• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 13 Қыркүйек, 2023

Қате декларацияны қалай түзетеміз?

405 рет
көрсетілді

Жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңінің аяқталуына 1 күн ғана қалды. 250.00 нысанды активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, оның ішінде директорлар кеңесінің мүшелері, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынады.

Декларацияны электронды түрде тапсыру мерзімі 2023 жылдың 15 қыркүйегінде аяқ­талады. Декларацияны мына ресурстарда тапсыруға болады: salyk.kz «Салық төлеу­шінің кабинетінде», Egov.kz электрондық үкімет порталында және e-Salyq Azamat, eGov mobile, HALYK BANK мобильді қосым­ша­ларында.     

Көпшілік атқаратын шара болғаннан кейін ірілі-ұсақ­ты қателіктердің кететіні заң­дылық. Осы ретте көп адам Мемлекеттік кірістер коми­те­тіне «Мен 250.00 нысан­дағы декларацияға (жеке тұл­ғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларация) ақпаратты қате енгіздім, деректерді қалай қайтаруға немесе түзетуге болады?» деген сауал жолдап жатыр. Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің хабарлауын­ша, декларацияны 250.00 есеп­тілік нысанын «Са­лық төлеушінің кабинеті» ар­қы­лы («Салық өтініштері» бө­лі­мі, бұдан әрі «Салық есеп­тілігін кері қай­тарып алу тура­лы өтініш»); Egov порталы («Кеден және са­лықтар» бөлі­мі, «Салық салу»  бөлім­ше­сі, «Декларацияны кері қай­тарып алу» қызметі) арқы­лы кері қай­таруға немесе түзе­ту­ге бо­лады.

Декларацияны толы­ғы­мен кері қайтару келесі жағ­дай­ларда жүзеге асырылады: мерзімі, яғни декларация тап­сы­рылған есепті жылы дұрыс көрсетілмеген болса және дек­ларацияны тапсыру бо­йын­ша іс жүзінде ешқандай мін­деттеме жоқ болса.

«Егер сіз декларацияда қате жіберіп, салық органының кодын, резиденттік мәртебесін немесе салық есептілігінің тү­рін дұрыс емес көрсеткен бол­саңыз, онда түзету әдісі бойынша декларация кері қайтарып алынады (декларация жүйеде қалады және оны табыстау күні өзгермейді). Басқа жағдайларда, яғни сіз сан­дарда қате жіберген мәлі­мет­терді (кірістер, қолма-қол ақша, жылжымалы/жыл­жы­майтын мүлік және Қа­зақ­стан Республикасынан тыс­қары жерлердегі банктік шоттардағы ақша және т.б. туралы) толық көрсетпеген болсаңыз, айыр­машылықтың сомасын немесе көрсетілмеген ақпаратты «қо­сымша»  декларацияны табыстау арқылы түзете аласыз», делінген комитет жауабында.