Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президенттің айтуынша, адам капиталының сапасын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет.
«Еліміздің ғылыми және академиялық қауымдастығының барлық өкіліне қарата айтқым келеді. Қазақстанның ертеңі қандай болады, қаншалықты жаңашыл әрі озық елге айнала аламыз? Бұл сіздердің идеяларыңызға, зерттеулеріңізге, жұмыстарыңыздың нәтижесіне, ашқан жаңалықтарыңызға тікелей байланысты. Баршамыз күш жұмылдыра отырып, Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғылыми және технологиялық орталыққа айналдыра алатынымызға сенемін», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізген нәтижеге тоқмейілсіп, көрсеткіштермен мақтанбауымыз керек. Керісінше, жаңа мақсаттарға жету үшін тынымсыз еңбек етуіміз қажет.
«Әлемдік бәсеке күшейген кезеңде біз әрдайым жеңімпаз болуымыз керек. Қазақ халқы қандай жағдай болса да, өркениет көшінен қалмауға тиіс. Тарихымызда қилы қасіретті бастан өткердік. Осы бақ-қуатты өмірге жету үшін талай зобалаңды көрдік. Өркениет бізге өздігінен келмейді. Оны өздеріңіз де түсінетін шығарсыздар. Оған қол жеткізу үшін қоғам жұдырықтай жұмылып, күш біріктіруі қажет. Ғалымдар, технологтар, кәсіпкерлер, білімді азаматтар, тіпті, студенттер де ортақ іске атсалысқаны жөн», деді Президент.
Айта кетейік, Президент ғылыми қауым алдында сөйлеген сөзінде бүгінде түрлі мемлекеттер арасында технологиясы озық ел болу үшін қарқынды күрес жүріп жатқанын атап өтті.