– Ассалаумағалейкум, аға! – Уағалейкумассалам!– Қай баласың?– Астанадағы «Egemen Qazaqstan» газетінен хабарласып тұрмын, – деп едім, Пернебай ағаның дауысы жадырап: – Айналайын, сонау бас қаладан қоңырау шалып тұр екенсің, мың алғыс. Мен еліміздегі бас басылымның оқырманы ғана емеспін, тұрақты авторымын. Талай танымдық мақалаларым, эсселерім жарық көрді. Жасым ұлғайса да түгін қалдырмай оқимын, –деп ақтарыла жөнелді.Бала кезімнен жеткіншектерге арнап жазған шығармаларын сүйіп оқыған жазушымен екеуара әңгімеміз осылай басталды. Ауылда тұрып-ақ әдебиетіміздің қазынасын байытып, қаншама баланың санасына көркемсөз сәулесін түсірген сыршыл суреткермен кездесіп, әңгімелессе ғой деп ойлаушы едім. Соның сәті де орайымен келіп, қабырғалы қаламгермен өмір жолы мен шығармашылығы туралы әңгімелестік.
– Жалпы, ақын-жазушылардың дені өздерінің өмірбаяны туралы жазған естеліктерде немесе ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында сөз өнеріндегі алғашқы қадамдары бала күнінен басталғанын айтады. Бірақ сіз балалық шағыңызда бейнелеу өнеріне жақын болыпсыз. Соның әсері кейін атақты суретшілер туралы эсселер жазуыңызға түрткі болды ма?
– Солай десе де болады. Шынында да, бала күнімнен бейнелеу өнеріне жақын болдым. Мектепте сурет пәнінің мұғалімі болмаса да, сурет салуды ерекше ұнаттым. Оның себебі де бар. Ата-анам қой бақты. Қалың қардың көбесі сөгілісімен жайлауға шығамыз. Біздің ауылдың көктемі керемет. Жайқалған көк майса. Табиғат жаңа көйлек киген қыздай жасанып, құлпырып тұрады. Әсіресе алаулап атқаң таң, қаздай қалқыған бұйра-бұйра бұлттарды қызғылт нұрына шомылдырып батқан күннің сиқырлы бейнесі, өзен-көлдердегі құстардың алуан сазды қиқуы жан дүниемді ерекше әсерге бөлейтін. Осы ғажайып көріністердің бәрі бала болсам да маған шабыт берді, қанаттандырды.
Соғыстан кейінгі жоқшылық кезең. Бүгінгідей түрлі түсті бояумен шығатын кітаптар жоқ. Нансаңыз, сурет салатын ақ қағаз да қат. Әйтеуір пошта таситын майдангер Мошқал деген ағамнан газет-журнал ораған ақ қағазының артылғанын сұрап алып, соның жараған тұстарын суретке пайдаланамын. Тіпті Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романының желісімен тақырыптық суреттер салдым. Өкінішке қарай, солардың көбі сақталып қалмады. Бір-екі суретімді сұрап алғандар болды. Мәселен, «Құрманғазы» атты портретімді әйгілі «Ла Скала» театрында ән салған атақты әнші Амангелді Сембин аттай қалап алса, «Жайлау кеші» деген майлы бояумен салған пейзажымды жақын жиенім қиылып сұраған соң соған бердім.
– Бір сұхбатыңызда бала күніңізде салған суреттеріңіз еліміздегі ғана емес, сол кездегі одақтық балалар басылымында жарияланғаны туралы айтыпсыз. Соған кеңірек тоқтала кетсеңіз?
– Жетінші сыныпта оқып жүргенімде Алматыдағы республикалық «Дружные ребята» газетінде «Өзенде» атты картинам басылды. Одан кейін Мәскеудегі алты миллионға жуық данамен тарайтын «Пионерская правда» газетінде «Шопан отарында» атты қарапайым қара тушьпен салған суретім жарық көрді. Бұған төбем көкке жеткендей қуандым. Бұл басылым сол кездегі он бес одақтас республикадан бөлек, социалистік лагерь елдерінің барлығына тарайды. Осы картинам жас оқырмандардың қатты қызығушылығын туғызды. Аласа таулардың беткейінде қой жайып жүрген шопан мен киіз үй алдында самаурын қайнатып, ас қамдап жүрген ана бейнесі өзге елдің оқушыларына экзотикалық ерекшелігімен әсер еткен болуы керек. Содан маған жер-жердегі оқушылардан жүздеп емес, мыңдап хат келді. Таңданысымда шек болған жоқ. Енді оларға жауап беруім керек. Мектептегі орыс тілінен беретін Қазбек Кенжағалиев есімді ұстазым маған орысша хаттың үлгісін жазып берді. Соны жан-жаққа жібердім.
Бұл оқиға ауылдан асып, ауданға жетті. Бір күні үйге аудандық «Социалистік шаруа» газетінің редакторы Ұзақбай Төлеуов келді. Жылы жүзді адам екен, мені әңгімеге тартып, бес жүздей хатты облыстық газетке алып кетті. Сөйтіп, сол кездегі «Еңбек туы» газетінің белді тілшісі Анарбек Айтбаев мен туралы жарқыратып «Хаттар сыры» атты бір беттік мақала жариялады. Қызықты жазылған материал болғаннан кейін бе, облыс көлеміндегі біраз баладан тағы хат алдым.
Солардың ішінен кеңестік кезеңде өте танымал болған жас қыздың тағдыры туралы түсірілген «Рита» атты көркем фильмдегі бас кейіпкерді сомдаған, Латвия астанасы Рига қаласында тұратын 7-сынып оқушысы Анна Шметковадан келген жып-жылы сезімге толы хатты бөліп айтар едім. Сондай-ақ мәскеулік Галя Трухина, читалық Лида Ефимова, еревандық Эльмира Акопян, өзіміздің елден Амангелді Кенжебековтердің мазмұнға толы хаттары да есімде қалды.
«Жайлау кеші» атты туындымды Чехословакияның Братислава қаласында тұратын оқушы Дуня Пенкалова жіберген майлы бояумен салдым. Түсі қанық, сапалы бояу екен, суретім өзіме қатты ұнады. Алайда бейнелеу өнерін таңдауымды отбасым мен үлкен немере ағам онша қалаған жоқ. Олар менің Алматыдағы зооветеринарлық институтқа түсуімді жөн көрді. Сонда да суретшілікпен әуесқойлықпен айналысып жүрдім. Кейбір суреттерім сол кездегі «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарияланды.
– Аса көрнекті қылқалам шебері Орал Таңсықбаев туралы жазған тамаша эссеңізді оқыдым. Соны жазу үшін сонау Ташкентке барып, суретшімен жүзбе-жүз кездесіпсіз, сол сапардан алған әсеріңізді тағы бір есіңізге түсірсеңіз?
– Мен КСРО халық суретшісі, КСРО көркемсурет академиясының толық мүшесі Орал Таңсықбаевтың есімін бала күнімнен білемін. Өйткені біздің үйде суретшінің «Туған өлке» атты картинасы ілініп тұратын. Қырда гүл теріп жүрген қыздар, оның ар жағынан таудың сұлбасы ағараңдайды. Етегінде жасыл желекке оранған ауыл. Ғажап туынды. Кейін Алматыға оқуға келдім. Қазіргі Ұлттық кітапханаға жиі барамын. Сонда көрнекті қылқалам шеберінің сол жылдары басылған сурет-альбомын көріп, туындыларымен одан әрі жақын таныстым. Негізі, Орал Таңсықбаевты ұлы пейзажист ретінде бағалаймын. Табиғат құбылыстары мен сұлулығын өте шебер бейнелейді. Мен ол кісіні жазғанға дейін «Лениншіл жас» газетінде Леонардо да Винчи, Сикейрос, Коненков, Левитан, Рылов секілді әлемдік өнер алыптары мен өз еліміздің біртуар перзенттері Шара Жиенқұлова, Айша Ғалымбаева, Әбілхан Қастеев туралы эсселерім мен мақалаларым жарияланған еді.
Бір күні көшеде Шерхан Мұртаза ағамызбен жолығып қалдым. Хал-жағдай сұрасқаннан кейін, бірден сұраққа тартты.
– Мен сені Ташкентке іссапарға жіберсем, барасың ба?
– Барамын.
– Онда Орал Таңсықбаев деген қазақтың ғажайып суретшісі тұрады.
– Білемін, – деп жауап бердім. Шерағаң «онда жүр» деп мені ертіп алды да, өзінің орынбасары Қалдарбек Найманбаевқа алып барып, сол жерде іссапар мәселесін қолма-қол шешіп берді. Ол кезде мен университеттің соңғы курсында оқитынмын. Дипломымды қорғап қойғам, яғни, бес минутсыз маманмын. Сондай-ақ «Лениншіл жас» газетінің штаттан тыс тілшісімін.
Шіліңгір шілде. Күн жанып тұр. Ұшақтан түскеннен кейін бірден Орал ағаның үйіне бардым. Өзбекстан үкіметі суретшіге үлкен қамқорлық көрсетіп, екі қабатты зәулім үй салып берген. Есікті үй иесінің өзі ашып, жылы қарсы алды. Елизавета Яковлевна есімді жеңгеміз мол ет асып қойыпты. Әңгімелесіп отырып, соны жедік. Алдымен аға музейімен таныстырып, шығармашылығы туралы жазылған газет-журналдарды оқуға берді. Халықаралық көрмелерге қатысқанда өзі жайында айтқан аузы дуалы тұлғалардың пікірлерін көрсетті. Соларды оқып, біраз мәлімет алдым. Жалпы, біртуар тұлғалармен сырласудың жөні бөлек екендігін түсіндім.
Жексенбі күні Орал аға сүйріктей сұлу «Волгасымен» табиғат аясына алып шықты. Шыршық өзенінің жағасына барып демалдық. Балық ауладық, суретке түстік. Алаңсыз әңгімелестік. Ол кісі Мұхтар Әуезовпен жақын дос болған. Мұхаң кезінде Оралды Алматыға шақырып, қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының суретшісі етіп, қызметке орналастырған. Бірақ ол кісі аталған өнер ордасында бір-екі жыл ғана істеп, Ташкентке қайтып оралған. Опера және балет театрында аз ғана уақыт жұмыс істесе де «Қалқаман – Мамыр» атты алғашқы қазақ балетіне арналған костюмдер үлгілерінің суретін салған. Ағамен оңаша қалып әңгімелескенде Алматыдан неге кетіп қалғаны туралы сұрадым, сонда ол кісі: «Біріншіден, ағайындардың қызғанышы себеп болды, екіншіден, қонаққа жиі барып, шығармашылықпен айналысуға ешқандай мүмкіндік болмады», деп жауап берді. Сөз арасында Әбілхан Қастеевпен жақын араласқанын айтты. Елизавета жеңгеміз өте сыпайы, мәдениетті адам екен. Кешкілік мені есік алдына серуендеуге алып шығып, сонда Орал ағаның қиындықпен өткен балалық шағы мен бауырлары туралы айтып берді. Үшінші күні суретші шеберханасына қондым. Сөйтіп, атақты суретшімен қимай қоштасып, ол кісі мені бетімнен сүйіп, шығарып салды. Алматыға келгеннен кейін «Тау мен дала жыршысы» атты үлкен эссе жазып, «Лениншіл жасқа» жарияладым. Шерхан аға дән риза болып, газет лездемесінде мақтады. Содан кейін Орал ағаға Мұхтар Әуезовтің қолдан жасаған мүсіні мен Күләш Байсейітованың даусы жазылған пластинканы салып жібердім. Кейін Елизавета жеңгеймен телефонмен сөйлескенде суретші ұлы Мұхаңның мүсінін сүйіп жылап алғанын, Күләш апаның дауысы жазылған пластинкаға риза болғанын жеткізді.
– Арменияға да барып, Мартирос Сарьян туралы да жаздыңыз...
– Жас кезінде адам арманшыл болады ғой. Студенттік шәкіртақымды жинап, Кисловодскіге 20 күн демалуға бардым. Демалысым аяқталғаннан кейін Ереванға ұшаққа билет алып, шығармашылығын жоғары бағалайтын армянның ұлы суретшісі Мартирос Сарьянды іздеп бардым. Оны халқы «Біздің Варпет» деп ерекше қастер тұтады. Ереван – тарихи орындар мен ескерткіштерге өте бай шаһар. Қаланы армансыз араладым. Армяндардың айтулы тұлғалары жерленген пантеонды көрдім. Содаң соң Мартирос Сарьянның музейіне келіп едім, суретшінің көрмесі өтіп жатыр екен. Келушілер өте көп. Билет жоқ. Көрмеге мені кіргізбеді. Музей қызметкеріне өзімнің Қазақстаннан келгенімді айтып, «Лениншіл жас» газетінің штаттан тыс тілшісі деген қып-қызыл куәлігімді көрсеттім. Ол ішке кіріп кетті де, бір жас жігітті ертіп шықты. Армения үкіметі Мартирос Сарьянға көзі тірісінде-ақ екі қабатты музей салып берген. Сонда көрнекті қылқалам шеберінің бірінен-бірі өткен ғажайып картиналары қойылған. Әлгі жігіт музей директоры екен, жылы амандасып, мені Сарьянға ертіп барды. Ұлы суретшіге сәлем беруге Ереван драма театрының бір топ әртісі келіп отыр екен. Кездесуіміз 20 минуттай уақытқа созылды. Сол кезде оның жасы 89-да болса да, тың көрінді. Оған Қазақстаннан келгенімді айтып едім, «Қазақстаннан ба?» деп күлімсіреп, қолымды алды. Музей директорына иек қағып, кішкентай вокалға коньяк құйғызды. Негізі, жас күнімнен арақ-шарап татып көрген емеспін, бірақ атақты тұлғамен соғыстырып тартып жібердім. Сосын оған жастар газеті атынан келгенімді айтып, «қолтаңбаңызды бересіз бе?», деп едім, әдемі қаламсабын алып «Қазақ жастарына үлкен қуаныш, бақыт тілеймін!» деп жазып берді. Алматыға оралғаннан кейін Армениядан алған әсеріммен «Шуаққа іңкәрлік» деген эссе жаздым.
– Ұзақ жылдар білім саласында қызмет еттіңіз. Соның шығармашылығыңызға да әсері болған секілді. Өзіңіз осы жағынан ұттым деп ойлайсыз ба?
– Мектепте еңбек еткен жылдарымның ұтыс жағы да, ұтылыс жағы да болды. Бойдағы жастық жігер қуатын мектепке аямай жұмсадым деуге болады. Озат ұстаз атандым. Қазақ КСР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасының, КСРО-ның жоғары дәрежелі Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері болдым. Іс-тәжірибем «Мектеп» баспасынан кітапша болып басылды. Облыстық білім жетілдіру мекемесі арнайы плакат шығарды.
Ал мектепке келген күннен бастап балалармен етене араластым. Сурет, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім. Оларға бейнелеу өнері, классикалық музыка, ұлттық, дәстүрлі музыка бағытында тәрбие беруге ынта қойдым. Мектепте көңілділер, күлдіргілер клубы жұмысын ұйымдастырдым. Бұл ауыл өміріне үлкен жаңалық әкелді. Осыны тамашалауға келген адамдар клубқа лық толатын. Мұхтар Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыландысын», Оразбек Бодықовтың «Қарақұм трагедиясын» сахналадық. Оларды аудан орталығында, сахналары кең ауылдарды аралап жүріп қойдырдық. Балалар өмірімен біте қайнасу менің көптеген шығармама арқау болғаны ақиқат. Әсіресе кезінде аса мол тиражбен басылып шыққан «Кішкентай генералдар» жинағыма енген повестер балалар өміріне тән небір хикаялар, қызықтар, мінездер алуандығы көп әсерін тигізді. Олардың қатарында «Кішкентай генералдар», «Біз, Төлепбек атай, самолет командирі және Пальма», «Сары Сөмке және оның достары», «Саят» секілді повестерім бар.
– Ұлағатты ұстаз ретінде балалар тәрбиесі туралы не айтасыз?
– Жалпы, балалар өмірі, балалар тілі бөлекше бір әлем. Осы мектептегі жылдар беделінде сан мыңдаған оқушылармен кездестік, тілдестік. Олардың небір қызықтарының, аңқау, албырт тірліктерінің шалдуарлықтарының, тентектіктерінің куәсі болдық, небір періште сезімді балалардың мінездеріне қанықтық.
Жетпісінші, тоқсаныншы жылдары мектепте оқыған балалар мен олардың ата-аналары да бүгінгі дәуірдегі ұрпақ пен ата-аналарынан мүлде бөлек, жер мен көктей айырма бар.
Соңғы төрт-бес жыл көлемінде, ұмытпасам, Қызылорда облысының бір ауылының мектебін ертеректеу бітірген ең тентек балалары намысына, шамына тимей, бірақ еш жерін көгертпей жұмсақ жерден мықтап жазалайтын қатыгез емес қатал әрі әділ ұстазына мектеп бітіру салтанатында жеңіл автокөлік сыйлап таңғалдырыпты. Сөйлегенде бұла мінезімізді бұғалықтап, теріс тірлігімізді шектен шығармай, қайырмалап, қалыпты арнаға салуға жүйкесін де, күшін де аямаған аяулы ұстазымызға мың алғыс деп сөйлепті.
Жасырып, жабатыны жоқ, осы күні де менің «қазақи» мектебімнен аз-кем өткен тентек шәкірттерім кездескен жерде құшақтап, бетімнен сүйіп, шұрқырап амандасып жатады. Өткен-кеткенді айтып, мәз болып, естеліктер айтысып, бір жасап қаламыз. 35, 40, 45 жылдық мектеп бітіру кештеріне шақырып, төріне шығарып, құрмет қылып, сый-сияпаттарын жасайды. Қазір әлдеқалай дауыс көтеріп, қатаң сөйлесең, телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге салады да, соттың алдынан бір-ақ шығарады. Жақында небәрі жетінші сынып оқушысының өз ұстазын сабақ үстінде бейпіл сөзбен балағаттағанын көріп, бас шайқастық.
Қазір уақыт тым күрделі. Өткен жолы Мемлекет басшысы Түркістандағы Ұлттық құрылтайда еліміздегі білім жүйесі мен балалар тәрбиесіне ерекше тоқталды. Шынымды айтсам, бүгінгі жастардың өмірге деген таным-түсінігі, көзқарасы басқа. Оқушылар санасын әдеби көркем шығарма мен газет-журналдағы танымдық дүние емес, ұялы телефонның қызықтары жаулап алды. Мұның алдын алмаса, қоғам тығырыққа тіреледі.
– Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Алматыда қалуға мүмкіндігіңіз болса да ауылға кетіп қалуыңызға не себеп болды?
– Менің қатарлас достарымның, замандастарымның кейбіреуі ауылға кетуіме көп таңданыс білдіреді. Әке-шешем жасы ұлғайып қалған адамдар еді. Екі інімнің үлкені студент, кішісі мектеп жасында болды. Ашаршылықтың бар азабын тартқан әкеммен бірге туған тоғыз ағайынды еркектің алты-жетеуі аштықтың құрбаны болған. Кешегі соғыс кезінде тылдың ауыр бейнетін көтерген әкем 1941 жылы 52 жаста екен. Үлкен әкеміз Аманжолдың Ұлбике, Өтебике деген әйелдерінен бес-бестен ер бала болған. Шешелеріміз қыз тууды армандап өткен. Сол кенже туған ер балаларына кекіл қоймай, екі шекесіне тұлымшақ қойып, ырымдайды екен.
Сенсеңіз, сол он еркек кіндіктен бүгінгі күні екеуінен ғана ұрпақ тараған. Үлкен анамыздың ұлдарының алды келін түсіріп, немерелі де болған. Бірақ ашаршылық аранының тойымсыз көмейі оларды талғаусыз жұта берген ғой. Сондықтан да елге келгенімді әкем де, шешем де құп көрді.
– Алматыда қалғанда бұдан да зор дүниелер жазар едім деген өкінішіңіз бар ма?
– Белгілі дәрежеде мен өзімнің қайратымды, интеллектуалдық күш-жігерімді шашыратып алғанымды мойындаймын. Лупаға түскен күннің шоғыр сәулесі шоқ болып түсіп, астындағы дүниені өртеп жіберетіні ақиқат. Ұстаздық, қоғамдық жұмыс, басшылық, отбасылық жағдайым шығармашылығыма біраз кедергі болғандығы шындық. Былайша айтқанда, бойдағы күшті бір нысанаға бағыттай алмағаныма өкінемін.
– Қазір не жазып жүрсіз?
– Көркем әдебиетте новеллалы роман деген бар. Оның үлгісі украин жазушысы Олесь Гончардың «Тронка», О.Генридің «Корольдар мен капуста» секілді новеллалық романдарынан белгілі. Бүгінгі таңда мен әр алуан сипаттағы оқиғалар жиынтығынан құралған роман-мозаиканы аяқтап қалдым. Әрине, «роман-мозаика» деген сөз құлаққа сәл тосындау естілуі мүмкін. Соңғы жылдары «Жетінші купе», «Антихибакусия», «Ұйық», «Үшем», «Құлпытас», «Алтын мүйізді киік», «Операция» секілді әңгімелерім бірқатар газет-журналда жарық көрді. Сондай-ақ Абайдың «Ескендір» дастаны негізге алынған трагедиялық бір актілі «Ескендір» атты драмам екі бірдей басылымда жарияланып, халық театрлары арасындағы байқауда бірінші орынды иеленді.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен –
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»