Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жобаланып, жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына барша бұқара қатты мүдделілік танытып отыр.
Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.
Сөйтіп, былтыр Жамбыл облысында басталған қанатқақты жоба биыл еліміздің бүкіл өңірін қамтитын бағдарламаға айналып отыр. Алғашқы болып жобаны Ақтөбе облысы іске асыра бастады.
Жыл басында өткен жобаға жол ашып берген алқалы жиында «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов: «Бұл – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, проблемаларын жедел шешуге, ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36%-ға төмендеді. Үкімет пен «Amanat» партиясының міндеті – «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру аса маңызды», деген еді.
«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? Бағдарлама бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банктен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.
Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруашылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады.
Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі.
Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі.
Жобаны іске асыруға 2023 жылы республикалық бюджетте 52,4 млрд теңге (11 мыңнан астам шағын несие) көзделген. Бұл ретте жергілікті әкімдіктер қаражатқа қосымша қажеттілікті анықтау үшін ауылдық округтерге скрининг жүргізді. «Amanat» партиясы жанынан азаматтар мен әкімдерді әдіснамалық сүйемелдеуді, оқытуды, өтінімдерді қабылдау және қаражатты бөлу үдерісінің мониторингін қамтамасыз ететін жобалық кеңсе құрылып, қызмет етті.
«Ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу – «Amanat» партиясының негізгі басымдықтарының бірі. Ауылда 7,7 млн адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41%-ы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табысының айырмашылығы 38%-ды құрайды. «Ауыл аманаты» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Біз ауыл тұрғындарына мамандануға, шұғылданып жүрген кәсіптерін әртараптандыруға көмектесеміз», деді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына назар аударар болсақ, ең бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқаны байқалады. Бұл ретте алынған өнімнің сапасын, салмағын арттыратын өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыруға ерекше мән беріліп отыр.
Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Шағын несиелер халыққа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі. Қаржының мақсатты жұмсалуы қатты қадағаланатын болады.
Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі.
Қашанда қағажу көріп жүретін ауыл тұрғындары жаңа жобаға үлкен үміт артып отыр. Қолынан іс келетін, дөңгелетіп отырған шаруасы бар көптеген кәсіпкер, фермерлер бұл бастамаға барынша мүдделілік танытуда. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына бек сенімді.
«Ауыл аманаты» – оңтайлы бағдарлама, 2,5%-бен, бірінші жылға арналған жеңілдікпен және ауылдық жылжымайтын мүлік кепілімен қазірде бірде-бір қаржы ұйымы қарыз бермейді. Біз бұл бастаманы қолдауға, тиімді пайдалануға, нәтижелі іске асыруға дайынбыз. Себебі жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдері – елімізді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудің бір көрсеткіші», дейді жеке кәсіпкер Б.Әлин.