«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы өңірлерді аралап жүр. Бұл пойыз 26 сәуірде Алматы-2 стансасынан жолға шыққан. Содан бері Алматы, Жетісу, Абай, Ұлытау, Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Маңғыстау, Атырау облыстарындағы 70 бекетке тоқтаған.
Медициналық пойыздың бас дәрігері Айнұр Игенбаеваның айтуынша, «Саламатты Қазақстан» пойызы – шалғай елді мекендердегі тұрғындарға көмек көрсететін арнайы жоба. Құрамында 8 вагоны бар. 4 вагон медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Еліміздің шалғай стансаларында тұратын 92 049 адам жүгінген. Оның ішінде 45 710 адам медициналық тексеруден өткен. Көмек алушылардың 10 520-сы – балалар. Дәрігерлер бес айда пойызда 5 377 рет шағын хирургиялық операция жасаған. Ал психологиялық және құқықтық кеңес алушылардың саны 5 572 адамды құрап отыр.
Бұл пойыз Атырау облысына 2 қыркүйекте келді. Мұнда 8 елді мекенге аялдайтыны көзделген. Алдымен Жылыой ауданындағы Толтыр, кейін Құрманғазы ауданында орналасқан Ақкөл стансасына тоқтады. Ал Исатай ауданындағы Исатай стансасы – үшінші бекет. Мұнда 5-7 қыркүйекте тұрғындарға тегін медициналық көмек, психологиялық, құқықтық және медиативтік кеңес берілді. Ауыл тұрғындары терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, невропатолог, гинеколог секілді білікті дәрігерлердің кеңесін алып, тегін тексеруге жүгінген.
«Басты мақсатымыз – тұрғындарға тегін қызмет көрсету. Медициналық пойызда биохимиялық талдау, флюрография, ішкі ағзалар мен тамырлардың УДЗ, электрлі кардиограмма және диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік қарастырылған. Біздің құрамдағы тәжірибелі мамандар тұрғындардың кез келген сауалына кәсіби тұрғыдан толық кеңес берді. Дәрігерлер тексеруінен өткен тұрғындарға қорытындысы сол сәтте қолына беріледі», дейді А.Игинбаева.
Жылжымалы медицинаның дәрігеріне жүгінгендердің қатарында Әліп Қайтақпаев та бар. Исатай стансасында тұратын ол дәрігерлерге әйелімен бірге келген.
«Біз шалғай ауылда тұрамыз. Қаладағы дәрігерлерге бару үшін жолкіресіне қаржы қажет. Бірақ денсаулықты ойлап, алаңдап жүреміз. Міне, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының шалғай ауылға келіп, әйелім екеуміз дәрігерлердің кеңесін алдық. Бұл – біз үшін үлкен қолдау», дейді Ә.Қайтақпаев.
Аққыстау ауылы – «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы тоқтаған бесінші бекет. Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаевтың айтуынша, мұнда 10 648 адам тұрады. Аудан тұрғындарына бір ай бұрын медициналық пойыздың келетіні хабарланған.
Тұрғындар терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, невропатолог, акушер-гинеколог секілді дәрігерлердің кеңесін алып, тегін тексеруден өтті. Осының өзінен тұрғындардың денсаулығын күтуге жауапкершілігінің артқаны байқалады.
«Біздің дәрігерлер сырқаты бар жандарды еш кедергісіз қабылдайды. Ауыл тұрғындары стоматологтің көмегіне көбірек жүгінді. Невропотолог пен хирургтің қабылдауына, УДЗ-ге түсуге келген тұрғындар көп», деп мәлімдеді А.Игенбаева.
Мәселен, Күлайым Әбдіренова Аққыстау ауылында көптен тұрады. Оның ауылынан Атырау қаласына баруы үшін жарты күн қажет.
«Қалаға жеткен соң емхана барып, кезекке тұру керек. Бір күнде шаруа біте қойса, жақсы ғой. Кейде екі-үш күнге кідіруге тура келеді. Көптен ауыратын тісім бар еді. Соны жұлдырып шықтым. Дәрігерлер мейірімді, қолы жеңіл екен. Облыс орталығынан алыстағы ауыл тұрғындары үшін осындай дәрігерлер жиірек келгенін қалаймыз», деді ол.
Атырау облысы