Елімізде қалың бұқараның толыққанды тұрмыс-тіршілігі үшін жыл сайын түрлі, тың бағдарламалар батыл енгізіліп, жүйелі жүзеге асырылып жатыр. Сондай бағдарламаның бірі – жалпыұлттық деңгейде дамып келе жатқан «Халықтық IPO» бағдарламасы.
2011 жылдан бастап қолға алынған халықтық IPO туралы ел арасында әлі де болса нақты түсінік қалыптаса қойған жоқ. Дегенмен, бұл терминнің мағынасы және оның жалпы қандай бағдарлама екені жөнінде түрлі ақпарат көздерінен білуге болады. Интернет желісіне зер салсақ, кейбір компаниялардың биржаға шығып, IPO өткізгені, сол арқылы бизнестің іргесін қалаушылардың миллиардер атанғаны туралы ақпаратты әрәдік көзіміз шалып қалады. Десек те жеке компанияның көпшіліктің компаниясына айналу үдерсінің артында не тұрғанын көп адам біле бермейді.
IPO (initial public offering – халыққа бастапқы бағада ұсыну) қандай да бір компанияның акциясын сату үшін көпшілікке бастапқы ұсыну, бұл жердегі «бастапқы» сөзі компанияның өз акциясын биржаға бірінші рет шығаратынын білдіреді. Өзінің акцияларын көпшілікке сатуға ұсынғанда компания IPO өткізеді. Ұйымның бұл тұрғыда мәртебесі өзгереді, яғни жеке компания көпшіліктің компаниясына айналады. Мұнда бәрі де ақшаға келіп тіреледі – компания қаржы тартуды мақсат тұтады. Қаражат қолға түскеннен кейін ол бизнесті дамытуға немесе инфрақұрылымның реинвестициясына жұмсалуы мүмкін. Компания акциясының жариялы түрде сатылымға шығуының тағы бір артықшылығы – ең үздік мамандарды тарта отырып, топ-менеджерлерге түрлі қызметтер ұсынуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ акциялар келісім жасау арқылы төлемнің бір бөлігін жабуға қолданылуы мүмкін.
Халықтық IPO бағдарламасы елімізде қор биржасы арқылы (KASE) жүзеге асырылады. Аталған қорда листингтен өткен 50-ге жуық ұлттық компаниялар бар. Бұл – кез келген ел азаматы осы компаниялардың құнды қағаздарын сатып алуға, компанияны басқаруға өз үлесін қоса алады және осы талабы үшін дивиденд арқылы пайда табу мүмкіндігіне ие болады деген сөз.
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында «Самұрық-Қазына» қорының активтері мен акцияларын жекешелендіруді жүзеге асыруға «Халықтық ІРО» тәсілін қолдануды алға тарта отырып, «Эйр Астана» компаниясының «Халықтық IPO» шарасын жүргізуі, QazaqGaz компаниясын нарыққа шығаруға дайындау, сондай-ақ ірі компаниялардың мемлекеттік активтерді өткізуі жөнінде тапсырма берген еді. Үкіметтің мақсаты активтерді басқарудағы ашықтық пен тиімділікті арттыру екені белгілі, ал инвесторлар мен компаниялар бұдан қандай пайда табады? Енді осы маңызды мәселені халықтық IPO бағдарламасына енген бірнеше компанияның мысалында кеңірек қарастырып көрелік.
Нарыққа 2006 жылы бірінші болып еліміздегі ең ірі телекоммуникациялық компания «Қазақтелеком» шықты. IPO 2022 жылдың желтоқсан айында өтті және бұл шара барысында «Самұрық-Қазына» 4,6% жай акцияларын сатты. Тұрғындар «Қазақтелеком» акцияларын жалпы сомасы 12,2 млрд теңгеге сатып алды, әр акцияның орташа бағасы 30 560 теңгені құрады. «Қазақтелеком» акциялары шұғыл самғауды да, күрт құлдырауды да бастан өткерді. IPO-дан кейін акция құны бірден 52 мың теңгеге дейін өсіп кеткен, содан 6 мыңға дейін төмендеген кездері болды. 2023 жылғы 7 қыркүйектегі жағдай бойынша акцияның бағасы – 33 300 теңге.
Араға 6 жыл салып, 2012 жылы республикадағы ең ірі мұнай құбыры компаниясы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның акциялары биржаға шығарылды. Нәтижесінде, компания 28 млрд теңгеге жуық қаражат тарта алды, бұл ретте орналастырылған акциялардың 79,1%-ы бөлшек инвесторлардың үлесіне тиді. Компанияның осы саладағы табыстары «Қазақтелекоммен» салыстырғанда қарапайым көрінуі мүмкін, дегенмен бағалы қағаздардың қилы бағасы мен олардың инвесторлар үшін түрлі қолжетімділігін әсте естен шығармау керек.
2014 жылы Қазақстандағы электр желілерінің операторы «KEGOC» АҚ IPO-ға шықты. Нәтижесінде, 40 мыңға жуық қазақстандық компанияның акционерлері болды, ал кәсіпорын өзіне 13 млрд теңгеден аса инвестиция тартты. 2023 жылғы 7 қыркүйектегі жағдай бойынша компанияның 1 акциясы 1 575,59 теңгені құрайды.
2018 жылы Қазақстанның ұлттық атом компаниясы IPO-ға өз акцияларын ұсынды. «Қазатомөнеркәсіп» Лондон қор биржасында (LSE) 15% акциясын және Халықаралық қаржы орталығында (AХҚО/AIX) 5%-ын сатты. Қазақстандық инвесторлардың үлесі 47% болды, ал акциялардың жалпы көлемі 451 млн долларды құрады.
Бір жылдан аз уақыт бұрын, 2022 жылдың желтоқсанында «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай-газ компаниясы халықтық IPO шарасын ұйымдастырды. Инвесторларға 153 млрд теңгеден аса сомаға акциялар сатылды. Оның 74,6 млрд теңгесін азаматтар (48,5%), қалғанын қазақстандық заңды тұлғалар (47,2%) және шетелдік жеке және заңды тұлғалар (4,3%) сатып алды.
Премьер-министр Әлихан Смайылов 6 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында атап өткендей, 2023 жылдың соңына дейін «KEGOC» АҚ-ның 5%-ға дейінгі үлесін қайта биржаға шығару жоспарланған. 2024 жылы «Эйр Астана», 2025 жылы QazaqGaz, «Қазақстан темір жолы», «Самұрық-Энерго» қор нарығына шығады. Сонымен «Самұрық-Қазына» қорының IPO-ға шығуы жоспарланған ірі активтерінің тізімі түгесіледі. Бұл іс-шаралардан не күтуге болады?
Сарапшылар «KEGOC» АҚ-ны халықтық IPO-ға шығару туралы шешімді компания үшін қосымша шығынсыз капитал тартудың тиімді жолы деп бағалайды. Бұл жөнінде экономист Эльдар Шамсутдинов «Капитал» газетіне берген сұхбатында айтты. Сарапшы инвесторлар үшін жақсы даму келешегі бар деп біледі: «Компания акцияларының өсу әлеуеті қалыпты, өйткені оның негізгі қызметі – электр энергиясын ұлттық электр желісі арқылы тасымалдау қандай жағдайда да маңызын жоғалтпайды», дейді.
Қазақстандық ең ірі «Эйр Астана» әуе компаниясының IPO-ға шығуының кешігуі компанияның екі акционері – сәйкесінше 51% және 49% үлеске ие «Самұрық-Қазына» және британдық BAE Systems компанияларының акцияларды саудаға шығару тәртібі бойынша ұзақ уақыт келісе алмауына байланысты орын алды. IPO үшін кім, қанша акциясын сатуы керек деген мәселеде тараптар ортақ мәмілеге келе алмады. Үлгі әлі де анықталған жоқ, дегенмен компания нарыққа акцияларды 50%-ға дейін шығаруды қарастыруда және кез келген жағдайда акциялардың жалпы алғандағы 51%-ы қазақстандық резиденттерде – жеке немесе заңды тұлғаларда қалуы керек деген ұстанымда.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жанәділ атап өткендей, IPO өткізу үшін қолайлы кезеңдердің бірі 2024 жылдың сәуір-мамыр айлары болып саналады және 3 алаң – KASE, AIX және екінші акционердің британдық шығу тегін ескере отырып, бір халықаралық алаң қарастырылуда.
– «Эйр Астана» IPO-ға толығымен дайын. Оның 2022 жылғы нәтижелері – айтарлықтай, кірісі 1 млрд доллардан асады. Таза пайда шамамен 80 млн долларды құрайды. Бұл – оның бүкіл тарихындағы рекордтық көрсеткіш, – деді Е.Жанәділ.
«Самұрық-Энерго» энергетикалық холдингіне келсек, әңгіме «Самұрық-Энерго» компаниясының 2022 жылы жеке құрылым – Qazaq Green Power компаниясына бөлінген жасыл активтер портфелі туралы болып отыр. «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Серік Түйтебаев атап өткендей, компания бірнеше себеппен құрылды. «Біріншіден, жасыл экономикаға кең көлемді инвестиция тарту қажеттілігін қанағаттандыру. Екіншіден, халықаралық инвестициялық қауымдастықтың көмір өндіруге деген сұранысының төмендеуі байқалады. Үшіншіден, көмір компанияларының бағалы қағаздарына сұраныстың төмендеуі білінген жағдайда IPO өткізу мүмкіндігіне ие боламыз», деді С.Түйтебаев.
«Қазақстан темір жолы» теміржол операторының IPO-сы да 2025 жылға жоспарланған, дегенмен ұйымдастырушылар акционердің қарыз сомасы үш жылдық пайдадан аспауы үшін алдымен қарызды азайту керек екенін алға тартып отыр. Сонымен қатар ҚТЖ-ның қысқамерзімді және ұзақмерзімді қарызының айтарлықтай бөлігі АҚШ долларында көрсетілген, бұл компанияны валюта бағамының тұрақсыздығына тәуелді етеді. Айталық, 2022 жылы ҚТЖ бағамдық айырманың кесірінен 34,1 млрд теңге көлемінде шығынға ұшырады. Сондықтан IPO кейінге шегерілуі әбден мүмкін.
Бұрын «ҚазТрансГаз» ҰК» аталып келген QazaqGaz ұлттық газ компаниясының дайындығы ойдағыдай. Компанияның өзі де, сарапшылар да аталған мерзімге әзір екенін айтады. Бұл ретте акциялар пакетін орналастыру үлесі «ҚазМұнайГаз» кезіндегі сияқты 3%-дан басталады деп болжануда. Болжамдардың қаншалықты орындалатыны алдағы екі жылда белгілі болады.
Қазақстан Үкіметі 2011 жылы қалыптастырған халықтық IPO-ға үміткерлердің бастапқы тізімінен 2 компания қалыс қалып отыр. Олар – 2013 жылы ЖШС болып өзгертілген «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «ҚазТеңізТрансфлот» ұлттық теңіз тасымалдаушысы және «Қазтеміртранс» компаниясы. «Қазтеміртранс» – жүк вагондары паркінің ірі операторы, «Қазақстан темір жолының» еншілес кәсіпорны. Компания ҚТЖ бас ұйымымен бірге IPO-ға үшінші кезекте шығады деп жоспарланған еді, бірақ бұл жоба кейінге қалдырылған сыңайлы. Оны ҚТЖ ішкі қарыздарын өтеп, реттеп болған соң қайта қарауы әбден мүмкін.
ІРО халықтық болғаннан кейін оған мықты, тұрақты табыс әкелетін компаниялар шығуы қажет. Өйткені бағдарламаның бір мақсаты – халықтың инвестициялық сауатын көтеру болса, екінші мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрғындарға депозит не жылжымайтын мүліктен басқа табыс алып келетін қосымша қаржы құралын ұсыну. Сондықтан да «Халықтық ІРО» кезінде мықты компаниялардың, яғни қазіргі дағдарыста тәуекелі жоқ компаниялардың бағалы қағаздары шығарылады. Басқаша айтқанда, «Халықтық ІРО-ға» шығарылатын компаниялар – қор нарығында «көгілдір фишка» деген атауға ие мықты компаниялар. Қорыта келгенде, «Халықтық IPO» – азаматтарға табысты кәсіпорындардың акцияларына ие болып, содан пайда табу мүмкіндігі; мемлекеттік компанияларға қаржыларын өндіріс пен кәсіпорынды кеңейтуге және дамытуға, жаңғыртуға салу мүмкіндігі; инвесторлардың санын көбейту және жаңа инвесторлар тартумен қатар, құнды қағаздар нарығын дамыту мүмкіндігі.