Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан – Солтүстік Ирландия құрамалары арасындағы матчтан кейін «Астана Арена» стадионында тазалық жүргізген еріктілер тобына алғыс айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біздің ұлттық құраманың Солтүстік Ирландияның мықты командасымен алаңдағы кездесуін қызыға тамашаладым. Ойын өте қызықты әрі тартысты өтті. Қазақ футболшылары қарсылас командаға төтеп беріп, 1:0 есебімен лайықты жеңіске қол жеткізді. Қазақстан ұлттық құрамасы және олардың мыңдаған жанкүйерлері үшін қуаныштымын. Әсіресе «Астана жастары» мен басқа да ұйымдар еріктілерінің, сондай-ақ жекелеген азаматтардың, белсенділердің үлгі аларлық ісін айрықша атап өткім келеді. Олар ойыннан соң стадионда қалып, трибунадағы қоқысты жинап шықты. Футболшыларымызды және жастарымызды мақтан тұтамын», деп жазды Мемлекет басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Кеше елордадағы «Астана Арена» стадионында Қазақстан мен Солтүстік Ирландия құрамалары арасында өткен матчтан кейін ерікті жастар стадиондағы қалдық заттарды жинап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Елордалық ерікті жастар Астана қаласының тазалығы үшін аянбайтынын және вандализмге жол бермейтіндігін осындай игі істерімен паш етіп, Мемлекет басшысының алғысына бөленді.