• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 11 Қыркүйек, 2023

5 млн гектар жерден астық жиналды

163 рет
көрсетілді

Қазіргі егін жинау науқаны кезінде фермерлер үшін астықты кептіруге қажетті дизель отынының қолжетімділігі, ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккен шаруалардың несиелерін ұзарту, субсидиялар бойынша қарыздарды жабу мәселелері өзекті болып отыр.

Қазақстанның негізгі астық егетін өңірлері – Қостанай, Пав­ло­дар, Сол­түстік Қазақстан, Ақмола об­лыс­та­рында соңғы екі аптада жауын-шашын толастамай тұр. Қазгидрометтің болжамы көңіл көншітпейді: жауын-шашын 17 қыркүйекке дейін жал­ға­сып, үс­кі­рік жүреді, соның салдарынан солтүстік өңірлерде жаңа дән­нің өн­іп кетуі және ылғалдың жоғары­лы­ғы­нан сапасының төмен болу қаупі бар.

«Қазір біздің басты міндетіміз – ауа райы қолайсыздығының сал­дарын азайтып, фермерлерге барлық қажетті қолдауды көрсету және келесі жылға сапалы тұқым қорын қамтамасыз ету», деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Осы ретте кезек күттірмей атқа­ры­ла­тын бес бірдей шара тізбегі пайда болады. Оның әдепкісі – астықты қа­былдау кәсіпорындары мен каран­тин­дік қызметтер астықты қабылдау кезінде тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ ҚТЖ компания­сымен астық тасымалдайтын ва­гон­­дарды уақтылы жеткізу мәсе­лесі пысықталады. Бүгінде еліміз­де элеваторлардың жалпы сыйым­дылығы 29,9 млн тоннаны құрайды, оның ішінде астық қабыл­дау кәсіп­орын­дарында – 13,1 млн тонна және ауыл шаруашылығы өндіру­ші­ле­рінде – 16,8 млн тонна. Бұл өткен жылдардан қалған өнім мен биыл орылатын егінді сақтауға жеткілікті.

Екінші шара – астықты кептіру үшін қосымша дизель отынын бөлу. Шешім Энергетика министрлігімен бірлесіп қабылданған. Тиісті норма­тив­тік құқықтық акт әзірленіп, қазір тиісті органдармен келісіліп жатыр. Игерілмеген дизель отынының қол­да бар қоры жеткілікті болмақ. Ал астық өңдеушілер мен лицензиясы бар элеваторларға қосымша көлем бөлінбек.

Үшінші шара – қаржы инсти­тут­тары мен Азық-түлік кор­пора­ция­сы шаруаларға несие­лер мен лизингтерді төлеу мер­­зімін ұзарту мәселелерін ег­жей-тегжейлі пы­сық­тайтын бо­лады. «Бәйтерек» холдингінің қаржылық ұйымдары тарапынан қолайсыз ауа райынан зардап шеккен фермерлердің несие мен лизинг мерзімдерін ұзартуға бе­рілген әрбір өтініші жеке тәр­тіп­пен қаралады.

Төртінші шара – қосымша субсидиялар бойынша борыштарды жабу мәселесін жеделдету. Қо­сым­ша қажеттілік 171 млрд тең­­­ге­ні құрайды. Бұл қаражатты бөлу кезінде қолда бар және қосымша бөлінген қаржының уақтылы иге­рілуін қамтамасыз ету, сондай-ақ туындайтын проблемаларды шеше отырып, қысқамерзімде субси­дия­лау­дың ақпараттық жүйесін да­­­­­йындау қажет.

Бесінші шара – келесі жылға фермерлер үшін сапалы тұқым қорын құру. Ол үшін «Қазагрэкс» Азық-түлік корпорациясымен бір­ле­сіп, қоймаларда қалған астық­тың өткен жылғы қорларына зерттеу жүргізеді. Олар барлық талап етілетін сапалық сипаттамаға сәйкес келсе, Азық-түлік кор­по­ра­циясы 2022 және 2023 жыл­дар­дағы егіннің астығын бөлек сақтау есебінен сапалы тұқым қорының сақталуын қамтамасыз етеді.

Жедел деректер бойынша 8 қыр­күйек­ке дейін Қазақстанда 4,8 млн га астық (орташа өнімділігі гектарына 10 центнер болған кезде) жиналды, бұл жалпы егіс алқабының 28%-ын құ­райды.