• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қыркүйек, 2023

Абайлаған аман жүрер

139 рет
көрсетілді

Биылғы суға түсу маусымында ел бойынша 177 адам ажал құшқан. Бұл сан – былтырғымен салыстырғанда 5 пайызға азайған. Биыл Солтүстік Қазақстан облысында да 5 адам суға батып қайтыс болды.

Былтыр да бес адам суға батып кетіп еді. Олардың төртеуі суға түсуге рұқсат етілмеген жерде көз жұмса, біреуі балық аулауға шыққанда қауіпті жерді ескермеген. Ал 2021 жылы 22 адам ажал құшты.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы, майор Қуат Махметовтің мәлімдеуінше, құтқарушылар биыл 2115 рет шұғыл шақыру мен бақылауға шыққан. «Былтыр 2071 дабыл түскен болса, биыл бұл сан 44-ке артқан. Барлық дабылдың ішінде судың астынан іздеу жұмыстары – 5, суға батудан құтқару – 28, қауіпті су қоймаларын бақылау мен қадағалауға 2082 рет бардық. Қызметкерлеріміздің жедел іс-қимылдарының арқасында 39 адам құтқарылды. Оның үшеуі – бала. Жалпы, облыста кейінгі алты жылда 201 адам суға батып бара жатқан жерден құтқарылды», деді ол.

Құтқарушылар халықты қауіптен сақтандыруға да көп көңіл бөліп отыр. БАҚ арқылы басқарма қызметкерлері 84 рет брифинг ұйымдастырып, тұрғындарды суға түсу кезінде сақ болуға, тек белгіленген жерлерде ғана суға түсуге шақырған. Соның ішінде балықшыларға арнайы тоқталып, көктемгі және күзгі, қысқы маусымдарда мұздың жұқалағына үнемі назар аударуды еске салып отырған. Баспасөз құралдарында 119 ескерту мақаласы жариялаған. Төтеншеліктер 4835 рейд пен бақылауға шыққан.

Бұдан бөлек, суға түсетін аймақтарда 199 ескерту ілініп, қауіптің алдын алу мақсатында рейдтер жүргізілген. Суға түсуге ыңғайлы болса да аяққа оралатын балдыры көп, қайраңдағы тасы қауіпті жерлерге 4255 тыйым салу белгісі орнатылған. Бірақ өкінішке қарай, кей азаматтар мұндай ескертулерді де елемей, суға түсуге тыйым салынған аймақтарға демалысқа шыққан. Жалпы, құзырлы органның ескертулеріне елең етпегендерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабы – «Қоғамдық жерлерде тәртіп бұзуға» сәйкес айыппұл салынады.

Қуат Махметов адамдар ең алдымен жеке қауіпсіздігін ойлағанда ғана қайғылы жағдайлардың аз болатынын атап өтті. «Өкінішке қарай, өңірдің көп тұрғыны апаттың аяқ астынан екенін ұмыт қалдырады. Ескертулер мен ережелерге елең етпейді. Қауіпті жағдай тек басқа біреулердің басына ғана келетін сияқты көреді. Бірақ «Сақтансаң – сақтайды» дегенді әркім есінен шығармауы керек», деді ол.

 

Солтүстік Қазақстан облысы