Бүгінде жеке иелігіне ипотекалық жүйемен болсын баспана сатып алу халық қалтасына оңай соқпай тұрғаны – шындық. Баспана алуға жиған-терген қаражаты жетпей тығырыққа тіреліп жүрген отбасылар да баршылық. Дегенмен мемлекеттік саясат тұрғысынан алып қарағанда жұрт көкейінде жүрген бұл мәселе әртүрлі бағдараламалар аясында біртіндеп шешімін тауып келеді. Солардың бірі – биылдан бастап күшіне ене бастаған 2023-2029 жылдарға арналған Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың тұжырымдамасы.
Осы тұжырымдама аясында жергілікті әкімдікте үй кезегінде тұрған азаматтар Отбасы банкіне өтініш жолдап, жеңілдетілген шарттармен заем алып, баспаналы бола алады. Бұл туралы Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен баспасөз мәслихатында «Отбасы банк» АҚ Абай облыстық филиалы мен Семей қалалық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясының мамандары кеңінен түсінік берді.
Семей қалалық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Ақмарал Нұрланқызының мәлімдеуінше, қазіргі уақытта мемлекеттік тұрғын үй қорынан Семей қаласы бойынша 13 954 отбасы баспана кезегінде тұр. Оның 1 273-і – I және II топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Ал мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар саны 553 болса, жетім балалар немесе ата-анасының қамқорлығынан тыс қалған балалар – 1 798. Сондай-ақ көп балалы отбасылар саны – 1 499.
«Отбасы банк» АҚ Абай облыстық филиалы Бизнесті дамыту бөлімінің маманы Арман Жұмагелдіұлының сөзіне сүйенсек, 2020-2022 жылдары қабылданған «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламалары бүгінде күшін жойған. Есесіне 2023 жылғы 15 тамызда бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Осыған сәйкес 10%-дан басталатын алғашқы жарна болған жағдайда несиелер жылдық 2% және 5% мөлшерлемесімен (ЖТСМ 2% және 5,2% бастап сәйкесінше) беріледі. Несие мерзімі 20 жылға дейін болады. «Отбасы банк» баспана кезегінде тұрған Семей тұрғындарынан 11 қыркүйектен бастап өтініш қабылдауды бастап та кеткен екен.
Сонымен қатар «2-10-20», «5-10-20» ипотекалық бағдарламасы, жеңілдетілген несие берудің өңірлік бағдарламаларын жүзеге асыру назарға алынған. Тарқатып айтар болсақ, баспана алу үшін «2-10-20» бағдарламасының несие мөлшерлемесі 2%-ға дейін 20 жылға беріледі. Пәтердің бірінші кезектегі бастапқы жарнасы үй құнының 10%-ынан басталады. Яғни ипотекалық тұрғыда 20 жылға дейінгі төлем негізінде беріледі. Аталған бағдарламаға әкімдік кезегінде тұрған мына санаттағы отбасылар қатыса алады: көп балалы отбасы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедек баласы бар отбасы және I, II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар.
Кез келген отбасының немесе азаматтың төлем қабілеттілігіне кейінгі 6 айдағы зейнетақы жарналары жарамды. Жеке кәсіпкерлер үшін өткен жылдың декларациясын ұсынудың мүмкіндігі бар. Егер өтініш беру кезінде кезекте тұрған азамат жұмыссыз болса, онда қосалқы қарыз алушы ретінде жұбайын немесе басқа жұмыс істейтін тұлғаларды тартуына болады. Қосалқы қарыз алушыға қойылатын талаптар несиелік тарихы жақсы көрсеткіште және тұрақты айлық кірісі болуы керек.
«Бізге баспана бағдарламасына қатысты әлеуметтік желіге жарияланғалы бері көптеген сұрақ түсіп жатыр. Мүмкіндігінше барлық жағдайға байланысты жауап беріп жатырмыз. Облыс бойынша алдағы уақытта 71 пәтер табыс етіледі. Сонымен бірге қазір үй алушының табыс мөлшерлемесі туралы анықтама талап етілмейді», дейді А.Әбішев.
Аталған бағдарламаға әкімдік кезегінде тұрған көп балалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедек баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасылар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар қатыса алады. Бұл санатқа жатпайтын, алайда баспана кезегінде тұрған өзге адамдардың барлығы жылдық 5% мөлшерлемемен несие алуға өтініш бере алады.
Ал төлем қабілеттілігін растау үшін кейінгі 6 айдағы зейнетақы жарналары жарамды. Жеке кәсіпкерлер үшін өткен жылдың декларациясын ұсыну мүмкіндігі бар екен. Егер өтініш беру кезінде кезекте тұрған азамат жұмыссыз болса, онда қосалқы қарыз алушы ретінде жұбайын немесе басқа жұмыс істейтін тұлғаларды тартуына болады. Ал егер мүмкіндігі шектеулі азаматтың кірісі болмаса немесе жеткіліксіз болса, онда ол қосымша қарыз алушылар ретінде тек жақын туыстарын ғана емес, туған ата-анасын, асырап алған ата-анасын, асырап алған балаларын, бір ата-анадан туған және бір ата-анадан тумаған аға-інілері мен апа-сіңлілерін, сондай-ақ атасы, әжесі, немерелерін тартуына болады.
«Қазір үй алушының табыс мөлшерлемесі туралы анықтама талап етілмейді. Қатысушыларды іріктеу кезекке тұру күні негізінде жүргізіледі. Кезекте тұрғандардың екі санатына басымдық беріледі: мүгедектер және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар», дейді А.Әбішев.
Осылайша, облыс бойынша баспана тауқыметін тартып жүрген отбасыларға 71 пәтердің кілті табыс етілмек. Әлеуметтік тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 200 мың теңгеден аспайды. Пәтерлер Қарағайлы ауданынан және соған жақын орналасқан тұрғын үйлерден берілмек.