• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Құқық 11 Қыркүйек, 2023

Көлеңкелі істі кәсіп еткендер

741 рет
көрсетілді

Алтын көріп, жолдан таятын періштенің кейпіне енгендер көлденең табыс табу үшін заңсыз әрекеттен тартынбайды. Кәсібін көлеңкелі бизнеспен байланыстырғандардың заңсыз әрекетінен келер шығын да аз емес.

Атырау облыстық мемле­кет­тік кірістер департаментінің қызметкерлері кейінгі бір айда көлеңкелі іспен айналыс­қан­­дардың бірнеше заңсыз әре­кетін әшкереледі. Әсіресе, сәйкестендіру құралдарымен таң­балануға жататын акциз­делетін өнімдерді заңсыз сату дерегі белең алып тұр. Сон­дай деректің бірін өңір­лік эко­номикалық тергеу департамен­тінің қызметкерлері Атырау қаласындағы қоймалар мен дүкеннің біріне жүргізген тексеру кезінде анықтаған. Тексеру жұмыстары кезінде қойма мен дүкеннен электрондық темекі, вейп құрылғылар, сұйықтық түріндегі 2,5 мыңнан астам темекі бұйымы анықталды. Бұл заттардың барлығы саудаға заңсыз шығарылған. Заңсыз айналымнан алынған темекі өнімінің нарықтағы құны шамамен 6,7 млн теңгені құрайды.

Екінші дерек те темекі өнімін заңсыз сатуға қатысты болып отыр. Департа­мент қызметкерлері бір кә­сі­порын­ның қызметін мемле­кет­­тік кірістер органдарында темекі өнімдерін көтерме сату­шы ретінде тіркеусіз жүзеге асы­рып келгенін анықтады. Кәсіп­орыннан 69 қорапқа са­лын­­ған 96 мың заңсыз темекі өнімі табылды. Заңсыз өнімнің жалпы құны – 67 млн 178 мың теңге.

Тіпті мұнай өнімдерін заң­сыз сататындар бар. Мәсе­лен, өткен аптада Атырау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері мұ­най өніміне жататын 3 тонна дизельді заңсыз сатудың жолын кесті. Осы істі кәсіпке айналдырғысы келген бір адам анықталды. Күдікке ілінген қала тұрғыны 3 тонна дизель отынын арнайы көлікпен тасымалдаған.

«Акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымын анықтауға байланысты іс-шаралар жалға­сып жатыр. Заңсыз айналымнан алынған өнімдерге, оны сат­қан адамдарға қатысты жи­нақ­­талған іс материалдары сот­­­қа жолданды», деп хабарла­ды де­партаменттің баспасөз қызметі.

 

Атырау облысы