«Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалында заманауи үлгідегі зертхана ашылды. Жаңа зертхана дүниежүзілік ІСО-17025 стандартының талаптарына сай келеді. Әсіресе техникалық бақылаушылар, мердігер мекемелер мен жол саласындағы атқарушы билік өкілдерін оқытуға, тәжірибе алмасуға, студенттердің тәжірибеден өтуіне мүмкіндік жасалған.
«Ұлттық сапа орталығының негізгі мақсаты – еліміздегі автомобиль жолдарын салу, қайта жаңғырту, жөндеу, күтіп ұстау кезіндегі жұмыстарға, құрылысқа пайдаланылатын материалдардың сапасына сараптама жүргізу, диагностикалау және аспаптық тексеруден өткізу, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы инфрақұрылым қауіпсіздігіне мониторинг жасау. Ал жергілікті филиалдар жылжымалы зертханасы бар автокөлікпен құрылыс жұмыстары аяқталған жол телімдерінің, жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының сапасын тексереді», дейді «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК Бас директоры Замир Сағынов.
Атырау облыстық филиалы биыл 79 жолды бақылауға алған. Төрт жылдан бері мамандар 341 нысанға 3 612 рет тексеру жүргізіпті. Тексеру кезінде 1 038 ақау анықталған. Оның ішінде 247 өрескел ақау бар. Жол құрылысына пайдаланылатын материалдардан 5 903 сынама алынып, зертханада тексерілді. Соның нәтижесінде 900 сынаманың еліміздің жол саласындағы стандарттарына сәйкес болмай шыққан.
Жергілікті филиал мамандарының анықтаған ақауға байланысты жолдың 90 263 шаршы метр кедір-бұдырлы беті өңделген. Сондай-ақ 14 584 шаршы метр асфальтбетон жамылғысы, 5 896 шаршы метр жол негізі, 631 текше метр темірбетон, 775 көпір қайта салынған. Мердігер компаниялар өз есебінен 357 млн теңгенің жұмысын қайта жасауға мәжбүр болған.
Мәселен, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлан Жантуриннің айтуынша, биылғы сәуірде «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы» бағытындағы жолдың «Атырау-Доссор» бөлігінде 120 500 шаршы метрден қара қиыршықтастың ұшқаны анықталған. Соған байланысты ақау мердігер мекеменің қаржысына қайта жөндеу ұйғарылған.
«Қазір жолдың бұл бөлігі кепілдік мерзімінде тұр. Алайда мердігер ауа райы қолайлы кезде ақауларды толығымен жою жұмысын уақытында бастамады. Сол себептен тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау облысы бойынша филиалына және облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хат жолдады. Өйткені 553-589 шақырым аралығындағы жолға 2021 жылғы қыркүйекте орташа жөндеу басталып, 2022 жылдың желтоқсан айында тапсырылған. Енді аталған жол бөлігінің беткі қабатын қайта төсеу жұмыстары «Маңғыстау құрылыс комбинаты» АҚ-ның қаржысына жасалды», дейді Н.Жантурин.
Мердігер компанияға қарасты жол учаскесінің жетекшісі Наурыз Сүйінғараның айтуына қарағанда, бұл жолдың екі жылдық кепілдік мерзімі бар. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК филиалы анықтаған кемшіліктерді жою үшін мамандар Маңғыстаудан келген. Олар жол үстіндегі таңбаларды қырып, тазалау жұмыстарын жүргізді. Содан соң 12 шақырымға түгелдей және кей тұстарына 1 500 тонна қара қиыршықтас төселді.
Атырау облысы