• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Бизнес 15 Қыркүйек, 2023

«Даму» бастамаларды қолдайды

364 рет
көрсетілді

Мемлекет тарапынан қол­дау көрсетіліп отырған сала­ның қатарында кәсіп­кер­лік секторы да бар. Әсі­ресе шағын және орта биз­неске бет бұрғандарға «Даму» қоры арқылы демеу көрсетіліп келеді.

«Даму» қорының Атырау облыс­тық филиалы дирек­то­ры­ның орынбасары Ернар Жұ­ма­ғалиевтің мәліметінше, 2013 жылы бизнесті қолдау және дамыту бағ­дарламалары іске қосылғаннан бері несие сомасы 255,2 млрд теңге болатын 4 047 жобаға субсидия бе­ріл­ген. Кә­сіп­керлердің 3 276 жобасы «Даму» қорынан 35,4 млрд тең­ге­нің кепілдігін алған. Мұн­да­ғы несие сомасы 71,8 млрд теңгені құрайды.

«Кәсіпкерлердің «Пайыздық мөлшер­ле­мені субсидиялау» бағытымен 23,9 млрд теңгеден аса қаржыны құраған 428 жобаға қол­дау көрсетілді. «Кәсіп­кер­лікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға ар­налған ұлттық жоба» шеңберінде несие сомасы 14,4 млрд теңгеден аса 425 жоба бар. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» басым жобаларын несиелеу тетігімен құны 9,5 млрд теңгеден асатын 3, «Кепілдендіру» бағытымен 11,9 млрд теңгенің 388 жобасына қолдау жасалды. Кәсіп аш­қан кәсіпкерлердің жобасына бе­рілген кепілдік сомасы 5,8 млрд тең­ге­ні құрады», дейді Е.Жұмағалиев.

Мәселен, Ұлболсын Ерубаева «Риза» жеке кәсіпкерлігін құ­рып, неміс технологиясымен нан өнім­дерін пісіруді қолға алған. Бұл үшін Гер­мания­да шығарылған «Булки-Хауз» наубайханасының жаб­ды­ғын сатып, жалға алған орынға ор­нат­қан. Әрине, өзге елдің техно­логиясын игеру оңай емес. Сол себептен әуелі шетелдік тех­­но­логиямен нан пісіру әдісін зерттеп, кейін башқұр аспаздарынан кеңес ал­ған.

«Менің кәсібім ғимаратты ж­алдаумен басталды. Жеке ғи­ма­рат сатып алуға мүмкіндігім болмады. Өйткені це­реб­ральды сал ауруына шалдыққан балам бар. Оған ұдайы емдік курс алу қа­жет. Оны ұдайы қолдау үшін әлсіздік та­ныт­пауға бекіндім. Қазір екі жеке ас­паздық дүкенім жұмыс істеп тұр», дейді Ұ.Ерубаева.

Қазір оның аспаздық дүкен­дерінде нан өнімдерінің 30 түрі пісіріледі. Тұ­ты­ну­шыға тәтті және нірлендірілген өнімдердің 100 түрін ұсынады.

«Банктен алған несиеме «Биз­­нестің жол картасы – 2025» мем­лекеттік бағдар­ла­масы арқылы жылдық мөлшер­ле­месі 14 пайыздық субсидияға ие болдым. Қазір 6 пайызын ғана төлеймін. Айыр­масын мем­лекет субсидиялайды. «Даму» қорының кепілдігі несие сома­сы­ның 85 пайызын құрайды. Бұл – бізге үлкен қолдау», дейді Ұ.Ерубаева.

Осындай демеуді сезініп отырған кәсіп­кердің қатарында Гүлбану Ғайда­ро­ва да бар. Ол ұлттық нақыштағы той киім­дерінің салонын ашқан.

«Менің негізгі мамандығым – бастауыш сыныптардағы ағыл­шын тілі пәнінің мұғалімі. Алайда еңбек жолымды бас­тар сәтте алдымда екі таңдау тұрды. Бірі – мамандығыммен жұмысқа орналасу, екіншісі – той көйлектерінің салонын ашу. Өйткені бала кезімнен қуыршақ­тарға ақ матадан қалыңдықтың көй­легін тіккенді ұнатушы едім», дейді Г.Ғайдарова.

Бір қызығы, өзінің тойында киген қалыңдықтың көйлегі мен сәукелені сатып алмаған. Екеуін де өзі тіккен. Бұған, әрине, туыс­тары мен достарының бәрі таңданыс білдіріпті.

«Осыдан кейін ұлттық на­қыш­та киім тігетін шеберхана ашуға бел байладым. Қазір «Сырға салу», «Қыз ұзату» сал­тана­тына тапсырыс көп түседі. 11 жылдан бері ұлттық киім­дерді тігуді кәсіп етіп келемін. Атырау, Ақтау, Орал және Ақтө­бе қалаларынан тойға арнал­ған киімдердің салонын аштым. Кәсібімді өркендетуге «Даму» қоры арқылы ие болған 14 пайыздық субсидияның көмегі тиіп тұр. Қор 30,1 млн теңгеге кепілдік берді. Өзім банктік мөлшерлеменің 5 пайызын төлеймін», дейді Г.Ғайдарова.

Қордың кепілдігімен ісін жан­дандырып отырған Лаура Құс­манова да Атырау қаласының екі шағын ауданынан «Алтын сақа-1», «Алтын сақа-2» балабақшасын ашқан. Қазір екі балабақшаға 350-ге жуық бала барып жүр. Ғимараттар қа­жет­ті құрал-жабдықтармен, жиһаз­дар­мен, тұрмыстық техникамен, ойын алаңдарымен жабдықталған. Балаларға бес мезгіл тамақ беріледі. Оларға мектепке дейінгі сабақ қазақ және орыс тілінде «Қарлығаш», «Зерек бала» оқу жоспарымен жүргізіледі.

Енді кәсіпкер кәсібін кеңей­тіп, оқу-шығармашылықты бағыт­ты ұстанатын спорт орта­лығын ашуға бел байлапты. Мұнда спорттың түр-түрі мен биге, ас­пап­тық және ақпарат­тық технологияға баулитын үйірме­лер ашылады.

Ал «Grant med group» ЖШС стоматологиялық емхананы ашуды қолай көріпті. Өйткені кейінгі жылдары медицинаның бұл қызметіне жү­гі­нетіндер кө­бей­ген. Сол себептен «Даму­дың» демеуімен қызметін бас­та­ған жаңа инновациялық емхананың тұ­рақты келу­шілер шоғыры қа­лыптасқан.

 

Атырау облысы