Кеше Көкшетауға еліміздің барлық аймағында шахмат спортын дамытуды және насихаттауды мақсат еткен «Шахмат керуені» республикалық жобасының өкілдері келді.
Облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында Көкше жұртшылығы ақсүйек өнердің ақсұңқарларын құшақ жая қарсы алып, кездесу рәсімі өткізілді. Ақыл-ойдың керуені еліміздің барлық өңірін аралап шықпақ. Бұл жолғы сапар Петропавл, Қостанай, Қарағанды қалалары арқылы жалғаспақ. Сүмбіленің ақ жауыны құйып тұрса да, кездесуге келушілер қатары көп. Осыған қарап-ақ жерлестеріміздің шахмат спортына деген ыстық ықыласын аңғаруға болады. Аға буынның айтуына қарағанда, осы өнерге ынтық жастардың қатары күн сайын өсіп келеді.
«Шахмат ойынына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мейлінше назар аударып отыр, – деді облыстық мәслихаттың әрі облыстық шахмат федерациясының төрағасы Бейбіт Жүсіпов. – Бүгінде елімізде 200 мыңнан астам адам спорттың осы түрімен айналысса, олардың төрттен бірі – балалар. Биылғы қыркүйек айынан өңірдегі жалпы білім беретін мектептерде шахмат факультативтік сабақ ретінде өткізіле бастады. Қазір облыстағы 753 үйірмеде 7 мыңға жуық оқушы шахмат спортымен шұғылданады.
Керуенді қарсы алып, көзайым болған көпшілік шахмат жарысын ұйымдастырды. Жеңімпаздар 10 қараша күні Түркістан қаласында өтетін ақтық сынға жолдама алады.
КӨКШЕТАУ