• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Қыркүйек, 2023

Манарбектің лайықты марапаты

637 рет
көрсетілді

Атыраулық Манарбек Қартбаев Төтенше жағдайлар министрлігінің «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды. Ол Жем өзеніне батып бара жатқан екі адамды құтқарып қалған.

Облыстық төтенше жағдайлар депар­та­мен­тінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, оқиға биылғы 4 маусымда болған. Жылыой ауданындағы Тұрғызба ауылынан бір отбасы Жем өзеніне шомылуға барған. Шомылу кезінде 13 жасар Ерназ жағалаудан алысқа ұзап, шұңқырға батып кеткен. Інісінің жан ұшыра айқайлаған дауысын естіген ағасы Елдос бірден көмектесуге ұмтылады. Алайда інісін құтқаруға тырысқанымен, өзі де бата бастаған.

Ал жағалауда тұрған апалы-сіңлілі Айсана, Дана және Меруерт бір-бірінің қолынан ұстап, суға батқан бауырларына көмектесуге талпынады. Бірақ алда келе жатқан Айсананың аяғы құрысып, бауырларын құтқаруға жете алмаған. Сол себептен, Айсана айқайлап, көмекке шақырған. Оның дауысын кілем жуып жатқан әйеліне көмектесіп жүрген Манарбек Қартбаев естіген. Ол жағалауға жедел жетіп, өзенге батқандарды құтқару үшін суға секірген.

«Манарбек Қартбаев алдымен суға батқан Ерназды, кейін Елдосты алып шықты. Кейін үш қыздың жағалауға жетуіне көмегін берді. Жедел әрекет еткен Манарбек Жайманұлы осылайша бір отбасындағы екі адамның өмірін сақтап қалды. Оған Төтенше жағдайлар министрлігінің «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалі тапсырылды», деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

 

Атырау облысы