• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнім 07 Қыркүйек, 2023

Азық-түлік шығындары артты

333 рет
көрсетілді

«Euromonitor International» нарықты зерттеу халықаралық ұйымы мен «Picodi.com» сервисі сарапшыларының есептеуінше, ел азаматтарының тұтынушылық шығындарының жартысына жуығы (49,4%) азық-түлікке кетеді. Бұл дамыған елдермен салыстырғанда көп. Мысалы, АҚШ-та азық-түлік шығындарының үлесі небәрі 6,7% болса, Еуропа елдерінің көпшілігінде бұл көрсеткіш 9%-19% аралығында. Африканың кейбір кедей елдерінде де адамдар азық-түлікке бізге қарағанда аз жұмсайды: Угандада – 44,2%, Камерунда – 45,2%, Эфиопияда – 41,3%.

Қазақстан тұрғындары азық-түлік құны бойынша әлемде 104-орынға ие болды және бұл көрсеткіш бойынша әлемдік анти-көшбасшылардың бірі. Жалпы, салыстыру 110 елдің деректерін пайдалана отырып жүр­гі­зілген.

Еуропа мен Орталық Азия мем­ле­кеттері арасында ай сайынғы шы­ғындарды ақшалай түрде салыс­тыру кезінде Қазақстан шама­мен тізімнің ортасында болды (41 ел­дің көрсеткіштері салыстырылды). Ел тұрғындары айына азық-тү­лік себетіне 213 доллар жұмсайды екен. Бұл – Ұлттық банктің 28 та­мыз­­дағы бағамы бойынша 98 мың теңге. Отандастарымыздың азық-түлік өнімдеріне жалпы тү­бір­­тегі Ұлыбритания (202 доллар) немесе Испания (190 доллар) тұрғындарының түбіртегінен айтар­лық­тай көп емес сияқты. Бірақ бұл елдерде 200 доллар азаматтардың отбасылық бюджетінің аз ғана бөлігі. Мысалы, Англияда 202 доллар жалпы тұтыну шығындарының тек  8,7%-ы, Испанияда – 13,1%-ы.

Тұрғындардың халықаралық са­рап­шылар жариялаған шығын­да­ры­ның көлемі ұлттық статистика қызметі көрсеткен көрсеткіштерден екі есе көп. Ұлттық статистика бюро­сының (ҰСБ) есептеріне сүйен­сек, биыл қаңтар-наурыз айларында тұрғындардың азық-түлікке жұмса­ған шығыны бір тоқсанда 134 мың теңге немесе айына 44,7 мың теңге болды. Былтыр алғашқы үш аймен салыстырғанда азаматтар бұған 21,9% көп жұмсай бастады. Өсу бірте-бір­­те болды, тоқсанына 4%-7%, бірақ со­ңында айырмашылық айтар­лық­­тай қалыптасқан.

«Ranking» сарапшылары бұған екі фактор әсер етті дейді. Оның бірі – өткен жылдың соңы мен 2023 жылдың басында кейінгі жыл­дар­дағы рекорд болған жалпы азық-түлік инфляциясы. Қараша-қаңтар аралығында азық-түлік бағасының жалпы өсімі 24,1%-25,7% деңгейінде болды, ақпанда баға 26,2%-ға жоға­ры­лады.

«Екінші фактор – тұрғындардың табыс өсімінің өнім бағасының шарықтауына жете алмауы. Бұл атау­­­­­лы және нақты жалақы динами­ка­­сы­ның айырмашылығынан анық байқалады. Мәселен, биыл бірінші тоқсанда отандастарымыздың орташа атаулы жалақысы 19,3%-ға өссе, оның сатып алу қабілеті 0,6%-ға төмендеген. Сәуір-маусым айларында нақты жалақы индексі оң болды, бірақ айтарлықтай емес (1,2%), оны біздің тұрғындар сезбеген де болар. ҰСБ дерегінше, азық-түлік себетіне жұмсалған шығындардың үлесі өткен жылдың бірінші тоқсанындағы 50,4%-дан биыл қаңтар-наурызында 51,2%-ға дейін өсті. «Euromonitor International» деректерінен шамалы айырмашылық (тамызда 49,4%) қарастырылып отырған әртүрлі кезеңдермен де, әдістердегі ықти­мал айырмашылықтармен де түсін­ді­ріледі», дейді сарапшылар.

Азық-түлік бағасының қымбат­тауының орнын толтыру үшін ел тұр­ғындары басқа санаттардан азы­рақ сауда жасай бастаған. Мә­се­лен, биыл бірінші тоқсанда азық-түлік емес тауарларға жұм­салған шығындардың үлесі 26,3%-дан 24,4%-ға дейін төмендепті. Адам­дар киім-кешек пен аяқкиімге, жиһаз бен тұрмыстық заттарға, жөн­­­деуге арналған мате­риал­дарға үнем­деді. Олар алкоголь мен теме­кіні де аздап сатып ала бастады: бұл шығындардың үлесі бір пайыздық тармаққа азайыпты.

Бір қызығы, қиын-қыстау кезеңде ел азаматтары сырттан тамақтануды азайтқан. Кафе, гриль-бар және пиццерияларға бару шығындарының үлесі тіпті аздап өсіпті (1,7%-дан 2,2%-ға дейін).

Ақшамен есептегенде, «Сыртта тамақ ішу» санатындағы өсім бір жылмен салыстырғанда 57,3% болды. Егер 2022 жылдың басында бір адам орташа есеппен бір тоқсанда фастфуд, кофе және мейрамханадағы кешкі асқа 3,4 мың теңге жұмсаса, биыл қаңтар-наурызда бұл сома 5,3 мың теңгеге дейін өсті. Бұл сан өте аз болып көрінеді. Дегенмен мұның математикалық есептелген қосынды, орташа арифметикалық шама екенін ескеру керек.

Статистиктердің жекелеген тауар санаттары бойынша егжей-тегжейлі ақпараты отандастарымыздың бар­лық өнімге шығындарды ұлғайт­қа­нын және бұл өсудің орташа ал­ғанда инфляциялық диапазонын­да болғанын айқын көрсетеді: 20%-27%-ға артық. Бірақ азық-түлік бағасының өсуі­не ет және сүт өнім­дері, жарма және ұн өнімдері ең үлкен үлес қосты.

Тамыздың қорытындысы бойын­ша инфляцияның жылдық мәні 13,1% болды. Азық-түлік тауар­ла­рының бағасы – 12,4%, азық-түлік емес тауарлар – 13,5%, ақылы қыз­мет­тер 13,9%-ға өскен. Bizmedia.kz ақпараты бойынша, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері (ЕАЭО) арасында азық-түлік бағасының өсуі бойынша көшбасшы атанып отыр. Жалпы, ЕАЭО-да жыл басынан бері ақылы қызметтер – 6, азық-түлік тағамдары – 3, азық-түліктік емес тауарлар 2,6%-ға өсім көрсеткен. Тамақтану өнімдері бо­йынша ең жоғарғы өсім де біздің елде тіркеліп отыр – 5,9%. Бұл көрсеткіш Қырғызстанда – 4,6%, Беларусьте 3,2%-ды құрайды.