімен айналысуға тиіс деп көрсетілген. Яғни олардың мақсаты өзен-көлді жағалап балық аулайтын азаматтар арқылы табыс табу ғана емес, өз бетімен балық аулап, оны қайта өңдеумен айналысуы керек. Ал жағалауда өзіне тиесілі жер телімі болмаса, әлгіндей өндіріс орнын қайда орналастырмақ?
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығындағы өнімді өңдеу мәселесіне үлкен басымдық берді. «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет», деді Мемлекет басшысы.
Қазіргі уақытта отандық кәсіпкерлер балық өнімдері бойынша ішкі сұранысты небәрі 53 пайызға ғана қамтамасыз етіп отырғанын ескерсек, бұл салада өңдеу өнеркәсібінің әлсіз екенін мойындамасқа шарамыз жоқ. Әрі Павлодар облысында балық өңдеп, консерві шығаратын зауыт жоқ. Жергілікті тауарлық балықты тек қоғамдық тамақтану орындары мен мейрамханалар сатып алатынын, ал дүкендерде мұздатылып сатылатын балық негізінен шекара асып келетін мұхит жануарлары екені жақсы мәлім. Оның үстіне бәсеке болмағандықтан, балық өнімдерінің бағасы да уақыт санап қымбаттайды. Статистикаға сүйенсек, кейінгі жарты жыл ішінде елімізде балық өнімдерінің бағасы 15 пайызға өссе, Павлодар облысында бұл көрсеткіш 44,7 пайызға жеткен. Яғни өңірімізде балық өсіру мен оны өңдеудің мүмкіндіктері зор бола тұра импорт өнімге тәуелдіміз. Ал өңдеу өнеркәсібін дамытуға жоғарыда аталған мәселелер мейлінше бөгет болып жатыр.
Бұл мәселе тек балық өсірушілердің ғана емес, жергілікті кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын ұйымдардың да уайымына айналып отыр. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіптік кешендегі салалық кеңесінің сектор меңгерушісі Әділжан Рахышевтың айтуынша, балық шаруашылығындағы кейбір кәсіпкерлер енді ғана даму көшіне бет бұрған. Соған орай көбі жолында кездескен қиындықтарға төтеп бере алмайды.
– Жалпы алғанда балық шаруашылығымен айналысып жүрген субъектілердің барлығы қаржылай қолдауға мұқтаж. Бұл – бірінші мәселе. Екінші тұрғыдан, заңнамадағы кейбір шикіліктер олардың қолын байлап отыр. Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы бұйрығымен бекітілген «Су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу қағидаларында»: «Судың ластануын, қоқысталуы мен сарқылуын болдырмау үшін арнайы шаруашылық қызмет режімі белгіленетін су объектiлерiне іргелес аумақ су қорғау аймағы болып табылады» деп жазылған. Яғни нормативтік құжатта талаптар көрсетілгенімен, оны іс жүзінде жүзеге асыру мүмкін емес. Біз сала өкілдерімен бірге облыстың жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасымен бірлесе әрекет етіп жатырмыз. Олар мемлекеттік басқару тетіктерін пайдаланып, бұл мәселені шешуге мүдделі. Ең әуелі су қорғау аймақтарын белгілеп шығу керек. Ал белгілер орнатуға қомақты қаражат керек. Бюджет үшін бұл аса ауыр жүктеме емес, бірақ кәсібін енді жүргізе бастаған азаматтарға әжептәуір салмақ екені байқалады. Оның үстіне бұл – бірретік қана жүргізілетін шаруа, оны жыл сайын жаңартып отыру қажет емес. Осы мәселені мемлекет есебінен реттесек, ауылдардағы жерге қатысты дау-дамайлар азайып, су аймақтарында тәртіп орнар еді. Кәсіпкерлер одан әрі дамудың жолдарын игеріп, су айдындарын балықтандыру артып, жағалауларда шағын қайта өңдеу орындары ашылады. Нәтижесінде, сапалы әрі бағасы арзан балық өнімдері жергілікті нарықты қамтамасыз етеді. Бұл мәселенің оң шешімі кәсіпкерлерге ғана емес, тұтынушыға да пайдалы, – дейді Ә.Рахышев.
Балық өсіретін шаруашылық басшыларының пікірінше, мемлекет су айдындарын жалға бермес бұрын олардың шекарасын нақтылау жұмыстарын жүргізгені абзал. Бұл шаруаны кейбір бизнес өкілдері өз бетімен тындыруға ынталы. Әйтсе де жоғарыда кәсіппен шұғылданушылардың басым бөлігі бизнеске енді ғана қадам жасаған жандар екенін айтып өттік. Олардың қолында қажет қаражат болмауы мүмкін. Бұған қоса су айдындары мемлекеттің меншігі, кейін олардың бір пайдаланушыдан екіншісіне өтуі әбден заңды. Мемлекет әлгі белгілер мен су жолақтарының бұлжымас шекараларын орнатуға мүдделі болуы керек. Екінші қырынан ол кәсіпкердің құқығы қорғалуына негіз бола алады. Алайда су айдындарын жалға алушылардың арасында табыс табуды ғана ойлайтын, мемлекеттен қаржылай көмек алып, оны қалтасына басуды көксейтіндер аз емес. Бизнеске кереғар мұндай жайттар балық шаруашылығының көсегесін көгертпейтіні анық. Кейбір көлдердің маңы ыбырсып, қоқысқа толып жататынын көзіміз шалады. Жалға алушы өзіне жүктелген міндеттерді жеткілікті орындамауы себепті шарт мерзімінен бұрын бұзылып, қағидалары өзгеріп жатады. Бизнес жүргізушілер бұл мәселелерді де ескеруге тиіс.
Атап өтерлігі, Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мен Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы су қорғау аймақтары мен су жолақтарын ұйымдастыруға қазынадан қаражат бөлудің заңдылығын қарастырып көрмек. Егер барлығы дұрыс болса, қаражат бөлуге өтінім жасалады.
Балық өсірушілерді алаңдатып отырған мәселенің тағы бірі – көлдердің таязданып бара жатқаны. Су айдындарының түбі тереңдетілмесе, жас шабақтарды өсіру жоспарлары орындалмайды. Шаруашылық иелерінің ойынша, көлдерді тереңдету үшін жер снарядтарын пайдаланса болады. Бұл тұрғыда Жер қойнауын пайдалану басқармасы «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе отырып қажетті снарядтарды жеткізіп, жұмыстарды атқаруына әбден мүмкіндік мол. Балық өсіру-балық аулау негіздемесін дайындау барысында арнайы материалдарды сатып алу үшін балық шаруашылықтарын субсидиялау да – көп жылдан бері қозғалып келе жатқан ұсыныстың бірі. Жергілікті жауапты басқарма өкілдері бұл мәселені де шешуге болатынын айтады. Дейтұрғанмен бөлінетін демеуқаржының қайтарымы болуы міндетті. Кейін нәтижесін тұтынушылар сезініп, дүкен сөрелерін өзіміздің балық өнімдері жаулап жатса, мемлекет қаржысының текке кетпегенін білдіреді. Ендеше бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар бұл бағытта бірлесіп әрекет етеді деп сенейік.
Павлодар облысы